Ірі компаниялар кеңседен шыққан қалдықты қалай сұрыптай алады?

0
1276
Пәкизат Сайлаубекова

Ecoinfo.kz порталы эколог әрі экобелсенді Пәкизат Сайлаубековамен сұхбаттасып, тұрмыс қалдығын кеңседе қалай сұрыптауға болатынын және іс-шараны қоршаған ортаға зиянын тигізбей өткізу жолы туралы сұрады.

Өндірісте, жұмыс орнында, кеңседе қалдықтарды сұрыптау жүйесін қалай енгізуге болады?

– Ең бірінші қадам – пайда болатын қалдықтардың түрлерін зерттеу. Көбіне кеңседен қағаз-картон мен пластик шығады. Осыған байланысты ең бірінші осы екі материал түрінен бастауға кеңес беремін.

Екінші қадам – сұрыпталған қалдықты жинайтын орынды белгілеу және арнайы контейнер орнату. Контейнердің сыртына оның қандай қалдыққа арналғанын жазып қоюды ұмытпау керек.

Үшінші қадам – қызметкерлер мен кеңсені тазалайтын адамдарға арнап экосауат сабағын өткізу. Осындай жиында компанияның неге тұрмыс қалдығын сұрыптауға көшкені нақты түсіндіріліп, қадам-қадаммен айтылуы керек. Сонымен қатар басшылық тұрмыс қалдығының көптігінен болып жатқан проблемалар туралы және оны қалай шешуге болатынын айтып өтсе, артық болмайды.

Төртінші қадам – жиналған қалдықтарды өңдеуге тапсыру. Бұл жерде пунктілерге барып тапсыруға болады немесе кеңсеге алып кететін компанияны шақыруға болады.

Тұрмыс қалдығын сұрыптау компанияның жұмысына қай жағынан пайдалы?

Ірі компаниялар қоқысты сұрыптап, өткізуді бастаса, осыған дейін пайда болған қоқыстың мөлшері екі есе азаяр еді. Өйткені қоқыстың 80%-ін қайта өңдеуге болады.

Екіншіден, компания Қазақстанда үлкен қалдықты жинау, сұрыптау және өңдеу саласының дамуына көмектесіп, үлесін қосады.

Үшіншіден, компания корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін арттырады (KPI).

Қазір кез келген іс-шараны қоршаған ортаға зиянын тигізбей өткізуге болады дейді. Осыны түсіндіріп беріңізші? Азаматтар көпке ортақ жиындарда, орындарда қалай экобелсенді бола алады?

– Дұрыс айтасыз, кез келген іс-шараны экология жағынан зиянын азайтып өткізуге болады. Осы жұмысты біз әрдайым атқарып жүруге тырысамыз.

Көп адам жиналған жерде қалдықтар да үйіліп қалады. Біраз іс-шарада бір рет қана қолданылатын заттар болады. Өкінішке қарай, сол заттардың көбі өңделмейді. Мысал ретінде тағамдар сатылатын орындарды айта аламыз. Осы мәселені мынадай екі жолмен шешуге болады:

1) заттың өңделетін түрін қолдану және оны сұрыптап, өңдеуге тапсыру,

2) қораптың экологиялық алтернатив түрін қолдану.

Сонымен қатар электр қуатын, суды және тағы басқа заттарды үнемдеу жолдарын табу және қолдану деген сияқты шараларды жасауға болады.

Азаматтарды экосенбілікке қалай қызықтыруға болады?

– Меніңше, экология мәселесін, қоршаған ортаның күннен-күнге ластанып, нашарлап бара жатқанын адамдарға айтудан шаршамау керек. Айтқанда да ұрыспай-ақ, өзіңді немесе досыңды жеке мысал ретінде көрсету қажет. Тұрмыс қалдығының зиянын түсіндіру қажет. Оны мектептерде және басқа да оқу орындарында экологиялық ағарту жұмысын жүргізу арқылы қолға алуға болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Comments are closed.