Экология министрлігі Каспий итбалығы туралы ақпарат берді
Каспий итбалығы – Каспий теңізі фаунасындағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі және эндемигі. Ол трофикалық байланыстың жоғарғы өкілі және жыртқыш болып табылады. Оның негізгі тамағы – балықтар, негізгісі майшабақтар, бұзаубас, атериналар, сондай-ақ моллюскалар мен креветкалар.
Теңіздің қазақстандық секторында каспий итбалығының мекендейтін жерлері Солтүстік Каспий акваториясы және Орта Каспийдің жағалау суларын құрайды. Солтүстікке (оңтүстікке) миграциялаған кезде итбалықтар Түркіменстандағы шекарадан бастап Қазақстан жағалауы бойындағы Жайық өзенінің сағасына дейін «миграция коридорын» пайдаланады.
Жылы мезгілде итбалықтар бүкіл Каспий теңізінде мекендейді және үлкен шоғырлар түзбейді. Қараша айында итбалықтардың Оңтүстік және Орта Каспийден Солтүстік Каспийге миграция аяқталады және итбалықтарды солтүстік-шығыс Каспийдің бүкіл су аймағында кездестіруге болады, олар мұз қатаюына дейін қоректенеді.
Қарашаның аяғынан желтоқсанның аяғына дейін Комсомолец шығанағынан Жайық өзенінің атырауына дейінгі теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінің таяз аудандарын мекендейді және ол жерлерді итбалықтар көші-қонға, қоректенуге және демалуға пайдаланады.
Мұздың қалыптасу кезеңінде және мұз маусымы кезеңінде (қарашаның аяғынан наурызға дейін) итбалықтар Солтүстік Каспийдің батыс және шығыс бөлігін, оның орталық акваториясын, сондай-ақ Орал Бороздина ауданын (желтоқсаннан наурызға дейін) белсенді пайдаланады.
Каспий итбалықтарының көбеюі, қоректенуі, жұптасуы және түлеуі қаңтар-сәуір айларында Солтүстік Каспий мұздары мен аралдарында өтеді.
Қыста жыныстық жағынан жетілген аналық дарақтар күшіктеуге және күшіктерді қоректендіру мақсатында мұзға келеді. Аналық дарақ бір күшікті, сирек екеуін дүниеге әкеледі. Лактация кезеңі көп жағдайда қаңтардың екінші жартысында басталып, ақпан айының соңында аяқталады.
Ақпан айының екінші жартысында жұптасу жүреді, содан кейін наурыз-сәуір айында ересек дарақтар түлейді.
Мұз жатақтарының ауданы және олардағы итбалықтардың тығыздығы мұз жағдайларына байланысты өзгереді. Мұз жамылғысының еруімен итбалықтар Солтүстік Каспийден шығып, белсенді тамақтануға көшеді.
Бүгінде каспий итбалықтарының саны – шамамен 311 мың дарақ.
Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында қазір бірқатар шаралар іске асып жатыр. Осылайша мемлекет басшысының «каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында табиғи резерват құру» тапсырмасын орындау шеңберінде резерват құрудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасы әзірленді және әрі қарай ерекше қорғалатын табиғи аумақты құрудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді.
Қазір 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді қаржыландыру көзделген.
Жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздеме бойынша 2024 жылдың шілдесіне дейін Каспий теңізінің акваториясында заңды тұлға нысанында мемлекеттік табиғи резерват құру жоспарланып отыр.