#SOSTaldykol: 5 мыңға жуық құс енді қайда мекендейді?

0
906
кіші Талдыкөл

Кіші Талдыкөлді сақтау мақсатында құрылған қоғамдық ұйым өкілдері 1 сәуір – Халықаралық құстар күнінде қазақстандықтарға үндеу жасады. Бастама өкілдері Нұр-Сұлтанда влешмоб ұйымдастырып, Instagram парақшасында кіші Талдыкөлдегі құстардың жағдайы туралы айтты.

Видеоны мына жерден көре аласыз.

Видеода байқағанымыздай ұйым өкілдері қар мен мұздан құстың мүсінін жасап, көшеге қаз-қатар тізіп қойған. Қардан жасалған құстар аз уақытта еріп, жоқ болып кетеді. Егер Талдыкөл маңына құрылыс сала берсе, көлді мекендейтін 5 мыңға жуық құс та паналайтын жер таппай, жойылып кетуі мүмкін. Бастама өкілдері осы ойды видео арқылы жеткізіп отыр.

SOSTaldykol бастамашылары Нұр-Cұлтан әкімдігі мен қала әкімі Алтай Көлгіновтің кіші Талдыкөл ісіне мұқият қарауын, құрылысты тоқтатуын сұрап отыр.

Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтанда кіші Талдыкөл көлдерін құрылыс үшін құрғатып жатыр. Бұл дау 2020 жылы көтерілген еді. Сол кезде Нұр-Cұлтан әкімдігі кіші Талдыкөлді батпақты аймақ деп, құрғатуға бел буған. Содан бері экологтар мен аймақ тұрғындары құрылысқа қарсы шығып, наразылығын білдіріп жатыр. Жергілікті тұрғындар жасанды бассейннің керегі жоқ екенін, оның орнына табиғи көл тұрғанын айтады.

Қазақстан Биоалуантүрлілікті сақтау ұйымының мәліметінше, кіші Талдыкөлде 5 мыңға жуық құс мекендейді. Оның ішінде қанаттылардың 31 түрі бар. Мамандардың айтуынша, кіші Талдыкөл құстардың мекендеуіне таптырмайтын орын. Көлдің саяздығы тамақ табуға қолайлы, ал қамысты жағалау балапан басуға ыңғайлы екен.

Ал сәулетшілер кіші Талдыкөл құрғатылған күнде де жер асты суы қайта шығатынын, тіпті салынып қойған ғимараттарға қауіп төндіретінін айтып, дабыл қағып отыр.

Comments are closed.