“Қайтсек экологист боламыз?” немесе тұрмысқа аса қажет 10 тауар

Күнделікті өмірде жиі қолданылатын зияны көп өнімдерге нарықтан экология бойынша қандай дұрыс балама табуға болатынын анықтадық.
0
1049

Ecoinfo.kz қоршаған орта ахуалын жақсартуға ден қоя бастаған адамдар тұрмысына аса қажет тауар түрлерін іріктеді.

  1. Экосөмке

Дүкенге барған сайын полиэтилен пакетпен оралар болсақ, ол – қоршаған ортаны ластауға үлес қосқанымыз. Үйде де, түзде де қоқысты босқа көбейтетін пакеттен бас тартып, экосөмке ұстаңыз. Бұл – салауатты, ынсапты, саналы өмір салтын ұстанғаныңыз, көптің бірі емес, қоршаған ортаға жаны ашитын адам болғаныңыз. Бүгінде “авоська” торқапшықтарынан бастап азық-түліктің әр түріне арналған экодорбаларға дейін бар.

Фото: Helloeco.kz

  1. Ауызсу бөтелкелері

Полиэтилен пакет сияқты пластик бөтелкелерді қолданудан бас тартсаңыз да, қоршаған ортаға зияныңызды азайта аласыз. Пластик ыдысқа құйылған сусынды өндіруге көп материал мен энергия шығындалады, ал оған сұранысты арттырып не керек?! Дүкеннен зиян-шығыны көп пластик бөтелкедегі сусынды сатып ала бергенше ауызсуды көп рет пайдалануға жарайтын ыдысыңызға құйып алып жүріңіз. Ол термос бола ма, жай ғана құты бола ма, бәрібір.

Фото: Helloeco.kz

  1. Кофе тамблері

Кофеханалардан бір рет пайдаланылатын ыдыспен кофе ішкен сайын қайта өңделмейтін қалдықты көп тұтынуға және көп өндіруге сұранысты арттырасыз. Иә, кофе құйылатын ыдыс қағаздан емес, пластиктен жасалады. Кофе-шай ішу үшін де үнемі қолданатын ыдысыңыз болғаны дұрыс. Термосаптыаяқ, шөлмек құты не жиналатын стақан – ең дұрыс шешім.

кофе тамблері

Фото: Helloeco.kz

  1. Бамбуктен жасалған тіс щёткасы

Табиғи, экология жағынан таза, тиімді бұйымдар қолданғанды жақсы көретіндер үшін таптырмас нәрсе. Щётканың сабы жылумен өңделген жас бамбуктан жасалады. Жасанды қылтаны бактериялардың таралуына тосқауыл қояды. Пластиктен жасалатын тіс щёткасын 2 айға жеткізбей ауыстыруға тура келеді. Ол да – қайта өңделмей, қоқыс полигонындағы қалдықты көбейтетін зат. Мұның бамбуктен жасалған түрін таңдаған дұрыс болатыны содан.

бамбук тіс щёткасы

Фото: Helloeco.kz

  1. Табиғи қоспалардан тұратын сабын

Сульфаттарсыз, полиэтиленгликольсіз, хлорсыз, фосфатсыз, синтетик ароматизаторларсыз, мұнай өнімдері қоспаларынсыз, бояғыштарсыз натурал сұйық не қатты сабындар болады. Сұйығын таңдасаңыз, әуелі көлемі 0,5 немесе 1 литр біреуін сатып алып, таусылған сайын дүкеннен соның ыдысына тағы құйдырып алып тұрасыз. Мұндай сабын кәріз жүйесімен ағын суға қосылғанда қоршаған ортаға зиян тигізбейді. Натурал қоспалардан тұратын сұйық немесе қаптамасыз қатты сабынның түр-түрі бар: өндірушісі, тауар белгісі әртүрлі.

Фото: Helloeco.kz

  1. Кір жууға арналған әмбебап гель немесе ұнтақ

Экология жағынан таза сұйық сабын сияқты мұндай гель де, ұнтақ та кокос пен глюкозадан жасалған үстірт белсенді заттардан тұрады. Кірге жабыспайды, тез жуылады, жұмсақ, қауіпсіз. Әдеттегі кіржуғыш ұнтағыңызды қоршаған ортаға зиянсыз өнімге алмастырсаңыз, планетамыздың негізгі ресурсы – су көздерін қорғауға атсалысқаныңыз.

  1. Ыдыс жуатын экосұйықтық

Synergetic брендінің бөлмені тазалауға, кір жууға, ыдыс жууға арналған экологиялық сұйық өнімдері бар. Неміс технологиясы бойынша жасалған ыдыс жуатын сұйық әдеттегі тұрмыс химиясы сияқты емес, органика қалдықтарын, иіс пен майды жақсы кетіреді. Түгел жуылып, суда әбден ериді. Құрамындағы заттары аллергия туғызбайды, бактерияға қарсы әсері күшті, қол терісін бүлдірмейді.

  1. Тазалыққа қажет әмбебап сұйықтық

Бөлмені тазалауға арналған әмбебап экосұйықтықты Қазақстанның OIKO бренді де өндіреді. Бактерияға қарсы өнім тазаланған жерлердің мұнтаздай қалпын көпке дейін сақтайды. Сұйықтықтың құрамында хлор, сульфат, фосфаттар, синтетик иістендіргіштер, бояғыштар жоқ, жылдам еріп, шайылады.

Фото: Helloeco.kz

  1. Экошампунь

Өндірушісіне қарай мұндай шампуньнің де көп түрі бар. Қаттысы, сұйығы мен газтәріздісіне қоса шаш типіне қарай тағы әртүрлі болады. Тіршілік ортасына зиянсыз шампуньді ингредиенттеріне қарап ажырата аласыз: құрамында агрессив химиялық қосындылар емес, өсімдік түрлерінен: жеміс-жидектен, көкөністен, гүлдерден не балдырлардан алынған сығындылар мен майлар, протеиндер, белсенді заттар мен полисахаридтер болуы керек.

  1. Сусын ішуге арналған болат түтікшелер

Алкогольсіз тәтті сусындар мен коктейльдер ішуге арналған пластик түтікшелер қайта өңделмей, тіпті кейде қоқыс контейнерлеріне де түспей, әр жерде шашылып, ар жағы табиғатты күн сайын ластап жатыр. Пластик түтікшені өндіру мен тұтынуды азайту үшін нарыққа оның болат нұсқасы шыққан. Металл түтікшені қорабымен, тазалағыш сымымен бірге үнемі алып жүріп, шырын не басқа да сусын ішерде пайдалануға болады.

болат түтікше

Фото: Helloeco.kz

Экологизмге бет түзеген адамдар мұндай тауардың бәрін Қазақстандағы тұңғыш Zero Waste дүкен – Helloeco сөрелерінен таба алады.

 

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.