Экосенбілікті қалай ұйымдастырамыз?

0
1275

Әуелі экосенбіліктің жай сенбіліктен қандай айырмасы бар екенін түсіндіріп өтейік. Экосенбілікте жиналған қоқыс қайта өңдеуге өткізіледі. Бір де-бір қоқыс полигонға кетпейді, бәрі қайта өңделетіндей бөлек жиналады. Негізгі айырмашылық – осы.

Кейінгі жылдары экосенбілік ұйымдастыру сәнге айналып жатыр. Бірақ пандемияға байланысты көп адамды бір жерге жинауға тыйым салынған. Сондықтан сенбілік ұйымдастырғанда нені ескеру керек екенін әңгімелейміз.

Егер сіз нақты орынды анықтап, сол жерде экосенбілік ұйымдастыруды ойласаңыз, онда мына қадамдарды жасау қажет:

  • Біріншіден, экосенбілік жасайтын жерді анықтап алу қажет. Бұл ретте таңдалған жер сенбілікке қатысатын адамдарға зиян болмағаны дұрыс. Сонымен қатар біреудің жеке учаскесіне, үйіне кіруге болмайды.
  • Екіншіден, сенбілік болатын күнді және қанша сағатқа созылатынын алдын ала белгілеу керек. Әдетте экосенбілік күндіз болады және ауа райы ескеріледі. Мысалы, жазда таңғы 6-7-де сыртқа шығып, түске дейін тазалап бітуге мүмкіндік бар. Себебі түсте күн ыстық болады да, адамдар әлсірей бастайды. Ал қыста 11-12-де бастаған ыңғайлы. Бұл кезде таңғы салқынның беті қайтып, күн шығып тұрады.
  • Үшіншіден, тұрмыс қалдығын қайта өңдейтін ұйыммен келісу керек. Олар экосенбілік болған жерден қалдықтарды әкете ала ма, жоқ па, алдын ала сұрау қажет. Себебі кейбір компаниялар қаланың сыртында орналасқан. Егер жиналған қоқыс тым көп болса, қаланың сыртына жай көлікпен бару тиімсіз болады. Мұндай кезде арнайы жүк көлігін шақыруға тура келеді. Ал қалдықтар аз мөлшерде жиналса, автокөлікпен жеткізген ыңғайлы.
  • Қай жерде экосенбілік өткізесіз, сол ауданның әкімдігімен келісуіңіз керек. Мұндай қадам әкімшілік пен жер иесінің шағымданбауы үшін қажет. Себебі кейде арнайы таңдаған жер біреудің жекеменшігінде болуы мүмкін. Болмаса, ол жер адамдарға қауіпті деп танылуы да ғажап емес. Сондықтан әкімдікпен келісіп алған дұрыс. Сонымен қатар аудан әкімдігі де жиналған қоқысты арнайы орынға апаруға көмектесуі де мүмкін.
  • Келесі қадам – экосенбілікке қатысқысы келетін адамдарды жинау. Әлеуметтік желілерде сенбілік болатынын айтып, жақын маңдағы үйлерге хабарлама ілуге болады. Пәтер иелері кооперативіне де бір ауыз айтып, көршілер мен әріптес-достарыңызды да шақыра аласыз. Егер сенбілікке қатысқысы келетін адам көп болса және сіз оларды жақын танымасаңыз, азаматтарды онлайн тіркеуге болады.
  • Экосенбілік болатынын хабарлаған кезде негізгі ақпараттың бәрін жазу керек. Хабарландыруда экосенбілік уақыты, орны, не алып келу керек екені көрсетілуі қажет. Мысалы, ыңғайлы киіну, су алып келу және кешіккен кезде не істейтіні туралы.

Фото: yvision.kz

Қосымша

Егер экосенбілік орны қаладан алыс болса, ол жақта ұялы байланыс болмаса, мұны жақындарыңызға міндетті түрде ескертіңіз. Олар қайда кеткеніңізді, қаншада келетініңізді біліп отырғаны дұрыс.

Егер экосенбілікті жалғыз ұйымдастырсаңыз, бәріне үлгермеуіңіз мүмкін. Сондықтан қасыңызға координатор болатын адамдарды бекітіңіз. Оларға негізгі ережелерді айтып, алғашқы көмекті қалай көрсетуге болатынын да үйретіп қоюға болады. Мұның бәрі қатысушылардың қауіпсіздігі үшін.

Сенбілікті бастамай тұрып жұмыстың қанша уақытқа созылатынын жоспарлау қажет. Ол үшін сенбіліктің сағат қаншада басталып, қай уақытқа дейін созылатынын және қоқысты алып кететін көліктің келетін кезін анықтап қойған дұрыс.

Фото: yvision.kz

Экосенбілікке мынадай заттар қажет:

  1. Сенбілікке керек құралдар және олардың саны (үлкен қап, қолғап, пакеттер, күрек, тырма, қармақ және тағы басқа). Құралдар қай жерді тазалайтыныңызға байланысты таңдалады.
  2. Алғашқы медицина көмегін көрсету үшін дәрі қобдишасы керек. Ішінде дәрілер жеткілікті көлемде болсын.
  3. Сенбілік қатысушыларын оңай ажырату үшін мүмкіндігінше бірдей бейдж, кепка немесе футболка дайындаған жақсы. Тек біреуін жасап, бәріне таратсаңыз, сенбілікті бірігіп істеуге де жағымды көңіл-күй береді.
  4. Сенбілікке шығар кезде қолыңызда микрофон немесе рупор болғаны дұрыс. Әсіресе қатысушылар саны 50 адамнан жоғары болса, мұндай құралдар қажет болады.
  5. Су және жүрек жалғайтын нәрсе алып шыққан жөн болады. Себебі сенбілік 4-5 сағатқа созылып кетсе, қатысушылардың қарны ашады. Әдетте ұйымдастырушылар адамдарға өзімен бірге су және тамақ алып шығуды ескертеді.
  6. Тазалайтын орынға бару үшін мүмкіндігінше транспорт жалдауға да болады.

Экосенбілік ұйымдастыратын кезде барлық қатысушыға нұсқаулық берілуге тиіс. Онда мына нәрселер жазылуы керек:

  • Қоқысты маркасына қарай бөлек жинау керек екені туралы
  • Қауіпсіздік ережесі
  • Дәрі қобдишасы кімде екені
  • Тазалайтын орыннан кетпеу және сенбіліктің аяқталу уақыты

Сонымен қатар сенбілікке шыққан адамдарға бір-біріне қарайлап жүруін өтініңіз. Әлсіреп, өзін жағымсыз сезініп тұрған адамды көпшілік байқамай қалуы мүмкін.

Сенбілікке қанша адам қатысатынын алдын ала біліп алыңыз. Осыдан кейін жұмысқа кірісуге болады. Өз қаласында экосенбілік ұйымдастырып, қоршаған ортаға бейжай қарамайтын адамдарға сәттілік тілейміз.

Comments are closed.