Экология

Әр адам қоршаған ортаның таза болуына қалай үлес қоса алады?

0
1557

Қоршаған ортаның жылдан жылға ластануы дүниежүзінде үлкен проблема болып отыр. Осыған қатысты пайдалы әрі қажет тенденция да байқалады. Қазір біразы артық зат сатып алмауға, тұрмыс қалдығын сұрыптап, қайта өңдеуге және үйіндегі су мен жарықты үнемдеуге әдеттеніп келеді. Ecoinfo.kz әр адамның қолынан келетін әрі табиғатты таза сақтап қалуға көмектесетін бірнеше әдетті ұсынады.

Аса қажет болмаса, жаңа нәрсе сатып алмау

Кез келген компанияның мақсаты – тауарды өткізу. Ол тауардың зияны, қалдығы туралы өндіріс орындары ойлай бермейді. Тұтынушының өзіне ұнаған затты қажет болмаса да, сатып алуы, ескісін қоқысқа лақтыруы – тауарды тым көп өндіруге және қоқыс полигонының уақытынан бұрын толып қалуына әсер етеді.

Сондықтан бір заттың жаңасын сатып алмай тұрып, оны жөндеуді немесе басқа нәрсеге пайдалану жағын ойластырып көру қажет. Алған киімді ұқыпты ұстап, біраз уақыт кию, үйдегі жиһазды қоқысқа тастамай, одан жаңа зат жасап алу және тағы басқа мысал көп. Ең басты мақсат – қоршаған ортаның ластануын болдырмау. Сонымен қатар мұндай әдет қаражатты үнемдеп, оны басқа пайдалы дүниеге жұмсауға көмектеседі.

Тұрмыс қалдығын сұрыптау

Теңіз жануарларының қоқыстан, мөлшерден тыс пластиктен жапа шегуіне қарай тұрмыс қалдығын сұрыптау, қайта өңдеу тенденциясы басталды. Дүниежүзінде пластиктің көбі сонша, адамдар оны қайда құртарын білмейді. Сондықтан тамақтан қалған пластикті жинап, арнайы орындарға өткізуге болады. Бұл пластик бөтелке мен полиэтилен пакеттің көшеде шашылып жатпауына септігін тигізеді. Сонымен қатар пластикті қайта өңдеп, одан жаңа бірнәрсе жасауға болады. Біраз компания бұл істі қолға алып, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Баклажка және тағы басқа тамақтың қорабын, шыны ыдысты, алюминий құтыны тазалап, бөлек жинап, арнайы орындарға өткізе аласыз.

Сонымен қатар бүгінде көкөніс пен жеміс қалдығын да арнайы фермаларға апаруға болады. Егер үлкен жер, бау-бақша болса, топырақты тыңайтуға да қолданған жөн.

Қоғамдық көлікпен жүру

Мегаполисте ауаның ластануына бір себеп – автокөліктің көп болуы. Сондықтан бүгінде жеке көлікке емес, қоғамдық көлікке мініп немесе жақын жерге жаяу бару да сәнге айналып жатыр. Көлігіңіз болған күнде де, аптасына бір рет автоны үйге қалдырып, қоғамдық маршрутқа мінуіңізге болады. Сонымен қатар бір отбасыға тек бір автокөлікті тұтынған да экологиялық жағдайға тиімді.

Арнайы шоперді қолдану

Кез келген дүкен тауарды полиэтилен пакетке салып береді. Мұндай пакеттерді адам қажетіне қолданбаса, ол көшеде шашылып, айналаны ластайды. Дәл қазір полиэтилен пакеттен бас тарту қиын. Себебі біразы оны қоқыс салуға және тағы басқа нәрсеге пайдаланады. Бірақ осы пакетті қолдануды азайта аламыз. Мұндай кезде бізге көмекке сөмке немесе матадан тігілген шоперлер көмектеседі. Дүкенге барарда, шопингке шығарда шоперіңізді ала жүріңіз. Сонда үйге көп мөлшерде полиэтилен көтеріп қайтпайсыз.

Арнайы бөтелке алып жүру

Адамдар кафе немесе арнайы дүңгіршектерден кофе немесе шай алып ішуге әуес. Тиісінше кафедегілер клиентке сусынды пластикке немесе қағаз стақанға құйып береді. Ал оның бәрі – қоқыс. Қайта өңделетіні бар, өңделмейтіні де жетеді. Сондықтан өзіңіз арнайы бөтелке немесе стақаныңызды алып жүріңіз. Тіпті сырттан сусын сатып алмай-ақ бірден үйден алып шығуға болады. Қаражатыңызды үнемдейсіз әрі сусыннан қалған қалдықты көбейтпейсіз.

Адамның қоқысқа тастаған кез келген заты полигонда өртеніп, белгілі бір мөлшерде ауаны ластайтынын ұмытпауымыз керек.

Comments are closed.