Құс ұясын неге бұзбау керек?
Отбасы хрестоматиясының “Экософия немесе киелі табиғат” кітабындағы құс ұясы туралы әңгімені жариялап отырмыз.
Бірде Ұлықпан хәкім екі ұлын ертіп, жолға шығады. Ұлдары ағаш басынан құрқылтайдың ұясын көреді.
– Әке, ұяда балапан бар. Оны үйге әкетейікші, – дейді жалынып. Әкесі олардың көңілін қимайды. Ұяны қоржынына салып алады.
Үйіне келсе, екі балапан қоржында тұншығып өліп қалыпты. Хәкім байыбына бармастан балапандарды жерге көміп тастайды.
Арада жыл өткен соң, зұлым патша Ұлықпанға жала жауып, оны екі ұлымен зынданға тастайды. Зынданда хәкімнің ұлдары өледі. Сол кезде хәкім құстың обалы тигенін түсінеді. Ісіне тәубе етіп, Құдайдан кешірім сұрапты. Ертесіне зұлым патша мезгілсіз ажал тауып, хәкім зынданнан босап шығыпты. Қалған ғұмырында “Құстың ұясын бұзбаңдар, обалы тиеді” деп насихат айтып өткен екен.