Іле Алатауындағы велотуризм

Қазақстан экотуризмді әрі дамытпақ, әрі шектемек. Қалай? Неге?

Көлсай көлдерінде тынығушылар тым көп әрі бәріне бірдей жағдай жасалмай жатқаны қазірдің өзінде мәлім.
0
1058

Қазақстан үшін қорғалатын табиғи аумақтарда экологиялық туризмді дамыту – басым бағыттардың бірі. Сонымен бірге мемлекеттік органдар ұлттық табиғи парктерде демалушылар қарасы шамадан артып кетпеуін де қадағаламақ. Жуырда бұл мәселе Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.

Әуелі экологиялық туризм мен қорғалатын табиғи аумақтардың рекреациялық жүктемесі деген не екенін түсініп алу керек. Экотуризм – адам әрекетінің ықпалына мейлінше аз ұшырайтын табиғи аумақтарды аралап, тынығу. Рекреациялық жүктеме – табиғи аумақтардың, демалыс орындарының адамдардың ықпалын көтере алатын шамасы. Қазақстанның экологиялық туризмді дамыту мақсаты да, табиғи парктердің рекреациялық шамасын анықтау мақсаты да бар. Кейінгісі ғалымдармен бірге енді ғана қолға алынып жатыр.

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі бас директоры Дамир Малгелдиевтің айтуынша, қазіргі кезде География және су қауіпсіздігі институты екі табиғи парктің рекреациялық жүктемесін жасауға кіріскен. Олар – Іле Алатауы және Көлсай.

“Мамандар сүрлеулер бойынша паркке келетін адамдар санын анықтайды. Келешекте табиғи аумақта тынығушыларға билет солар жасаған рекреациялық жүктеме бойынша сатылады. Бұл кәдімгі кинотеатр билеті сияқты болады. Тынығушы қай күнге, қай уақытқа билет сатып алса, сол күні ғана паркке келе алады. Біз ұлттық табиғи парктің рекреациялық жүктемесін осылай реттемекпіз”, – дейді парк басшысы.

Сөйтіп, құрылғалы бергі 26 жылда алғаш рет Іле Алатауы паркі бір мезгілде қанша адамды қабылдай алатыны белгілі болады. Парктің жалпы ауданы – 199 179 гектар, оның бес филиалы бар: Түрген, Талғар, Медеу, Ақсай және Алматы мемлекеттік қорықтары. Мұнда тоғыз бақылау-өткізу пункті, 40-тан астам бағыт (сүрлеу) бар. 2021 жылы Іле Алатауы паркі аумағындағы демалыс орындарында 468 мыңнан астам адам болған. Жалпы, жыл сайын бұл аумаққа келетін турист саны 250 мыңнан кем болмайды. 2022 жылы Іле Алатауы аумағында бір визит орталығы мен екі глэмпинг – табиғат аясындағы қоналқа салынады.

Парк басшысы бір кездері жабайы демалыс орны болған учаскелерде бүгінде тынығушыларға бар жағдай жасалғанын айтып отыр. Туристер “өркениет” нысандары мен санитария-гигиена тораптарын пайдалана алады, демалыс орындарынан жиналған қоқыс үздіксіз шығарылып, өңделеді.

Жалақы аз болған соң Іле Алатауы паркінде орман мамандары тапшы, ал табиғи аумақ басшылары жыл сайын орман көлемін арттырғалы отыр. Жоспар бойынша 2022 жылы 47 гектарға 55 860 түп ағаш егіледі, дені – сириус алма ағашы мен өрігі, Тянь-Шань шыршасы сияқты парктің абориген ағашы.

Іле Алатауы ұлттық паркінің рекреациялық шамасы қандай екені әзірше белгісіз болса, Көлсай көлдерінде тынығушылар тым көп әрі бәріне бірдей жағдай жасалмай жатқаны қазірдің өзінде мәлім. 2021 жылы мұнда 160 520 адам демалған, бұл пандемияға дейінгі 2019 жылғы көрсеткіштен екі есеге жуық көп. Көлсай, Қайыңды шатқалдары туризм инфрақұрылымына зәру болып тұр. Қоқыс шығару мәселесі қиын.

“Қазір бір инвестор бар. Инфрақұрылымды дамытудың жоба-смета құжаттамасы жасалып жатыр. Ол экологиялық сараптамадан өткеннен кейін инвестор рекреациялық жүктемесі көп аумақта екі әлеуметтік нысан салуға кіріседі. Адамдар анағұрлым көп баратын Көлсай, Қайыңды шатқалдары сияқты нысандарда туристерге жайлы инфрақұрылымды дамыту үшін мемлекеттік ұлттық парк жергілікті атқарушы органмен бірге Саты ауылынан Қайыңды көліне дейін инженерлік-көлік коммуникациясы мен сервисі бар жол салу көзделіп отыр. Жергілікті халыққа жаңа жұмыс орындарын ашу үшін Көлсай көлі маңындағы автотұрақтың жанынан кішігірім қоғамдық тамақтану нысандары түрінде сауда-жәрмеңке аймағын ашқалы отырмыз, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап-шығару үшін қоқыс контейнерлері мен қоқысжинағыштар орнатпақпыз”, – дейді “Көлсай көлдері” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының міндетін атқарушы Ержан Қалматаев.

Бұл табиғи паркте рекреацияны реттеуге, қажет болса, шектеуге тағы бір себеп – Қызыл кітапқа енгізілген өсімдік пен жануар түрлері, басқасын айтпағанда, Көлсайды ерекше қорғауға алынған 13 түрлі құс мекендейді.

Шарын мен Алтынемел ұлттық табиғи парктерінде биоалуандықпен бірге археология ескерткіштерін қорғау үшін де тынығушыларды рекреация жүктемесіне сай қабылдау керек болып тұр. Кейінгі жылдары Алтынемелге барушылар саны сәл азайған, Шарында, керісінше, жыл сайын туристер ағыны артып қана отыр. Экотуризмді қолдай отырып, экожүйеге күш түсірмеу үшін парктердің қай-қайсында да көпшілік қызығатын бағыттар жан-жақты зерттеліп, мұқтажына қарай жаңа сүрлеулер салынуы керек.

“Бұл бағытта БҰҰ Даму бағдарламасымен бірге ғылыми жұмыс жүргіздік. Сүрлеулердің жүктемесін зерттеп көрдік, бірақ бұл аз, рекреация мүмкіндігін парктердегі учаскелер бойынша да есептеу керек. Әр учаскенің экологиялық сыйымдылығы қандай екенін білген дұрыс. Әрине, маусым сайын рекреациялық жүктеме әртүрлі болуы мүмкін, бірақ туристерді сол шамадан мейлінше асырмай қабылдауымыз керек. Келешекте парктерге билет рекреациялық жүктемеге сай арнайы сайт арқылы сатыла бастайды, сол кезде де туристер баратын учаскелер тағы бір зерттелуі керек. Министрлік пен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қорғалатын табиғи аумақтар қызметін реттейтін норматив актілеріне парктер билетін жүктеме бойынша сату функциясын енгізгелі отыр”, – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Әлия Шалабекова.

Экология ведомствосы еліміздегі барлық табиғи паркте тынығушылар шамадан тыс көп болмауын қадағаламақ.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.