Елімізде жануарды қорлағаны үшін айыппұлды 2000 АЕК-ге дейін ұлғайтуды ұсынды
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өткен жылдың желтоқсан айында “жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізді. Құжатта жануарларға жауапкершілікпен және адамгершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған нормалар бар.
Заң жобасы қабылданғаннан кейін жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсатында пайдалану кезінде, сонымен қатар ғылыми зерттеулер, биологиялық тестілеу, оқу процесі және медициналық мақсаттарда пайдаланылатын эксперименттік жануарларды күтіп-бағу мен өсіруге қойылатын талаптар күшейтіледі.
Бұдан басқа қоғам белсенділері қолданыстағы заңнамаға жануарларға жарақат келтіруді және оларды жансыздандыруды, жануарларды союға тыйым салуды, сонымен бірге оларға қатыгездікпен қарауды насихаттаудың өзге де нысандарын насихаттайтын баспа, дыбыс-бейне өнімдерін көрсетуге, таратуға тыйым салу жөніндегі нормаларды қосу туралы қосымша ұсыныс енгізуді жоспарлап отыр.
Мүдделі мемлекеттік органдар жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін айыппұлды 2000 АЕК-ге дейін ұлғайтуды немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды ұсынады. Ол үшін Қылмыстық кодекстің 316-бабына өзгерістер енгізу талап етіледі.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету ережелерін, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік кодекстің 408-бабын қатаңдату жолымен айыппұлды 20 АЕК-ге дейін ұлғайту ұсынылды.