Алматы ағаштарының өзегі не себепті ерте шіриді?
Алматы сияқты мегаполистерде 30 жылдан артық уақыт өсіп тұрған ағаш адам өміріне қауіп төндіреді. Қазірдің өзінде қалада ондаған мың ағаш құлағалы тұр. Бұл туралы “Хабар 24” арнасына сұхбат берген мамандар айтты.
Телеарнаның мәліметінше, Алматыдағы 2 800 000 ағаштың 84 мыңдайы тіршілігін тоқтатып, өзегі шіріп тұр. Олар тымық күндері де құлап қалуы мүмкін.
Ж.Жиембаев атындағы қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының мамандары үлкен қалаларда ағаш атаулы ұзақ өспейді деп отыр. Орманды жерлерде 100-150 жыл жасайтын ағаштың ғұмыры қалаларда үш есе қысқа болады. Оған көп жағдайда көктайғаққа қарсы қолданылатын тұзды реагенттер мен топырақтың газдан ластануы себеп және жерасты коммуникациялары себеп болып жатады. Ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Нұржан Мұхамадиев жасыл желекке Алматы климаты да қолайлы емес екенін айтты.
“Бізде шұғыл континентал климат екенін білесіздер. Оны қалыпты ылғалды, топырағы басқа Еуропамен салыстыруға болмайды. Бізде түс кезінде температура жоғары болып, түнде күрт төмендеуі мүмкін. Бұл жайт ағаштарға қатты әсер етеді”, – дейді маман.
2022 жылғы наурыздың аяғындағы дауыл кезінде Алматыда 100-ден астам ағаш құлап, ондаған автокөлікті басып қалған еді. Жергілікті жасыл экономика басқармасы қураған әрі құлағалы тұрған ағаштарды жаппай кесуге кірісті. Кесілген бір ағаштың орнына 10 түп егілмек.