Пандемия шаралары: Масканы қоқысқа қалай тастаймыз?

0
1542

2020 жылы 16 наурызда Қазақстанда пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланған еді. Содан бері жыл өтті.
Әлі күнге дейін азаматтарға маска тағу міндеттеліп отыр. Ал бірреттік масканы қоқысқа тастағанда ескеру керек жайттарды экобелсенділер мен экологтар қайта-қайта айтып жүр.

Масканы қоқысқа қалай тастау керек?

  • Масканы құлаққа ілетін жібінен ұстап шешу керек.
  • Сосын оны ішіне қарай орап, пластик пакетке салу қажет.
  • Қолғап болса, оны да бірге сол пакетке тастаңыз.
  • Сосын полиэтилен пакеттің аузын байлап барып қоқысқа тастау керек. Бастысы – пакеттің аузы ашық болмауы, маска шығып кетпеуі керек. Масканы қоқысқа тастаудың орнына оны өртеуге де болады. Бірақ мұқият болыңыз.

Неге масканы пакетке салып, лақтыру керек?

Біріншіден, пандемия басталғалы дүниежүзі халқы масканы қолданып жатыр. Егер адам бірреттік масканы қолданса, күніне қаншасы қоқысқа кетіп жатқанын ойлай беріңіз. Ал жеке адам пайдаланған масканы қайта өңдеу әлі қарастырылмады. Себебі вирус жұғу қаупі жоғары.

Екіншіден, қоқыс жәшіктеріндегі қалдықты қарапайым адамдар жинайды. Кейбірін қолмен алып, үлкен көлікке салуға мәжбүр. Мұндай кезде маска арқылы жұмысшыға вирус жұғуы мүмкін. Сондықтан оны пакетке салып барып, тастаған дұрыс.

Сонымен қатар қоқыста жатқан маскаға құс қонуы мүмкін. Ондай жерде тышқандар мен басқа да жануарлар жүреді.

Пластиктен жасалған маскалар да бар. Олар жерде жатса, бірнеше жыл бойы климаттың әсерінен бірнеше микропластиктерге айналады. Сосын ауаға, суға, топыраққа тарап, адам ағзасына қауіп төндіруі мүмкін. Ал пластиктің ұзақ уақыт шірімей жататынын білеміз.

Comments are closed.