Ауызсу құбыры

Халқына ауасы мен ауызсуы жақпайтын өңірлер қайсы?

Ауылдарда бұлақ пен өзен-көл суын ішіп отырғандар бар. Сапалы ауызсуға қол жеткізу халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей байланысты.

Қазақстанның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы азаматтардың ауызсу мен ауа сапасына қаншалықты қанағаттанатынын жария етті. Әлеуметтік зерттеу 2021 жылы жүргізілген. Оған елдің әр өңірінен 100 адамнан қатысқан.

“Ауа тазалығына қанағаттанамын” деп жауап бергендер үлесі мына өңірлерде көп болды:

Жамбыл облысы – 76,2%;

Алматы облысы – 75,4%;

Шымкент – 64,6%;

Қызылорда облысы – 64,5%;

Атырау облысы – 58,4%.

Мына бес өңірдің тұрғындары арасында ауа сапасына “ішінара (немесе жартылай) қанағаттанатынын” айтқандар көп болды:

Ақтөбе облысы – 83,8%;

Нұр-Сұлтан – 72,7%;

Алматы – 60%;

Қарағанды облысы – 59,1%;

Қостанай облысы – 57,3%.

Ауа сапасына қанағаттанбайтын азаматтар санының салыстырмалы жағдайда көптігі бойынша мына бес өңір алда тұр:

Қарағанды облысы – 18,2%;

Алматы – 17,8%;

Шығыс Қазақстан облысы – 13,1%;

Павлодар облысы – 11,6%;

Атырау облысы – 7%.

Сауалнама барысында ауа сапасына қатысты не деп жауап берерін білмегендер болған. Бұл жағынан ең көп көрсеткіш Шымкентте тіркелді – сұраққа респонденттердің 2,4%-ы жауап бере алмаған.

Ауызсу сапасына көңілі толатын респонденттер саны бойынша алғашқы бестікке кіретін өңірлер:

Жамбыл облысы – 80,7%;

Алматы облысы – 74,6%;

Шымкент – 68,3%;

Атырау облысы – 66,5%;

Қызылорда облысы – 63,2%.

Қазақстанның мына бес өңірінде ауызсу сапасына ішінара көңілі толатын респондент көп болды:

Ақтөбе облысы – 84,4%;

Алматы – 66,1%;

Нұр-Сұлтан – 62%;

Солтүстік Қазақстан облысы – 58,2%;

Батыс Қазақстан облысы – 53,1%.

Ауызсу сапасына көңілі толмайтын респондент саны көп болған бес өңір:

Қарағанды облысы – 26%;

Қостанай облысы – 23,2%;

Ақмола облысы – 21,5%;

НұрСұлтан – 19,9%;

Алматы – 10,4%.

Ауызсу ахуалы жөнінде жауап бере алмаған респонденттер республика бойынша тағы да Шымкентте көп тіркелді: сауалнамаға қатысқандардың 1,5%-ы.

Сараптасақ, ауа мен ауызсу сапасына шағымданбайтын тұрғындар Жамбыл облысында көп болып шықты. Ақтөбе облысының азаматтары екі тіршілік көзіне қатысты ішінара немесе жартылай қанағаттанады. Ауаның да, ауызсудың да сапасы Қарағанды облысы тұрғындарының көңілінен шықпайды.

Қазақстан азаматтары арасында жүргізілген сауалнама “Халық өмірінің сапасы” деп аталады. Бұл – үй шаруашылықтарын өмір сапасы деңгейін бағалау бойынша іріктеп зерттеу бағдарламасының бір бөлігі.

Ауызсу сапасына көңілі толмайтын респондент көп болған Қостанай облысында су тазартатын нысандар әбден тозып тұр. Бұл мәселені өңір тұрғындары Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасымен кездескен кезде де айтқан. Қостанай – еліміздегі биологиялық тазарту станциясы жоқ жалғыз облыс орталығы.

Тұрғындары ауызсу сапасына разы емес Ақмола облысында Нұра топтық су құбыры жөндеуді қажет етіп тұр.

Energyprom мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанда ауызсуды тасып әкеліп ішетін тұрғын үйлердің саны 1,1%-дан 1,7%-ға көбейген. Қала тұрғындарының 98,9%-ының үйіне орталық су құбырынан ауызсу келіп тұрса, мұндай игілікке ауыл тұрғындарының 51,6%-ы ғана қол жеткізіп отыр. Ауылдарда бұлақ пен өзен-көл суын ішіп отырғандар да бар.

Сапалы ауызсуға қол жеткізу халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей байланысты. 2021 жылы үйіне ауызсу құбыры кіріп тұрғандардың 82,5%-ы табысы күнкөріс минимумы шамасынан асатын тұрғындар болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс табатын тұрғындар арасында үйіне ауызсу құбырын кіргізгендердің үлесі 62,2% ғана болған.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2023-2024 жылдары Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында құбырлар салып немесе жаңартып, 158 ауылдағы ауызсуға қатысты ахуалды жақсартқалы отыр.

Ауа сапасына келсек, “Қазгидромет” кәсіпорнының кейінгі мәліметі ластаушы заттар шекті-қалыпты шамадан асып кеткен жағдайлар Нұр-Сұлтанда (957 жағдай), Қарағандыда (425 жағдай) және Жезқазғанда (135 жағдай) ең көп тіркелгенін көрсетіп отыр. Бұған дейін ауасы ең лас қалалардың үштігінде Нұр-Сұлтан, Қарағандымен бірге Алматы да болып еді.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.