экобизнес

Азаматтар экобизнесті дамытуға қалай үлес қоса алады?

Экологизмнің негізгі бағыттарының бірі тіршілік ортасын жақсартатын кәсіпкерлік түрлерін қолдау болуы керек. Қазақстан азаматтары бұл жағынан белсенді ме?
0
784

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы кәсіпкерлікті қолдау да осы саладағы азаматтық белсенділікпен тең. Экобизнес деп табиғат пен адам қарым-қатынасындағы проблемалардың бірін шешуге көмектесетін немесе азаматтарға экология жағынан пайдалы, тиімді, өнеркәсіп зияны мен химиядан таза тауар мен қызмет түрлерін ұсынатын коммерцияны айтамыз.

Біз бұл жөнінде эколог, экотренер Алина Досановамен пікірлестік.

— Қарапайым азаматтар экокәсіпкерлікке тікелей, нақты қандай қолдау көрсете алады?

— Біріншіден, кез келген бизнес қандай да бір тауар не қызмет ұсынады. Біз қоршаған ортаны қорғау саласындағы кәсіпкерлік туралы айтып отырсақ, демек, әңгіме экология ахуалын жақсартуға септігі тиетін тауар мен қызмет түрлерін насихаттау жайында деген сөз. Біз, Қазақстанның қарапайым азаматтары, экокәсіпкерлерге олардың бизнесін қолдай отырып көмек бере аламыз. Экокәсіпкер қандай да бір өнім өндірсе, мысалы, Алматыда Денис Тен тыңайтқыш өндіреді, менің оған беретін негізгі көмегім бау-бақшаға, егістікке қажет органикалық тыңайтқышты дәл содан сатып алу болар еді. Нарықтағы химия қосындыларынан тұратын не импорт өнімді емес, Қазақстанның экокәсіпкері шығарып жатқан тауарды ғана сатып алу немесе ол көрсететін қызмет түрлерін тұтыну да экокәсіпкерімізге зор көмек болады. Себебі ол — Қазақстандағы қоршаған орта ахуалын жақсартуға атсалысып жүрген кәсіпкер. Азаматтық қоғам оларға тек осылай көмектесе алады.

Экокәсіпкерлерге берілетін көмектің екінші бір түрі — оларды ақпарат тұрғысынан қолдау. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде “осындай да осындай азамат экологияға қатысты мәселелерді шешуге септігін тигізетін жоба жасап жатыр, сол себепті оны қолдау керек” деген сияқты мазмұндағы хабар тарату.

— Өте маңызды іс атқарып жатқан, сөйте отыра азаматтық қоғамның көмегіне зәру экокәсіпкерлерді атай кетсеңіз, азаматтар кімдерді міндетті түрде қолдағаны жөн?

— Денис Тен, Алматы өңірінде оның органикалық тыңайтқыштар өндіретін тұтас фермасы бар, ол жергілікті нарыққа сондай өнім түрлерін ұсынады. Сол сияқты тағы бір экокәсіпкерлік нысаны бар, ол — “Recycle Бірге” миссиясы.

Алина Досанова Instagram-да Қазақстан тұрғындарын мынадай аккаунттары бар экокәсіпкерлерді де қолдауға үндеді: @talqan_astana, @talkan_jem, @narodnyi_taldyk, @ecosoap_bar. “Қазақстанда, соның ішінде Астанада әр үйден қоқыс алып кететін адамдар бар. Тағам қалдықтарын, пластик, алюминий, шыны бұйымдарды ажыратып жинап қойып, шақырсаңыз, өздері келіп алып кетеді. Осындай экокәсіпкерлерді қолдайық. Қазақстандағы кейінгі оқиғаларға байланысты қазір олар қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Адам өмірі мен денсаулығын жақсартуға бағытталғандықтан олардың кәсібін қолдаған дұрыс”, — дейді ол.

— Экобизнеске мемлекет пен азаматтық сектордың қайсы көбірек көмек беріп жатыр?

— Мемлекет бюджетінен бірқатар жобаға қаржы бөлінеді. Көбіне экономикалық қызметтің мұндай түрін Қазақстанның немесе шетелдің әртүрлі қоғамдық, жеке ұйымдары қаржыландырады. Мемлекет қазір айтарлықтай қаржылай көмек беріп, тұрақты демеушілік жасап отырған жоқ. Бұл жағынан экология саласында бизнеспен айналысатын азаматтардың мәселесі көп екенін айтқан жөн. Өйткені мемлекет бюджет қаражатын негізінен қоршаған орта ахуалына қатысты қандай да бір мәселені шешуге бөледі, экокәсіпкерліктің өзін дамытуға қаржы бөле алмайды.

Экокәсіпкерлерге, айталық, тұрмыс қалдықтарын жинау, сұрыптау мен өңдеу саласында жұмыс істейтіндерге “Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы” серіктестігі көмек беріп тұрды. Қазір оның қызметі “Жасыл даму” акционерлік қоғамына берілді. “Жасыл даму” “ӨКМ операторы” сияқты көмектесер болса, экокәсіпкерлердің көбінің қызметін дамытуы оңайлай түсер еді. Мемлекет тарапынан, мемлекеттік бюджет арқылы экокәсіпкерлерді қолдайтын басқа ұйымдарды әзірше білмеймін.

— Сол себепті де экологияға қатысты жеке бастамалар мен жобалар азаматтардың қолдауына мұқтаж дейсіз ғой?

— Иә, экожобаларға көбіне сол жеке құрылымдар мен Фридрих Эберт атындағы қор, Сорос-Қазақстан қоры, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдар қаржы бөледі. Сонымен бірге Ecolab жобасы бар. Бұл ұйым белгілі бір экологиялық идеяны дамытуға, осы салада кәсіп ашуға, бизнестің прототипін жасауға көмектеседі. Бірақ стартап одан ары қарай қалай реттелетіні, дамитыны кәсіпкерлердің өзінің ерік-жігеріне, іс-әрекетіне байланысты болады. Дегенмен қазір Қазақстандағы экологистер, азаматтық қоғам, әртүрлі қоғамдық бірлестіктер экология саласындағы кәсіпкерлік түрлерін жақсы қолдап отыр дей аламын.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.