Қоқыс жинау

Қазақстанның қай өңірлерінде қоқыс көп шығарылады?

Қазақстан бойынша бір жылда жиналған 3,2 миллион тонна коммуналдық қалдықтың көп бөлігін үй шаруашылықтары шығарған.
0
2263

2021 жылы Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды жинап, шығаратын компаниялардың саны 676-ға жетті. Одан бір жыл бұрын 625 компания болған еді. Energyprom мониторинг агенттігінің мәліметінше, қалдық шығарумен айналысатындардың дені – жеке кәсіпорын, оның үшеуі шетелдік, 247-сі – жеке кәсіпкер.

Компаниялар барлығы 3,2 миллион тонна қалдық жинады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 13,4% көп. Жиналған қоқыстың жартысынан астамы – 1,9 миллион тоннасы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына, 1,2 миллион тоннасы қалдық өңдейтін зауыттар мен басқа кәсіпорындарға жіберілген.

Коммуналдық қалдықтың көп бөлігі (2,1 миллион тонна) тұрғын үйлерден, 600 мың тоннадан астамы мекемелерден шығарылған, 300 мың тоннадан астамы көшелерден, 71 мың тоннадан астамы базарлардан жиналған.

Қазақстан бойынша қоқыс ең көп жиналатын өңір – Алматы, оңтүстік астанада былтыр 480 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 15,9% көп. Жиналған қоқыс көлемі жөнінен екінші орында Қарағанды облысы: 383,9 мың тонна. Бұдан кейінгі орындарда 2021 жылы 380,8 мың тонна қоқыс жинап шығарған Павлодар облысы мен 296,5 мың тонна қоқыс шығарған Нұр-Сұлтан тұр. Атырау облысында еліміз бойынша ең аз көлемде қоқыс жиналған: 61 мың тонна – 2020 жылғы көрсеткіштен де 2,6% аз.

Қоқыс шығару картасы

2021 жылы қалдық сұрыптаумен, жоюмен және сақтаумен 233 компания айналысқан. Бір жыл ішінде қоқыс 6,9% көп сұрыпталыпты (1,2 миллион тонна). Сұрыпталған қалдықтың 158 мың тоннадан астамы – пластмасса, пластик, полиэтилен және полиэтилентерефталаттан жасалған қаптама. 153 мың тоннаға жуығы – қағаз-картон өнімдер. Әйнек сынығы – 84 мың тонаға жуық. 36 мың тоннаға жуық тағам қалдығы, 29 мың тоннадан астам ағаш, тал-жапырақ қалдығы, 21 мың тоннадан астам металл сынығы, 5,5 мың тонна киім мен мата-тоқыма қалдығы, 2 мың тоннаға жуық автокөлік шинасы, 118 тонна электрон және электр бұйымдар, сонымен бірге 700 мың тонна болатын тағы басқа қалдықтар сұрыпталған.

Айта кетейік, бұған дейін экологист Базарбек Қамысбаев Қазақстан азаматтары тұрмыс қалдықтарын сұрыптауға бірінші кезектегі мәселе деп қарамайтынын айтқан еді. Оның пікірінше, бұған елдегі күнкөріс деңгейі төмен болғаны да ықпал етеді. Азаматтар тұрмыс қалдығын материалына қарай ажыратып жинауға ең бастапқы әлеуметтік мұқтаждықтарынан арылғаннан кейін ғана көңіл бөлуі мүмкін.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.