экология

Экологиялық әдеттерді ұстанып, ақша үнемдеуге болады

0
680

Экологиялық әдеттер деп табиғат пен қоршаған ортаға зиянсыз әрекеттерді атауға болады. Ecoinfo.kz бұл мақалада сол экологиялық әдеттерді күнде орындап, дағдыға айналдыру ақшаны қалай үнемдейтінін әңгімелейді.

Мына экологиялық әдеттер арқылы ақша үнемдеуге болады:

Сусын сатып алмай, оны үйден алып шығу арқылы

Мысалы, Қазақстанда 0,5 литрлік бөтелкедегі сусын 150-350 теңге аралығында тұрады. Егер адам мұндай суды күнде алып, ішетін болса, онда 30 күнде орта есеппен 6000 теңге жұмсайды. (200*30=6000 теңге)

Егер күнара ішеді десек, онда шамамен 200*15=3000 теңге құртады. Сонымен қатар энергетика сусындарын да есептеп көрейік. Мысалы бір энергетика сусыны шамамен 500 теңге тұрады десек, адам оны бір айда 15 күн ішсе, 7500 теңге құртады екен. Ал егер осы нәрселерді сатып алмайтын болса, орнына бөтелкеге су құйып алып жүрсе, қаржысының аз бөлігін өзіне алып қала алады. Бұл әдеттің тағы бір тиімді тұсы – пластик бөтелкені қоқысқа лақтырмау.

Кофені үйде немесе жұмыста дайындап, ішу арқылы

Бір шыныаяқ кофенің ең арзаны 500 теңге тұрады деп есептейік. Егер күнде кофе сатып алып ішсе, бір айда 15 000 теңгесі кетіп қалады. Кофені күнде сатып алмайды десек те, 15 күнде 500 теңгелік кофеге айына 7500 теңге жұмсалады екен.

Енді экологиялық әдеттерді ұстанған адам өзі ыдыс алып, кофені жұмыстағы аппараттан немесе үйден дайындаса, қаржысы қалтасында қалар еді. Оған қоса кофенің қайта өңделмейтін бірреттік стақанын қолданбау арқылы қоқыстың көбеюіне жол бермейді.

Жаңа зат сатып алудың орнына оны жөндеу арқылы

Үйдегі шкаф немесе тоңазытқыш, қолыңыздағы смартфон немесе сөмке бұзылып қалса, көбіне жаңасын сатып алғанға қарағанда оны жөндеу арзанырақ шығады. Оның үстіне бұйым жаңа әрі көп қолданыла қоймаған, жақсы жағдайда болса, әлі де пайдалануға мүмкіндік берген жөн. Экологиялық қағидалар бойынша заттарды жаңалай беру, бірін тастап, екіншісін алу құпталмайды. Мысалы, 150 мың тұратын смартфон алудың орнына қолыңыздағыны 40 мыңға жөндетіп, ақша үнемдей аласыз. Ескі шкафты жөндеп, сырлап, жаңалап қойса да көп қаржы кетпейді. Немесе бұзылған жиһаздан басқа бұйым жасап қоюға да болады. Жейде үтікке жабысып, шалбар тесіліп жүрсе, дәл сол бүлінген орынға қолдан бірнәрсе жасай аласыз. Фантазияға ерік беріп көрсек, бәрі мүмкін.

Қажетсіз немесе ұнамайтын затты сату арқылы

Технология мен онлайн қызметтің дамығаны күнделікті адам тіршілігін жеңілдетті. Бұрын өзіңіз қолданбайтын бұйымды сату үшін базарға апарып немесе үйге адам шақырып көрсетсеңіз, қазір оны сату үшін бірнеше кнопка баса салуға болады. Пайдаланбайтын затты фотоға түсіресіз де, түрлі хабарламалар сайтына саласыз. Бұйымды қалағаныңызша сипаттайсыз, тіпті кем тұсын да атай аласыз. Ал сатып алғысы келген адам есігіңіздің алдынан алып кетеді. Осылайша бір затты қоқысқа тастамай, оның одан әрі ұзақ қолданылуына мүмкіндік беру арқылы да ақша үнемдеуге болады.

Жарықты сөндіріп, суды аз жұмсау арқылы

Смартфонды қуаттап болған соң да оны тоқтан суырмайсыз ба? Тіс жуғанда суды ағызып қоясыз ба? Қарапайым ғана әдеттер күнделікті тұрмыста қолданылса, коммунал қызметтерге төлейтін қаржымыз аз да болса, үнемделер еді. Себебі құрылғы тоқта тұрғанда және толған жағдайда да электр энергиясын құрта алады. Ал суды үнемдеу, ысырапқа жол бермеу арқылы қаржыны ғана емес, табиғи ресурсты да үнемдеген боласыз.

Сырттан тамақтанбай, тағамды үйде пісіру арқылы

Дәрігерлер тез дайындалатын, қуырылған, жартылай дайын тағамдардың адам ағзасына зияны болатынын айтып жүр. Олардың құрамындағы түрлі дәмдеуішті, ГМО және тағы басқа қоспаларды есептеп көріңіз. Ал фастфуд өнімдері сыртта сатылады. Адам оны көбіне сатып алып жейді. Оның үстіне олар бірреттік ыдыспен беріледі.

Енді фастфуд жегіміз келген жағдайда оны сырттан сатып алмай, үйде дайындасақ немесе пайдалы тағамдар пісіріп жесек, қаржы үнемдей аламыз. Мысалы, cатып алсақ, бургер+фри+сусын=1200-1500 теңге шығады. Орнына үйдегі азық-түлікпен тағам дайындасақ, қаржы қалтада қалады.

Таксиге емес, автобусқа міну немесе велосипед, самокат айдау арқылы

Такси бағасы мен қоғамдық маршрутқа кететін шығын салыстыруға келмейді. Автобусқа шамамен 100 теңге көлемінде қаржыңыз болса, міне аласыз. Ал таксиге одан көбірек, тіпті кептеліс, қарбалас уақытында тым көп төлеуге тура келеді. Мысалы, мегаполисте тұратын азамат күнде жұмысқа таксимен барып-келсе, онда 20 күнде 40 000 теңгедей жұмсап жібере алады (2000*20=40 000 теңге). Дәл осы азамат күнде жұмысына қоғамдық көлікпен барса, әлдеқайда аз, 3200 теңге жұмсайды (160*20=3200 теңге).

Самокат немесе велосипедпен жүру тіптен тегін. Тек дәл осы қозғалыс құралын сатып алып қойсаңыз, болғаны. Оның үстіне велосипедке ешқандай жанармай қажет емес. Ал қазіргі самокаттарды уақытылы қуаттап отырсаңыз, жеткілікті. Тек жолда абай болыңыз.

Жеміс-жидек пен көкөністі жергілікті фермерлерден алу немесе үйде өсіру арқылы

Жер үйде тұрсаңыз, аулаға күнде жейтін көкөніс пен жемісті егіп, жылда соны пайдалануыңызға болады. Өзіңіз өсірген соң оған химикат қосылған-қосылмағанын, қандай жағдайда өскенін білесіз, сенімді боласыз. Ең бастысы көкөністі сырттан алмай, өз бақшаңыздан жұлып, жеп, қаржы үнемдей аласыз.

Сонымен бірге негізгі азық-түлікті өз қалаңыздағы, ауылыңыздағы фермерлерден арзанырақ алуға мүмкіндік бар. Себебі тауарды сырттан алып келетіндер жолақысын да қоса есептеп жатады. Ал жергілікті фермерлер тасу жағынан қаржы жұмсамайтындықтан оның тауары әлдеқайда арзан шығуы әбден мүмкін. Оған қоса азық-түлікті жеткізу кезінде көліктен түрлі газ бөлінетіні тағы бар.

Қолданылған заттарды сатып алу арқылы

Кейде балаларға арналған бұйымдарды және бір рет қолдануға қажет болған заттарды міндетті түрде дүкеннен сатып алудың қажеті жоқ. Себебі балалар тез өседі, бүгін алған киім бірер уақыттан соң оған тар болады. Ал нәрестенің кереуеті, арбасы, орындығы да ол өскен соң шаң басып қалуы мүмкін. Сол себепті тек бір сәтке керек болатын заттар мен балалар бұйымдарын өзге адамдардан арзанырақ сатып алу арқылы әрі қаржы үнемдеуге, әрі табиғи ресурс үнемдеуге болады.

Салфетка орнына мата майлық қолдану арқылы

Қонақ шақырғанда қағаз салфетка қоясыз ба әлде мата майлықты жөн санайсыз ба? Егер экологиялық әдеттер тұрғысынан қарасақ, қайта жуып қолдануға болатын мата майлық тиімді. Оны тек бір рет сатып аласыз да, бірнеше жыл қолдана аласыз. Тек қолданған соң жуып тұру керек. Ал әр қонақ келгенде қағаз салфетка алсақ, ақша көбірек жұмсаймыз әрі қоқысты көбейтеміз. Адамдардың тамақтану кезіндегі әдебі өзгеріп, бірреттік салфетканы бейберекет қолдануы да қоршаған ортаны көбірек ластауы мүмкін.

Кітапты электрон түрде оқу арқылы

Әр қағаз үшін ағаш кесілетіндіктен экобелсенділер кітапты да ұқыпты пайдалану керек екенін айтады. Осындай кеңестер қатарына кітапты сатып алмай, бар кітапты алмасып оқу да жатады. Сонымен қатар кітапты электрон түрде оқуға болады. Бұл арқылы әр адам ағаштың көп кесілмеуіне, соған сай кітап көп өндірілмеуіне белгілі бір деңгейде үлес қосады. Арнайы электрон кітап құрылғысын сатып алсаңыз, қалаған кітапты жүктеп, оқи бересіз. Бұл оны өзіңізбен алып жүруге де ыңғайлы.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.