Алматы экобелсенділері бұқаралық іс-шараларда әуе шарларынан бас тартуға шақырады

Бас тарту мәдениеті енді экология саласына да келді 
0
344
шар

Алматының эко қауымдастығы Recycle Birge эко қозғалысымен бірлесіп, халықты ірі және бұқаралық іс-шараларда әуе шарларын пайдаланудан бас тартуға шақырады. Еске сала кетейік, наурыз айының соңында Алматыда экобелсенділердің бастамасының және бей-жай қалмауының арқасында қаланың ірі сауда орталықтарының бірінде 5000 әуе шарының ұшырылуы тоқтатылды.

Бұдан бөлек эко-белсенділердің арқасында сауда орталығында шардан жасалған парсы мысығы түріндегі үлкен инсталляция орнатылмайтын болды. Ұйымдастырушылар бұл шараны әр түрлі елдерден келген аэродизайнерлерді оқытуға орай өткізгісі келген және шараға қатысушыларға слоттар сатқан. Сондықтан да, ұйымдастырушы тарап бұл жайтты біржақты қабылдамады. Олар 100% био ыдырайтын табиғи таза латекстен жасалған шарлар қолданатынын және тиісті сертификаттары мен құжаттары бар екенін мәлімдеді.

Эко қауымдастықтың негізгі мақсаты жай ғана іс-шараны тоқтату емес, бизнесті жауапкершілікке шақыру және қазақстандықтардың көпшілік демалатын орындарында әуе шарларын пайдалануға тыйым салу болғанын атап өткен жөн. Бұл қадам қоғамдық сананың өзгеруі, сондай-ақ қоршаған орта мен жануарлар әлеміне келтірілетін зиян үшін экологиялық жауапкершілікті арттыру мақсатында өте маңызды. Бұл ретте біз жеке тұлғалардың шарларды пайдалануына тыйым салу туралы айтып жатпағанымызды атап өткен жөн.

Латекс шарлары пластик шарлардан гөрі экологиялық таза балама болғанымен, олар да біздің планетамызға кері әсерін тигізіп жатыр.

Ғылыми зерттеулер тіпті «биологиялық ыдырайтын» деп белгіленген жоғары сапалы латекс шарлары қоқыс полигондарында толық 100% ыдырауға жетпейтінін және арнайы жоюды қажет ететінін дәлелдеді. Бұл процесс кезінде шарлар жануарларға, сондай-ақ жалпы экожүйеге қауіпті болуы мүмкін. Сондай-ақ, оларды пайдалану саналы тұтыну және планетаның ресурстарына ұқыпты қарау принциптеріне қайшы келеді.

Шарлар табиғатты және қалалардың қоршаған ортасын ластайды. Егер шарлар дұрыс жойылмаса (оттегі жоқ жалпы қоқыспен нығыздалған болса), олар одан да көп ластануды тудырады және полигондардың өсуіне ықпал етеді. Алматылық альпинистер тіпті 3000-4000 метр биіктікте таулы мұздықтар мен шыңдарда шар қалдықтарын кездестіріп жатады!» – деді эколог, «Жасыл құтқару» экологиялық қоғамының өкілі Светлана Спатарь.

«Біз іс-шара ұйымдастырушыларын, ШОБ және корпоративтік бизнесті қоршаған ортаға қауіп төндірмейтін экологиялық таза баламаларды таңдауға шақырамыз. Біздегі экологиялық жағдай көңіл қуантарлық емес, сондықтан барлық салаларда эко ізді азайту және бір реттік заттардан бас тарту маңызды. Біз тұрақты даму принциптерін сақтаудың, сондай-ақ болашақ ұрпақ үшін биоәртүрлілікті сақтаудың маңыздылығы туралы бірнеше рет айттық және айта береміз. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз осы қалада, осы елде, осы планетада өмір сүреді», – деді эколог, «Greenup.kz» ҚҚ атқарушы директоры, қалдықтарды басқару жөніндегі сарапшы Пакизат Сайлаубекова.

Алматының экобелсенділері қаланы неғұрлым экологиялық таза ету мақсатында бұқаралық іс-шараларда әуе шарларын пайдаланудан бас тарту туралы ұсыныс жасады. Қазіргі күні бастаманы қолдауға және ірі іс-шаралар мен мерекелерді безендіру кезінде әуе шарларын пайдаланудан бас тартып, экологиялық таза басқа балама нұсқаларды таңдауға дайын қаланың ірі іс-шара ұйымдастырушы агенттіктерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Осындай экологиялық проблемаларды ел деңгейінде белсенді бақылау және шешу қажет екенін атап өткен жөн. Бұл мәселелер мемлекеттің жіті қадағалауында болуы керек, өйткені олар қоршаған ортаның қазіргі жағдайына ғана емес, сонымен қатар экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығына, халықтың денсаулығы мен қоғамдық әл-ауқатына да әсер етеді.

Ақпарат үшін. Recycle Birge экологиялық қозғалысы 2018 жылдан бері жұмыс істейді, экологиялық ағартумен, іс-шараларды экологияландырумен, экосенбіліктер және түрлі экологиялық акциялар өткізумен айналысады. ҚР-дағы және Алматы қаласындағы экологиялық бастамалардың белсенді қатысушысы саналады.

Comments are closed.