Дания экология мәселесіне қалай көңіл бөледі?

0
2515

Қажы Акбар Аюби Даниядағы жел диірменін шығаратын Vestas Wind Systems  компаниясында 7 жыл, ал дәл сондай Siemens Gamesa Renewable Energy  компаниясында 3 жыл бизнес сарапшы әрі HSE маман болып жұмыс істеген. Қазір де Данияда жел диірменін шығаратын ұйымда қызмет етеді.

Ecoinfo.kz сайты Қажы Акбар Аюби мырзаға хабарласып, Дания елі табиғатты қорғауға қаншалық көңіл бөлетінін сұрады.

– Дания халқының қоршаған ортаға, табиғатқа көзқарасы қандай? Олардың табиғат пен жан-жануарларға қатысты қандай әдеттерін байқадыңыз?

– Дания – табиғатты қорғаудан, жасыл энергияны қолданудан дүниежүзінде бірінші орында тұрған елдің бірі. Осында мектеп оқып жүрген қызымнан “Сендерде табиғатқа қатысты пән бар ма?” деп сұрадым. Ол “жоқ” деп жауап берді. Себебі даниялықтар экология мәселесін басқа саладан бөліп қарастырмайды. Мектепте табиғатты қорғау мәселесі физикада да, химияда да, математика мен әдебиетте де айтылады. Экология министрлігі деп бұл мәселені тек бір мекемеге жауып қоймайды, табиғатты қорғауға бәрі жұмыла кіріседі. Себебі қоршаған ортаның таза болуы тек бір адамға немесе бір орталыққа ғана тиесілі нәрсе емес.

Өмірде бәрін салыстырмалы түрде түсінеміз ғой. Мысалы, мен Қазақстанға бармасам, Данияның табиғатқа қаншалық көңіл бөлетінін байқамас едім. Себебі табиғатты қорғау, таза ұстау даниялықтардың қанына сіңіп кеткен. Ал менің Данияда тұрғаныма 31 жыл болды.

10 шақты жыл бұрын балаларыма Қазақстанды көрсетейін деп, қыдырып бардық. Бәрі Бурабайды мақтаған соң сол маңдағы ең жақсы отельден орын алдық. Бірақ Бурабайға барып таңғалдым. Көлдің маңы қоқысқа толып қалған. Адамдар ішіп-жейді де, қалдығын лақтырып кете береді. Барған күні көрген жерімнен қоқысты көтеріп, жәшікке салып жүрдім. Екінші күні тағы да көзіме ілінген пластикті көтеріп, жинадым. Бір кезде бұл нәрсенің бітпейтінін түсіндім. Егер көшедегі қоқысты жинайтын болсам, 24 сағат бойы жұмыс істеуім керек. Қазақстанда айналаны ластамай өмір сүру, табиғатты қорғау қағидалары қалыптаспағанын байқадым.

Даниялықтар ішкен сусынының құтысын көшеге тастап кетпейді. Үйіндегі жәшікке немесе көшедегі қоқыс жәшігіне салады. Мысалы, Данияға мигранттар келіп жұмыс істейді. Олардың кейбірі қоқысты далаға тастап кетеді. Бірақ соны көрген дат халқы артынан барып, қоқысты жәшікке салып кетеді. Тіпті мигранттарға “Неге қоқысты тастадың?” демейді. Бір жағынан дат халқы “Табиғатты ластаған надан адамға бірнәрсе айтып, уақыт жұмсаудың қажеті жоқ” деп есептейді. Сөзбен емес, іспен үлгі көрсетеді.

Табиғатты аялау дат халқының дәстүріне, тұрмысына еніп кеткенін айттым ғой. Екіншіден, бұл іске билік те бейжай қарамайды. Мемлекет халықты әбден оқытқан, табиғатты қорғауға үйреткен. Бұл үрдіс бір жылда, бір айда бола салған нәрсе емес. Жүздеген жыл бойы мектептегі кез келген пәнде адам мен табиғаттың қарым-қатынасы туралы айтылады. Экология мәселесін тәрбиеге, білімге қосқаны сонша, кез келген азамат айналасын ластамайды, шашпайды.

Қоқысты шашатын адамдар бар, жоқ демеймін. Бірақ сол шашқандардың қоқысын кейбірі жинап, өткізіп, ақша табады. Данияда сусынның бөтелкесін өткізсең, оның бағасының белгілі бір бөлігі қайтады, яғни бөтелкені ақшаға өткізе аласың. Сонымен қатар Дания 2030 жылы бензин, дизель сияқты жанармаймен жүретін көліктер сатылымын тоқтатады. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Сәйкесінше электр энергиясымен жүретін көлікті арзандатып жатыр. Табиғатты ластамау үшін де халыққа жағдай жасалған. Данияда кейінгі жылдары ұлттық парктер көбейіп жатыр. Тіпті жеке кәсіпкерлердің өзі жерді сатып алып, сол жерге ағаш егіп, парк жасайды.

Қажы Акбар Аюби

Қажы Акбар Аюби. Фото жеке архивінен

– Сіз жұмыс істейтін компания немен айналысады? Жел диірменін орнатудың қандай пайдасы бар?

– Vestas Wind Systems компаниясы жел диірменін шығарады және оны орнатады. Мұндай диірмен электр энергиясын алуға қажет. Себебі жел таза энергия болып саналады. Жел диірменін шығаратындықтан компания нақты табиғат пен адам өмірінің қауіпсіздігіне құрылған.

Мысалы, бір жел диірменіне 200 литрге дейін май құйылады. Оны ауыстырып отыру да маңызды. Бірақ осы майдың табиғатқа зияны болмауы үшін мен жұмыс істейтін компания оны сақтап отырады. Сонымен қатар зауыт-фабрикалардан қаншама зиян зат ауаға тарайтынын қадағалап, соған сай қызмет ұсынады. Қысқаша айтқанда біз сол зауыттардың зиян ауа шығармауына атсалысамыз. Сосын табиғи электр энергиясын қаншалықты қолданып жатқанымызды үнемі қадағалаймыз. Фабрикаларда қалдық қалса, оны басқа не нәрсеге жарата алатынымызды ойластырамыз. Адамның қандай игілігіне қанша литр су кетіп жатқанын да есептейміз. Үйдегі немесе компаниядағы температураны қалыпты ұстау үшін қанша энергия кетіп жатқанын бақылап отырамыз. Ең басты мақсатымыз – өндірістің табиғатқа, халыққа зиян алып келмеуі.

Компания өзі шығарған жел диірменін көрінген жерге орналастыра бермейді. Мақсатымыз табиғатқа келетін зиянды азайту болғандықтан бәрін ретімен, тәртіппен істейміз. Мысалы, құстар бір континенттен екіншісіне ұшады. Егер бір жерге жел диірменін қою керек болса, әуелі ол жерден құстардың ұшатын-ұшпайтынын тексереміз. Егер диірмен құстардың еркін көшуіне кедергі болса, диірмен орнатылмайды. Себебі тіршілік иелерінің, табиғаттың сақталуы Дания үшін маңызды. Компанияның істеп жатқан жұмысы табиғатқа зиян болмауы керек.

Сонымен қатар Дания тек өз жерінің табиғатын ойламай, басқа мемлекеттерге де көмектесіп отырады. Дат мамандары шетелдің ірі компанияларына қалдықсыз өнім шығару жағынан үнемі кеңес береді. Қытай, Үндістан ауасын қалай тазартуы керек, осы мәселені де даниялық мамандар айтып бере алады. Мен жұмыс істейтін компания да өзге елдің табиғатты қорғауға қатысты заңының аясында жұмыс істейді. Бұл – бірінші қағида. Екіншіден, біздің компанияның да өзіне тән ішкі заңы бар және бұл ереже басқа елдің заңынан да қатал.

– Данияның экологияға қатысты қандай тәжірибесі Қазақстанға қажет деп ойлайсыз?

– Қазақстан шетелдегідей экологиялық шаралар енгізуі үшін оған халық дайын болуы керек. Адамдар сауатты болмай, тірлік оңбауы мүмкін. Осы ретте дат халқының маған ұнайтын тұсы – олар бүкіл елді, Жер ананы біздің үйіміз деп қарайды. Тек Данияны ғана аялап қоймай, басқа елдердегі экологиялық проблемаға алаңдайды. Сондықтан да ірі мемлекеттерге қалдықсыз өнім шығаруға көмектеседі, тегін кеңес те береді. Бір жағынан бұл бизнеске де пайда. Өйткені тегін кеңес бере отырып, “Бұл проблеманы шешу үшін мына компанияға жүгіне аласыз” деп жарнама жасап жібереді. Осының арқасында Дания әрі табиғатты сақтауға көмектеседі әрі өз компаниясына жұмыс тауып береді.

Өзімнің байқауымша, Қазақстанның экология министрлігінде жүрген адамдардың өзі сауатсыз. Елде экология бағытында өте жақсы білетін, шешім ұсына алатын маман өте аз. Экология проблемасының 80%-і мемлекетке байланысты. Данияның қалдықсыз өмір сүру бойынша әлемде алғашқы орында тұрғаны биліктің нақты шара қолдануының арқасында. Мемлекет шырылдап, бәрін істеп жатыр, заңды да күшейтеді, халыққа мүмкіндікті де береді.

Ал қалдықсыз өмір сүруде қалған 20%-і халықтың қолында. Меніңше, халық табиғатты қорғауға байланысты ақпаратпен көп танысуы қажет. Бұл үшін де халыққа сапалы ақпарат берілуі керек. Қазақстанда байқағаным адамдар көбіне ақпаратты орысша дереккөзден алады. Негізі ағылшын тіліндегі ақпарат бірінші дереккөз болып саналады ғой. Сондықтан қандай да бір істі бастарда батыс елдерінен үйрену керек деп ойлаймын. Себебі Еуропада ғылыммен айналысатын адамдарға шектеу жоқ. Сондықтан олар кез келген нәрсені еркін зерттейді, айтады. Еуропа бірнәрсе ойлап тапса, соны Қытай да көшіріп, жасап шығады. Бірақ онікі Еуропадағыдай болмайды, артта қалып жүреді. Себебі Қытайда бірінші орында жүретіндей еркіндік жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Comments are closed.