Ауаның ластануы

Қазақстан қалаларының ауасы лас учаскелері

Ең нашар ахуал ел астанасында тіркеліп отыр. Басқа қалалардағы ахуал кестемен берілді.
0
1265

“Қазгидромет” кәсіпорны 2022 жылғы наурыздың 29-ы мен сәуірдің 4-і аралығында Қазақстанның ірі қалаларындағы ауа сапасын тексерді. Ең нашар ахуал ел астанасында тіркелді.

Ауаның ластануын бақылайтын пункттер Нұр-Сұлтанда ауа құрамындағы зиян заттар шекті мөлшерден 1 226 рет асып кеткенін анықтады. Мамандар қаланың ауасы ең лас ауданы Тұран көшесі деп отыр.

Алматыда мұндай жағдай 465 рет тіркелген. Ауасы әбден ластанған аудан – Түрксіб.

Шымкентте ауаны ластайтын заттар шекті шамадан 29 рет асып кеткен. Мамандар ауа Самал-3 ықшамауданында анағұрлым ластанғанын анықтады.

Басқа қалалардағы ахуал төмендегідей:

Қала атауы Ауаны ластайтын заттардың шекті шамадан асқан жағдайлары Ауасы неғұрлым ластанған учаскелер
Ақтөбе 6 Жанқожа батыр көшесі
Атырау 5 Сырдария көшесі, 3-үй
Жезқазған 99 Мұса Жәлил көшесі, 4в-үй
Қарағанды 977 Үшінші отын қоймасы көшесі
Павлодар 8 Естай көшесі
Өскемен 57 Тынышбаев көшесі

Балқаш, Қызылорда, Теміртау, Петропавл қалаларында ауаны ластайтын заттар белгіленген шамадан аспаған.

Қалаларда ауаның төтенше жоғары ластануы (белгіленген 20-дан астам шекті концентрация) тіркелмеді.

Ақтау, Орал, Қостанай, Көкшетау, Талдықорған, Тараз, Түркістан қалаларындағы ахуал туралы мәлімет жоқ.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматыда атмосфералық ауа сапасын арттыру, ауа айналымын жақсарту, газдандыру, автокөлік қозғалысын реттеу мен көгалдандыру жөнінде жол картасын іске асырып жатқанын айта кетейік.

Нұр-Сұлтанда бірінші және екінші жылу электр орталықтарына газ құбыры тартылып, олардың су жылытатын қазандықтары табиғи газға көшірілді. 2023 жылы астана түгел газбен жылытылады.

Алматыда да екі жылу электр орталығы жаңартылып, газға көшіріледі. Бұдан ауаға таралатын зиян қалдық мөлшері 37,8 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін азаюға тиіс. Оңтүстік астанада сонымен қатар дизель жағатын қоғамдық көлік сатып алуға тыйым салынды, 335 автобус электр тогымен және газбен жүреді. Жанармай құятын станциялардағы отын сапасына және автокөлікті техникалық байқаудан өткізетін орындарға талап күшейді. Қалаға кіріп-шығатын жолдарға “Сергек” жүйесінің 21 бекеті мен 19 экопост қойылды, олар автокөліктерден шыққан зиян заттарды тіркеп, Алматы полиция департаментіне мәлімет жолдайды.

Ауа сапасын жақсарту үшін Алматы әкімдігі жасыл желек қорын түгел бақыламақ. Ағашты түбірімен заңсыз кескендер орнына 20-30 есе көп ағаш егеді, ағаш бұтақтарын заңсыз кескендерге салынатын әкімшілік айыппұл мөлшері бес есе көбейтілді.

Алматыда компьютерлік модельдеу әдісімен жел ағыны да зерттеліп жатыр. Қала құрылысының бас жоспарын іске асырған кезде соның нәтижесі есепке алынады, яғни енді ғимараттар жел тармақтарын ескеріп салынады.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.