“Қалдықты бірге сұрыптайық”: Алматыда экологиялық семинар өтеді

0
826
семинар постері

19 қараша күні Алматыда экологиялық шара өтеді. Оған кез келген Алматы тұрғыны қатысып, кеңесшімен бірге тұрмыс қалдығын қалай сұрыптауға болатынын үйрене алады. Семинарды ұйымдастырушы Рухани туыс ұйымының айтуынша, мұндай басқосулар табиғатқа жанашыр болуды және айналаны таза ұстауға деген жауапкершілікті арттырады.

Уоркшопты @recycle.birge және @ecologiya_bez_paniki жобаларының жетекшісі, эколог әрі консультант Пәкизат Сайлаубекова жүргізеді. Пәкизат Сайлаубекова келушілерге қалдықты қалай сұрыптау керек екенін түсіндіріп, Алматыдағы қалдық қабылдайтын орталықтар туралы айтады, лайфхактарын бөліседі.

Семинарға қатысамын деушілер, мына анкетаны толтыруы керек. Бұл сауалнама ұйымдастырушыларға қанша адам келетінін және олардың неге қызығатынын білуі үшін керек.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар келушілерге үйден тұрмыс қалдығын ала келуді ескертті. Семинар қалдықты сұрыптау туралы болғандықтан спикер сол жерде қоқысты талдап, қалай жинау керек екенін көрсетеді. Тек сіз әкелетін қалдықтар шағын, құрғақ, таза болуы керек.

Семинар тақырыбы: “Қалдықты бірге сұрыптайық”

Семинар уақыты: 19 қараша, сенбі 15:00

Өтетін орын: Алматы, Alatau Creative Hub (Нұркент шағынауданы 5/11)

Жас шектеуі жоқ. Кез келген адам қатыса алады.

 Табиғатты аялап сақтағыңыз келеді, бірақ неден бастауға болатынын білмейсіз бе? Қалдықты сұрыптау керек екенін түсінесіз, бірақ қалай жинап, қайда апаруды білмейсіз бе? Сұрақтарға берер жауабыңыз “иә” болса, осы сенбі Алматыда өтетін уоркшоп сізге арналған, – деп жазды ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, Рухани туыс жастар тобы бұған дейін Алматыда сенбілік өткізген еді.

Comments are closed.