“Киік – менің балалық шағым”: Марғұлан Сейсембай ақбөкенді атуға қатысты пікірін жеткізді
Киіктердің Оралдағы популяциясы шектен тыс көбейіп, аймақтың ауыл шаруашылығына зиян келтіріп жатқандықтан Қазақстан билігі жануардың санын оны ату арқылы реттейміз деп шешім қабылдады. Қоғам белсенділері киікті атуға қарсы шығып, желіде пікірін бөлісіп жатыр. Солардың бірі – кәсіпкер, инвестор Марғұлан Сейсембай. Бизнесмен желіде ақбөкен туралы пост жазып, наразылығын білдірді.
“Мені көптен бері бақылап жүргендер менің киіктерді сақтауға және қорғауға қанша күш-қуат пен қаражат жұмсағанымды біледі. Оның саны бүкіл ел бойынша небары 15000 болған кезде мен жыл сайын Охотзоопромға ондаған машина, кунг, спутниктік телефондар, GPS, тіпті формаға дейін бердім”, – деп жазды кәсіпкер.
Киік – бұл менің балалық шағым.Киік – бұл дала үні.Киік – бұл өмір.
Марғұлан Сейсембай қазіргі мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды.
Онсыз дала өледі. Алайда бәрінің өз уақыты бар. Бұл жолы мәселе кері бағытта өрбіп отыр. Оны қалай шешуге болады? Біріншіден, мәселені локализациялау керек. Шамадан тыс көбейіп отырғаны – тек Оралдағы популяция жануарларының саны. Бетпақдала мен Үстіртте жануарлар әлі де жеткіліксіз. Ондағыларды тағы бес жылдай қорғау керек. Демек олардың санын бүкіл Қазақстан бойынша емес, Орал популяциясы бойынша ғана реттеу керек, – деді Марғұлан Сейсембай.
Инвестор ақбөкенді Қазақстанның мұнайы, ураны, алтыны сияқты табиғи ресурсы деп атады. Оның сөзінше, табиғи ресурсты бейберекет құртуға болмайды. Мұндай істі нақты жоспармен жүзеге асыру қажет.
Екіншіден, киік – еліміздің мұнай, газ және тағы басқалары сияқты табиғи ресурсы. Бірақ басқаларынан айырмашылығы – киік ресурсы тез жаңарады. Оның жыл сайынғы өсім коэффициенті – 2-2,7. Үшіншіден, бұл ресурсты табиғаттан алғанға дейін әуелі инфрақұрылым мен өндірістік базаны дайындау қажет. Бұл бір-екі киікті атып алу емес қой. Ондаған мыңға жуығы атылғалы отыр. Киіктер атылатын аудандарда етті қабылдау және ауыстырып тиеу үшін тоңазытқыштар салу қажет. Ет, тері және мүйізді қажет температураны сақтай отырып, өңдеу орындарына тасымалдауды ұйымдастыру қажет. Ол үшін тендер өткізіп, тері, мүйіз және басқа да заттарды өңдейтін инфрақұрылым мен өндірістік нысандардың құрылысын қолға алатын жеке компанияларды таңдап алу керек, – деді ол.
Марғұлан Сейсембай өз ұсынысын Ауыл шаруашылығы министрлігі естиді, құлақ түреді деп үміттененітін жазды.
Бұл мәселені ешбір жағдайда мемлекетке тапсыруға болмайды. Жаппай ұрлық пен жемқорлық орын алары анық. Бүкіл әлемде жануар, балық аулаумен жеке компаниялар айналысады. Мемлекет тек квоталарды сатады және қадағалауды жүзеге асырады. Ол үшін даланы жануарларды атуға тыйым салынған тыныштық аймақтары мен өндіріс аймақтарына бөлу керек. Сол кезде бәрін бақылау оңайырақ болады. Бұл өнеркәсіптік балық аулау сияқты. Уылдырық шашатын аймақтар бар, өндірістік аймақтар бар. Әрі қарай жануарларды ататын мезгілді шектеу керек. Мысалы, тек тамыз, қыркүйек, қазан айларында. Ал басқа айларда аулауға-атуға шектеу қою керек, – деп жазды кәсіпкер.
Қысқасы, киік – бұл біздің ортақ байлығымыз және оған өте мұқият қарау керек. Оларды бейберекет ата беруге болмайды. Алайда санын шексіз ұлғайтуға да болмайды. Бұл ресурсты дұрыс пайдалану керек, әйтпесе олар эпизоотия, басқа да табиғи ауруларды тарата отырып, қырылады. Ауыл шаруашылығы және экология министрлігі менің сөздеріме құлақ түрер деп үміттенемін, – деп қорытындылады Марғұлан Сейсембай.
Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.