Алматыда қандай экологиялық шаралар іске асады?

0
1193

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беру кездесуі барысында Әуезов ауданының тұрғыны экология мәселесін көтерді.

Бақытжан Сағынтаев қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.

“Ең бастысы – ЖЭО-2 газға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Өткен жылы бұл мәселе шешілді. Газға көшірудің әртүрлі схемасы болды, биыл “Самұрықэнерго” жобалау-сметалық құжаттаманы дайындап жатыр. 2022 жылдан бастап әрбір алты ай сайын екі қазандықтан жаңғырту жүргізіледі. 2025 жылдың соңына қарай барлық сегіз қазандық агрегатын газға көшіруді аяқтау жоспарда. Қаржыландырудың тиісті схемасы мен газ жеткізу көлемін Үкімет шешіп үлгерді, Энергетика министрлігі “Самұрықэнергомен” бірге бұл мәселемен айналысып жатыр. Біз қала тұрғындарына бастаманы қолдағаны және мәселені үнемі қадағалап отырғандары үшін алғысымызды білдіреміз”, – деп жауап берді әкім.

Бақытжан Сағынтаев көліктен шығатын қалдықтар  мәселесі шешіліп жатқанын айтты.

“Бізде 500 мыңнан астам көлік тіркелген және күн сайын қалаға 250 мыңнан астам көлік кіреді. Біз пандемия кезінде ауа тазарғанын көрдік. Қапшағай, Талғар, Қаскелең тарапынан кептеліс болмауы үшін қала бойынша жолайрықтар салып жатырмыз. Индустрия министрлігімен жолдарды кеңейту мәселесі пысықталады. Қала маңынан электр пойыздарын іске қосуды ұсындық, қазір жеке қаражат есебінен Талғар бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Дәл осындай жұмысты біз Қаскелең жағына қарай жүргізіп жатырмыз”, — дейді Бақытжан Сағынтаев.

Қаланың экологиясын жақсарту үшін 2019 жылы “Жасыл Алматы” бағдарламасы қабылданды. Жоба аясында үш жыл ішінде 1 миллион ағаш егу жоспарланып отыр.

“Бағдарламаны жариялаған кезде көп адам бұл мәселеге күмәнмен қарады. Өткен жылы біз 300 мыңға жуық ағаш ектік және жұмысты жалғастыра береміз. Жасыл экономика басқармасының сайты арқылы қаламызда қанша ағаш бар екенін көруге болады. Экология әрқашан ерекше бақылауда”, — деп атап өтті әкім.

Сонымен қатар, алматылық Сая Қарсен Бостандық ауданы мен Іле-Алатау саябағының шекарасындағы Sulpak дүкені маңындағы ағаштардың кесілуіне қатысты сұрақ қойды.

“Бұл дерек бойынша іс ҚПК 300-бабы бойынша өндіріспен аяқталды және іс қала прокуратурасына жіберілді”, — деп жауап берді Алматы полиция Департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.

Comments are closed.