Кино саласы экологияға қалай әсер етеді?

Бүгін біз кино саласының қоршаған ортаға қалай әсер ететіні туралы әңгімелейміз.
0
646
кино

Адамның әр әрекеті қоршаған ортаға әсер етеді. Адамзат тек сол әсер жақсы жағынан болуын қадағалап отырса, жеткілікті. Бүгін біз кино саласының қоршаған ортаға қалай әсер ететіні туралы әңгімелейміз.

Киноны түсіру

Бір рет қолданылатын реквизиттер

Фильмді түсіргенде түрлі зат реквизит ретінде қолданылады. Оған бір рет қана пайдаланылатын ыдыстарды, киімді және қағазды қосыңыз. Түсіру тобының әр мүшесіне тамақ көбіне пластик ыдыспен беріледі және ол қоқысқа тасталады.

Ecojer.kz платформасының хабарлауынша, фильм түсіруге пайдаланылған заттардың 95%-і қоқыс полигонына кетеді, қайта өңделмейді.

Транспорт

Үлкен қаражатқа түсірілген бюджеттік фильмдерге қолданылатын транспорттың өзі қоршаған ортаға 51% көлеміндегі көміртегін бөледі екен. Оның 30%-і – актерлар мен түсіру тобының жеке ұшып жетуі кезінде шығатын қалдық. Ал қалғаны – көлікпен қатынағаны үшін бөлінген қалдықтар.

Кинопленка жасау

Кинопленка жасау үшін орташа есеппен 2840 тонна СО2 бөлінеді екен. Ал мұндай қалдықты сіңіру үшін 1500 гектар көлемінде орман керек.

90-жылдары “Киноның тұрақты өндірісі” деген концепцияны талқылау басталған еді. Бұл қағида түсіру тобын қоршаған ортаға зияны аз транспортпен қамтамасыз етуді көздейді. Көмірқышқыл газын ауаға аз бөлетін көлік түрін пайдалануды және бір көлікпен бірнеше адамды алып жүруді қолдайды. Сонымен қатар фильмді дайындаған кезде бір рет қана қолданылатын ыдыс-аяқтан және тұрмыстық заттардан бас тарту ойда болған.

Экологиялық фильм түсіретін компанилар

Қазір “Жасыл кино” қағидасымен Universal pictures, Walt disney pictures, Wаrner broses, Columbia pictures және Paramount pictures кинокомпаниялары жұмыс істейді. Ұлыбританияда біраз кинокомпания жұмысын қоршаған ортаға зиянсыз етуге тырысады. Олар электр қуатын аз жейтін техникаларды қолданады.

Sony pictures компаниясының “Жаңа өрмекші адам 2” фильмі тарихта ең экологиялық фильм болып саналады. Осы фильмді түсіруді қоршаған ортаға зиянсыз ету арқылы авторлар 400 мың доллар үнемдеген екен. Тіпті бір рет қолданатын пластиктегі сусыннан бас тарту жалпы шығынды 60% қысқартуға көмектескен көрінеді.

Кинотеатр

Пандемияға дейін кинотеатрға көп баратын едік. Сол кезде сусын, попкорн және тағы басқа бір рет қолданатын ыдыстағы тағамдарды сатып аламыз. Көрермен кинотеатрдан шыққан соң тағамның сыртын, қалдығын өзімен әкетпейді. Арнайы қоқыс жәшігіне салады. Ал біз ішкен су мен тағамның қорабы қайта өңдеуге кетпейді, қоқыс полигонында жатады.

Демек халықтың кинотеатрға барып, онда бір реттік ыдысты қолдануы да қоршаған ортаға әсер етеді. Әр әрекетімізді табиғатқа зиянсыз ету үшін кішкентай қадамдардан бастауға болады.

Мысалы, кинотеатрға өз ыдысыңызға су құйып апарыңыз. Попкорнды қайта өңделетін қағазға салып беруді сұрауға да болады. Ол болмаса, арнайы пакеттегі попкорнды алуға мүмкіндік бар. Ең басты мақсат – бірреттік заттан бас тарту және оның қолданысын азайту.

Comments are closed.