Климат

Климат дағдарысы деген не?

0
718

Қазіргі кезде жиі естіп жүрген сөзімізді түсіндіріп көрейік.

Климат дағдарысы деген не?

Бастапқыда «климат дағдарысы» деген тіркесті белсенділер, халықаралық ұйымдар мен БАҚ климаттың өзгеру қаупін және шұғыл әрекет ету қажет екенін көрсету үшін қолданды. Дегенмен бұл сөзді қазір ғалымдар да қолданып жүр. Дүниежүзінің 11 мыңнан астам ғалымы климат дағдарысының келгенін және көптеген ғалым күткеннен де жылдам қарқын алғанын көрсететін ғаламдық ғалымдардың климаттың төтенше жағдай туралы ескертуіне қол қойды.

Қазір Жердің климат жүйесінде бақылау-өлшеу құралдары арқылы тіркелетін көрінетін өзгерістер бар. Мысалы, планетаның орташа жылдық температурасы уақыт өте көтеріліп жатыр. Бұған мұздықтардың еріп жатқанын қосыңыз. Салдарынан теңіз деңгейі көтеріліп жатыр, ал жауын-шашын өзгеріп жатқанын онсыз да байқап жүрміз.

Ұлттық мұхит және атмосфера басқармасының (NOAA) веб-сайты жаһандық жылынудың шынымен болып жатқанын дәлелдеу үшін тоғыз негізгі климат көрсеткішін жинады. Жер бетіне жақын жерде температураның көтерілуінен басқа, біз теңіз деңгейінің өсу қарқыны көтеріліп, Солтүстік жарты шардағы мұздықтар мен қар жамылғысының массасы қысқарып жатқанын көреміз.

Ең күрт өзгерістер Арктикалық теңіз мұзында болып жатыр. 2019 жылдың қыркүйегінде теңіз мұзының көлемі 1979 жылдан бері спутниктік өлшеулер бойынша 1981-2010 жылдардағы орташа деңгейден 33% төмен болды. Теңіз мұзының қалыңдығы да жұқарған.

Осындай деректер климаттың өзгеруі нақты деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Әдетте дағдарыс десе, экономикалық дағдарыс туралы ойлай бастаймыз. Ақшалай таршылық, халықтың табысының күнкөріске жетпеуі, қымбатшылық, жалақы өспеуі, үнемдеу. Қаржы дағдарысын біразымыз жақсы білеміз. Енді тура осындай жетіспеушілікті табиғатқа таңып көрейікші. Ауа температурасы шектен ыстық, мұздар еріп жатыр, ал сол мұзда тіршілік ететін жануарлар көбейетін, емін-еркін өмір сүретін орын таппай жүр. Су бұрынғыдай таза емес, мұхит пен теңіздер жылдан жылға тартылып жатыр, жойылып кеткені де жоқ емес. «Қызыл кітапқа» енген жануарлар түрлері жойылудың алдында. Каспий теңізінде итбалықтар қырылып жатқанын естіп жүрміз. Осының бәрі климат дағдарысы демей немене? Ақшалай жетіспеушілік болғандай табиғи жетіспеушілік те болып жатыр. Көз алдымызда.

Егжей-тегжейлі ғылыми талдау қазіргі заманғы жылыну Жер атмосферасындағы парниктік газдар концентрациясының ұлғаюының нәтижесі екенін және оны табиғи айналымдармен түсіндіруге болмайтынын көрсетті.

Қазір болып жатқан климаттық өзгерістердің негізгі себебі адам әрекеті деген ғылыми консенсус бар. Ғылыми консенсус дегеніміз – дүниежүзіндегі ғалымдардың өз бетінше бір тұжырымға келуі. Олар әртүрлі жолдармен климаттың өзгеруінің антропогендік (адам қолынан, адамның іс-әрекетінен) себебін дәлелдеді. Бұл тезисті жоққа шығаруға бірнеше рет тырысқанымен нәтиже бермеді.

Мұнда жиі келтірілетін сандардың бірі – 97% (адам әрекеті климаттың өзгеруіне әкелді деген тұжырыммен келісетін рецензияланатын ғылыми журналдарда жариялаған авторлардың үлесі). Ал жақында, дәлірек 2019 жылы жүргізілген зерттеу сенім деңгейі 99,99% белгіден өтіп, «алтын стандартқа» жақындағанын көрсетеді. Бұл қазіргі заманғы климаттың өзгеруіне адамдар себепкер емес деген миллион пікірге бір ғана дәлел қарсы тұратынын білдіреді.

Росгидромет бұл ұстанымға келіседі: «Байқалған климат өзгерісі ең әуелі адамның шаруашылық әрекеті салдарынан атмосфералық парник газдар концентрациясының артуына байланысты».

Жаһандық жылынудың климат дағдарысына қандай қатысы бар?

«Жаһандық жылыну» түсінігі планетаның ұзақ мерзімді жылынуын білдіреді. Мысалы, жаһандық температура XX ғасырдың басынан және әсіресе 1970 жылдардың соңынан бастап қарқынды түрде көтерілді.

Бірақ «климат өзгеруі» жаһандық жылынуды қамтығанымен ол планетада болып жатқан өзгерістердің кең ауқымын білдіреді. Мысалы, теңіз деңгейінің көтерілуі, мұздықтардың массасы азаюы, Гренландиядағы, Антарктидадағы және Арктикадағы мұздың еруін жеделдету, жауын-шашынның қайта бөлінуі, экстремалды ауа райы құбылыстары, өсімдіктердің гүлдену уақыты мен түр ареалдарының өзгеруі.

«Жаһандық жылыну» және «климат өзгеруі» терминдері кейде бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ соңғысының мағынасы кеңірек.

“Ғаламдық жылынудың” қандай қаупі бар?

Климат дағдарысына әр адам қалай әсер ете алады?

Климаттың өзгеру қарқынын азайтуға көмектесетін көптеген қадам бар. Олар тіптен оңай. Тек ақырындап, қадам-қадаммен, үздіксіз орындап жүрсеңіз, соның өзі жетіп артылады. Кез келген адамның әрекеті бүкіл климаттың, планетаның жағдайына әсер ете алады.

Оның үстіне, сіздің әрекетіңіз өте қажет: ғалымдар жылынуды салыстырмалы түрде қауіпсіз 1,5 ° C деңгейіне дейін шектеу адамдардың өмір салтында ауқымды өзгерістерді қажет етеді деген қорытындыға келді. Ал егер бұл өзгерістер болмаса, онда біз климатты тұрақтандыру идеясымен қоштаса аламыз.

Климат дағдарысы табиғатқа қолайлы орта қалыптасқанда азаяды деуге болады. Онда адамның қандай әрекеті табиғатқа қолайлылық береді?

  • жаяу жүру, велосипедпен жүру немесе көліктен бас тартуға болатын қоғамдық көлікті пайдалану;
  • ұшақтың орнына жерүсті көлігін пайдалану;
  • бөлмені жылыту үшін төменгі температураны таңдау;
  • автоматты кептірудің орнына табиғи кептіргіш киімді пайдалану;
  • қалдықтардың, әсіресе тамақ қалдықтарының түзілуін азайту;
  • мал өнімін (ет, сүт) тұтынуды азайту;
  • барлық шамды жарықдиодты шамдарға ауыстыру, жарықты өшіріп жүру және зарядтағыштарды
  • ажыратып отыру;
  • жаңа зат сатып алу орнына оны жөндеп, біраз уақыт пайдалану;
  • жалға беру немесе маңызды заттарды сыйлау;
  • қоқысты азайту;
  • ысырапқа жол бермеу;
  • табиғи ресурстарды үнемдеу.

Тағы оқыңыз: Әр адам қоршаған ортаның таза болуына қалай үлес қоса алады?

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.