Алматылық жастар тауда сенбілік ұйымдастырды

0
715

Өзін “Рухани туыс” деп атайтын ұйым мүшелері Көкжайлауға көтеріліп, қайтарда жайлауда және жолда кездескен қоқысты жинап, кішігірім сенбілік ұйымдастырды. Олар әр кездесуді пайдалы өткізгенді ұнатады екен. Сондықтан кішігірім серуен ұйымдастырып, тау мен табиғаттың тазалығына үлес қосуды мақсат етіпті.

Жастардың айтуынша, бұл сенбілік басқалардан өзгеше. Себебі олар жиналған қоқыс арасынан пластиктерді бөліп алып, қалдықтарды қайта өңдеуге өткізген. Ұйымдастырушылар осы арқылы экологиялық білімді арттырып, қаладағы Ecosen орталығымен танысуды жоспарлаған.

Жиналғандар Көкжайлау таза, аса бүліне қоймағанын айтып отыр. Дегенмен олар аялдамаға дейін 10 шақты пакет қоқыс жинаған. Табиғатқа шығатын алматылықтар арасында темекі тартқанды ұнататындар көп екен. Оны туыстар жол бойында кездескен темекі қалдықтарынан байқады.

“Табиғатты және оны зерттегенді жақсы көремін. Оның үстіне бұрын-соңды Көкжайлауға келмеген едім. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланайын дедім. Мен Көкжайлау жақ өте лас, қоқыс көп деп ойлаппын. Керісінше әлдеқайда таза екен. Тұрғындардың жауапкершілігі артқаны қуантады”, – дейді сенбілікке қатысушы Абылай.

Абылай дәл осындай сенбілікті ауылда да ұйымдастыруға болатынын айтты. Бұрын көршілерімен ауылындағы арықтың бойын тазалап, содан кейін табиғатқа жақын бола түсіпті.

“Ауылымыздағы арықтың бойы көктемде су шайғанда қоқысқа толып қалатын. Ауыл болған соң ол жердің тазалығына ешкім жауап бермейді. Бір жылы балаларды шақырып, арықты өзім тазалауға бекіндім. Сол сенбілік қызық өтті әрі өзімізден кіші балаларға үлгі көрсеттік. Осыдан кейін ешкім қарамайтын жерлерді тазалап жүретін болдым. Кейіннен өз ауылымда менен де басқа адамдар шашылған жерді жинайтын болды. Сондықтан әркім өзі тұратын, жүретін жерді тазалап жүрсе, соның өзі – қоршаған ортамызды қорғай алғанымыз деп ойлаймын”, – дейді Абылай.

 

Сенбілікті ұйымдастырғандар арасында экология мәселесіне алаңдайтын, үйінде тұрмыс қалдығын сұрыптайтын жастар бар. Солардың бірі – Ұлдана. Ол далада жатқан пластикті немесе басқа да қоқысты көрсе, табиғатқа жаны ашиды екен. Бірақ сенбілік болатынын білгенде жалғыз емес екенін түсініпті.

“Кейде “Даладағы қоқысты көріп, көңіл-күйі түсетін мен ғана ма? деп ойлайтынмын. Сенбілікке барғанда тазалық мәселесін ойлап қана қоймай, соны жүзеге асырып жүрген адамдарды көрдім. Шынымды айтсам, сол кезде өзімді белсенді емес адам сезіндім. Айналамдағылар кіп-кішкентай қоқыс болса да, соны жүгіріп барып, жинағанда риза болдым. Сенбілік маған қатты ұнады. Тауда біздің қоқыс жинап жүргенімізді көрген адамдар “Жарайсыңдар!”, “Күшті” деп шабыттандырып жіберді” – дейді Ұлдана.

Жастардың бұл ісін өз баласына үлгі етіп көрсеткен тұрғындар да бар екен.

“Қоқыс жинап жүргенде артымда келе жатқан ағай баласына “Көрдің бе, мына аға-әпкелерің қоқысты жинап, тазалап жүр. Өскенде сен де осылай белсенді бол, қоршаған ортаңды аяла” деп айтып жатты. Мен соны естіп, үлгі болғанымызға қуанып кеттім. Сонымен бірге біздің команда да өте белсенді болды. Бәрі көңіл-көтеріп, әндетіп, әзілдеп жүрген соң шаршағанымызды да сезбедік. Тек тауда темекінің қалдығы көп екен. Сол ғана көңілімді түсірді”, – дейді Ұлдана.

Қайтарда туыстар ғаламдық жылыну неден болатынын талқылады. Кейбірі “Фастфудты беталды жей бермеу керек екен” деген түйінге келді.

Қатысушылар 3 пакет пластикті бөліп алып, Ecosen орталығына барып тапсырды. Олардың айтуынша, даладағы қалдықты сұрыптау қиын. Орталықтағы қабылдаушы кейбір пластикті жууды өтініпті.

 

Сенбілікке Нұр-Сұлтан, Тараз және Атыраудағы туыстар да қосылды. Олар жалғыз немесе екі адам болып лас көшелерді тазалап, сенбіліктен алған әсерін баяндады. “Рухани туыстар” Қазақстанның қай жері болмасын өз үйі екенін айтып, эмоциясын бөлісті.

“Рухани туыстардан” сенбілік жасағысы келетін адамдарға кеңестер:

  • Сенбілік жасауға көп адам болып шықпаған дұрыс. Команда маска тағып, арақашықтықты сақтағаны жөн.
  • Даладағы тазалыққа қолғап, пакет немесе қап қажет. Адамдардың қауіпсіздігі үшін бір адам дәрі қобдишасын ала шыққаны дұрыс.
  • Адамдар қай уақытта, қай жерде жиналатынын, сенбілікті қаншада аяқтайтынын алдын ала хабарлау керек. Сонымен қатар сенбілікті бастамай тұрып жиналған орныңызға қарай қауіпсіздік шарасын түсіндірген абзал. Ауа райын ескеруді де ұмытпаңыз.
  • Егер сенбілікті қаладан алыс жерде ұйымдастырсаңыз, онда ұялы байланыс болмайтынын ескертіп қою қажет. Жақындарыңызға қайда болатыныңызды, қашан келетініңізді айтып қоюды ұмытпаңыз.
  • Сенбілікті ұйымдастырып, адамдарды қадағалап жүретін адам бірнешеу болғаны жөн. Жалғыз координатор бәріне үлгермеуі мүмкін.
  • Қайта өңделетін қалдықтарды арнайы орындарға өткізуге болады. Мысалы, пластик пен шыны ыдыстарды. Егер олар лас болса, жол бойындағы арыққа жуып алуға болады.
  • Сенбілікке жүрек жалғайтын тамақ алу керек. Әсіресе су алуды ұмытпаңыз.

Тағы оқыңыз: Бану-Ақкүміс Құспанова: Қалдықсыз өмір сүру өзіне еліктіріп алатын саяхат сияқты

Comments are closed.