жаз, табиғат

Жазда істеуге болатын экологиялық әдеттер

0
1492

Жаз ойда жүрген біраз істі жүзеге асыруға оңтайлы кез. Тіпті экологиялық әдеттерді де осы мезгілде бастап, тәжірибе жасап көруге болады. Ecoinfo.kz сайты жылы мезгілде істеуге болатын әдеттерді ұсынады. Ешқайда шықпай-ақ, жазды өз үйіңізде пайдалы әрі қоршаған ортаға зиянсыз өткізуге болады.

Автокөлікті велосипедке немесе самокатқа алмастыру

Күн жылыда автомобиль немесе автобуспен емес, велосипедпен жүрген ыңғайлы. Біріншіден, кептелісте тұрмайсыз. Екіншіден, көліктің ішінде терлеп, кондиционер қосып, әуре болмайсыз. Үшіншіден, жанармайға немесе автотұраққа ақша жұмсамайсыз. Сонымен қатар велосипед айдау – денсаулыққа пайдалы. Бұлшықетті шынықтырып, жүрек және тыныс алу қызметін жақсартуға болады.

Интернетті көп қолданбау

Жазда жұмыстан, оқудан бір сәт босауға мүмкіндік бар. Компьютерден, смартфоннан, жалпы интернеттен алыстап, миды тынықтыруға болады. Ұйқыны реттеп, жиі серуендеп әрі дұрыс тамақтанып та электр энергиясын үнемдей аласыз. Мысалы, түнімен бірнәрсе істеп жүрсеңіз, жарық қосуға тура келеді. Ал ұйқы режимін ұстанғанда күнмен бірге оянып, табиғи жарықпен біраз іс тындыруға болады. Далада серуендегенде айналаны бақылаңыз, адамдармен сөйлесіңіз. Осылайша виртуал әлемнен алыстайсыз. Сәйкесінше интернетке, гаджетті қуаттауға электр энергиясы кетпейді. Ал күн ыстықта көкөніс пен жемістерді көбірек жеп, етті пісіруден бас тартып та электр қуатын және қаражатты үнемдеуге болады.

Спортпен айналысу

Жаздың біраз іске ыңғайлы кезең екенін айттық. Жазда әсіресе арнайы спортзалға бармай-ақ сыртта дене шынықтыруға мүмкіндік болады. Олай болса ертерек тұрып, далада жүгіру немесе басқа да жаттығу түрімен айналысу арқылы спортзалға бармауға әдеттенесіз. Спортзалдағы мыңдаған техника электр энергиясын әжептеуір құртады.

Табиғи матадан киім кию

Шыт пен зығырдан, жібектен тігілген киімдер денеге жағымды, ауа өткізеді. Сонымен қатар табиғи маталар қоршаған ортаға да пайдалы. Себебі бұл материалдар жаңартылатын табиғи шикізаттан жасалған және толығымен ыдырап кетеді. Олар қайта өңдеуге де жарамды.

Ал экологиялық таза киім кигісі келетіндер органикалық мақта маталарына (химиялық заттарды қолданбай өсіріледі) назар аударуы керек. Олар жібекке ұқсас келеді. Ал бамбуктан, жүгеріден және балдырлардан жасалған матаны адамзат бұрыннан қолданып келеді. 

Табиғи өнімнен бетке арналған маска жасау

Осы мезгілде пісетін жемістер косметикалық құралдарды аз қолдануға мүмкіндік береді. Түрлі көкөніс пен жемісті, табиғи өнімдерді пайдаланып, үйде бет күтіміне арналған маска, крем түрлерін жасап көріңіз. Бірте-бірте осы іске әдеттеніп, күн суығанда косметика сатып алуды азайта аласыз. Себебі косметика жасауға химия қолданылады. Сонымен қатар мұндай өнімді әуелі жануарға сынап көріп жатады. Косметиканың сыртындағы құтысы да кейде қайта өңдеуге жарамсыз.

Көкөністерді жергілікті шаруалардан сатып алу

Әдетте азық-түлікті белгілі бір жерден көлікпен жеткізеді. Ал көліктен ауаға түтін, зиян заттар тарайды. Өз қалаңыздағы немесе үйіңізге жақын маңдағы шаруадан көкөніс пен жеміс-жидек алсаңыз, бұл – сіздің қоршаған орта тазалығына қосқан үлесіңіз. Сонымен қатар отандық өнімді қолдайсыз. Тіпті азық-түлік сырттан келетін тауардан арзан болуы мүмкін.

Сенбілік жасау немесе ауланы тазалау, ағаш егу

Күн жылыда табиғат аясына шығып әрі жолдағы қоқысты көтере кетсеңіз, бір оқпен екі қоян атасыз. Жеке үйде тұратындар ауласын тазалауына немесе бақшаға күтім жасауына болады. Көпқабатты пәтер тұрғындары келісіп, айналаны тазаласа, балалар да лас емес жерде ойнайды. Сонымен қатар жазда еңбек демалысына шыққандар тұрмыс қалдығын сұрыптау туралы оқып, оны әдетке айналдыра алады.

Тағы оқыңыз: Экобелсенділік: қоқысты қалай сұрыптаймыз?

Өз еліңе саяхаттау

Өзіміз тұратын жерге, елге саяхаттау оны кеңірек тануға мүмкіндік береді. Жақын маңдағы әдемі табиғатты, тауды, тасты көрсек, оны қорғап, таза ұстауды да үйренеміз. Табиғат қандай жағдайда екенін көру үшін кейде алысқа баруға тура келеді. Оның үстіне экотуризмнің дамуына үлес қоса аласыз.

Үйді экология жағынан тиімді орынға айналдыру

Біріншіден, үйге күннің жарығы жақсы түсетіндей етуге болады. Болмаса, энергияны үнемдейтін лампаларды қолданыңыз. Екіншіден, үйді экологиялық жағынан тиімді құрылғылармен тазалап көріңіз. Ал жиһаз ауыстырамын десеңіз, табиғи өнімдерден жасалғанына мән беріңіз. Тіпті жаңа техника алсаңыз да, ескісін утилизацияға жіберіңіз. Қоршаған ортаның тазалығына көмектесу оп-оңай.

Comments are closed.