Қазақстан климаттың өзгеруіне қалай тойтарыс бермек? Ұлттық саясат энергия өндірудің қоршаған ортаға зиянын азайта ала ма? Қоғам мүшелері қалалардың ауасы мен табиғи аумақтарды қорғау үшін не істеп жатыр? Ecoinfo.kz халықаралық және ұлттық мониторинг агенттіктері мен мемлекеттік органдардың Қазақстанның экологиялық ахуалына қатысты деректерін саралап шықты.
1. Инвестиция көп, көрсеткіш пен репутация нашар
Қазақстан 2022 жылы дүниежүзі елдерінің климат өзгерісімен күрес бойынша рейтингінде ең соңғы орын алды. 100 балдың 19,23-іне ғана ие болып, бір жыл ішінде 9 позиция төмен түсті. Сарапшылар елдерді 14 көрсеткіш бойынша бағалады, бұл көрсеткіштер төрт санатқа бөлінген: парник газдардың таралуы, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, энергияны пайдалану, климат саясаты. Осының ішінен жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша Қазақстан ең төмен балл алды – 2,54.
Бұл рейтингіде алғашқы үштікке ешқандай ел кірмеді. Төртінші орынды Дания (76,67 балл), бесінші орынды Швеция (74,22 балл), алтыншы орынды Норвегия (73,29 балл) иеленді. Сарапшылар Ұлыбритания, Марокко, Чили, Үндістан, Литва, Мальта, Германия, Финляндия, Швейцария, Португалия, Франция, Люксембург елдеріндегі ахуалды да жоғары бағалады.
Қоршаған ортаны қорғауға жыл сайын көп қаражат жұмсаса да, Қазақстан климат саясатының нәтижесі жөнінен дүниежүзі елдерімен бәсекелесе алмай отыр. Ranking.kz жобасының мәліметінше, 2022 жылғы алғашқы 3 айда елімізде экологияға бағытталған инвестиция көлемі 19,4 миллиард теңге болды, бұл бір жыл бұрынғы дәл осындай кезеңмен салыстырғанда 57% көп. 2021 жылғы қаңтар-наурызда 12,3 миллиард теңге жұмсалған.
Қазақстан өңірлері арасында экологиялық ахуалды жақсарту үшін негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі Жамбыл облысында көп: 9,5 миллиард теңге. Тіпті бұл – республика бойынша осы мақсатқа бөлінген инвестиция көлемінің жартысына жуығы. Өңір бір жылда экологияға бағытталған капитал көлемін 6,1 есе көбейткен. Осы сектордағы инвестиция көлемі бойынша Қарағанды (2,9 миллиард теңге) және Түркістан (2,3 миллиард теңге) облыстары да үштікке кіреді.
2. Декарбонизация: процесс қарқынды, үлес аз
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері мен су энергетикасы нысандары көбейгеніне қарамастан олардың экономикада көміртегіні азайту – декарбонизация саясатындағы жалпы үлесі өте аз. Шамамен 11%-дан сәл көп. Энергияны қажет ететін өндіріс салаларының бәрі әлі әлі де болса жылу электр станциялары мен газ турбинасы станцияларына тәуелді.
Дегенмен Қазақстан БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының Париж келісімі бойынша 2030 жылға қарай атмосфераға таралатын парник газдар көлемін бұрынғыдан 15% азайтқалы отыр. Экономика сфералары жаңартылатын көздер мен газ генерациясы есебінен алынатын энергияның үлесін бірте-бірте 5 есе (3% орнына 15%) арттырып, көмірден алынатын энергияны, керісінше, 70%-дан 40%-ға кемітеді. 2060 жылы энергетика мен өңдеу өнеркәсібі көміртегіні пайдаланудан түгел бас тартуы керек.
Қазір жаңартылатын энергия көздері дами бастады. Energyprom агенттігінің мәліметінше, 2021 жылғы 10 айда мұндай нысандар 3 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндірді, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 42,5%, ал 2017 жылғы көрсеткіштен 7 есе көп. 2021 жылғы қаңтар мен қараша аралығында Қазақстанның су электр станциялары 7,6 миллиард киловатт-сағат электр өнергиясын өндірді.
Сауда серіктестерінің саясаты бойынша Қазақстан келешекте тау-кен және металлургия кешенін көміртегісіз көздер өндірген электр энергиясына көшіруді мақсат етеді. Қазақстан электр энергиясы мен қуаты рыногы операторының (“КОРЭМ” АҚ) мәліметінше, электр энергиясын көп тұтынатын ірі кәсіпорындардың дені осы салада.
3. Лас қалалар: индекс жоғары, себеп көп
Қазақстан дүниежүзі бойынша қалалары әбден ластанған 35 елдің қатарына кіреді. Numbeo.com әртүрлі елдегі өмір құны мен сапасы туралы деректер базасы жасаған рейтинг бойынша 2022 жылы Қазақстан қалаларының ластану индексі 73,4 болды (33-орын). Индекс көп болғаны – экология ахуалы нашар деген сөз. 115 мемлекеттің арасында қалалары ең лас Камерун, Моңғолия мен Мьянма алғашқы үштікте. Камерунның ластану индексі – 93,1, Моңғолиянікі – 92, Мьянманың индексі – 89,6. Әлемдегі ең таза қалалар Финляндияда екен, бұл ел 12,1 индекспен рейтингінің соңында тұр.
ТМД елдері арасында Қазақстанның ахуалы Әзірбайжаннан ғана тәуір. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ауасы ең лас 10 қала деп Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкентті атайды. Бұл қалаларда экология ахуалының нашарлауына кәріз және су тазарту жүйелерінің тозуы, өнеркәсіп орындарының шаң тазартатын нысандарының жаңартылмауы, жылу қазандықтарында отынға көмір пайдаланылуы себеп. Қоқыс полигондарының санитария және экология талаптарына сай келмеуі, қатты тұрмыстық қалдықтардың қайта өңделмеуі, автокөліктердің көбеюі де жағдайды нашарлатып отыр.
Қазақстанның ең ірі қаласы Алматы коммуналдық қалдықты да бәрінен көп шығарады. 2021 жылы мемлекеттік органдар жүргізген “Халық өмірінің сапасы” аталатын статистикалық зерттеудің нәтижесінде Алматыдағы атмосфера ауасының да, ауызсудың да жағдайына тұрғындардың көңілі толмайтыны белгілі болды.
4. Экотуризм: насихат та, сақтық та бар
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы 26 миллион гектардан асады. Барлығы – 168 нысан, оның ішінде 15 ұлттық табиғи парк, 10 табиғи қорық, ауқымы мен мәртебесі әртүрлі 60-қа жуық қорықша, 10 резерват, 7 ботаникалық бақ, бірнеше дендрарий және басқасы бар. Бұл экотуризмі өте жақсы дамыған елдердікіне қарағанда ондаған есе көп, бірақ турист саны аз: жылына 2 миллион ғана. Іле Алатауы, Шарын және “Көлсай көлдері” ұлттық парктері – туристер ең көп баратын демалыс орындары. 2021 жылы Іле Алатауы паркінде 460 мыңнан астам, Көлсай көлдері аумағында 160 мыңнан астам адам демалған.
Соған қарамастан Қазақстан экология туризмін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рекреациялық шамасына қарай дамытуды қолға алып отыр. Салаға жауапты шенеуніктер мен ғалымдар мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, қорықтар мен қорықшалар және резерваттар аумағы бір мезгілде қанша адамның келуіне төтеп бере алатынын анықтауды мақсат етеді. Жоба бойынша табиғи парктерге туристер рекреация мүмкіндігіне қарай кіргізіліп, тынығушылардың бейберекет не шамадан тыс ағыны реттелуі керек.
Табиғи аумақтардың рекреациялық шамасы олардағы туризм инфрақұрылымы сапасына байланысты. Ұлттық парктерде жыл сайын туристерге мәлімет пен керек-жарақ ұсынатын, қонақ жайлайтын және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинайтын орындар ашылып жатыр. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғауды жетілдіру басым бағыт бола бермек.
5. Экоактивизм: аумақ тазалығы – негізгі бағыт
Қазақстанда экология саласындағы азаматтық белсенділік волонтёрлық қызметтің танымал бағыттарының қатарында. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің мәліметіне сүйенген Ranking.kz есебінше, 2021 жылы Қазақстанда барлығы 45 366 адам волонтёрлықпен айналысса, оның төрттен біріне жуығы осы салада жұмыс істеген. Елді мекендер аумағын көріктендірумен және тазалаумен 10 310, жануарларға көмек берумен 1 627, басқа да экология жобаларымен 1 111 волонтёр айналысқан.
Экология бойынша белсенділік волонтёрлықтың азаматтар көп уақытын бөлетін түрлеріне жатады. Айталық, 2021 жылы қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларға волонтёрлар бір айда 5 сағат қана уақыт бөлсе, жануарларға қамқорлық жасау ондаған адамның 2 тәулікке жуық уақытын алған.
Волонтёрлық – қоғамға пайдалы іспен ақы талап етпей айналысу. Қазақстанда мұндай азаматтық белсенділер саны жөнінен үш өңір алда: Нұр-Сұлтан, Солтүстік Қазақстан облысы және Алматы. Астанада 2021 жылы 13 097 волонтёр, Солтүстік Қазақстан облысында 6 730, Алматыда 3 971 адам тіркелген. Атырау облысында түрлі сала бойынша 60 адам ғана қоғамға өтеусіз қызмет еткені белгілі болды, бұл – Қазақстандағы волонтёры ең аз өңір.
Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.