Алматыда заңсыз оталған ағаштар: іс прокуратураға жолданды

0
985

Алматыдағы Sulpak дүкенінің маңында “Қызыл кітапқа” енген емен ағаштарын кесу ісі прокуратураға жіберілді. Бұл туралы Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов айтты деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың есеп беру кездесуінде “Sulpak дүкенінің маңында оталған ағаштар үшін біреу жазаланды ма?” деген сұрақ қойылды. Жауапты Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов берді.

“Бұл факт бойынша қылмыстық іс өндіріспен аяқталды, қылмыстық іс жүргізу кодексінің 300-бабы бойынша прокуратураға жолданды (“Айыптау актісі мен қылмыстық істі прокурорға жолдау” – автор)”, – деді Таймерденов.

Еске салайық, бұған дейін алматылықтар Төле би көшесіндегі ағаштардың кесілгеніне наразылық білдірген еді. Тұрғындардың кейбірі ағаштардың кесілгеніне Sulpak компаниясы кінәлі екенін жазған. Алайда Sulpak өкілдері ағаштар кесілген аумақ компания меншігіне жатпайтынын мәлімдеген.

Ал бірақ кейінірек Алматы әкімдігінің өкілдері ағаштардың Sulpak мердігерлері кескенін айтқан. Әкімдіктегілердің мәліметінше, 13 ағаш (9 емен және 4 қарағай) кесілген.

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Ол Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік терксеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырған еді.

Comments are closed.