Қазақстанда “Таза табиғат” экологиялық жобасы басталды

0
1092

Қазақстанда Наурыз мерекесіне орай “Таза табиғат” экологиялық жобасы басталды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстық әкімдіктердің бірлескен шарасында бірнеше аймақта ағаш егу, айналаны қоқыстан тазарту, су көздерін ашу акциялары өтті. Жалпыұлттық жоба Түркістанда бастау алып, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Шымкентте жалғасты.

Осылайша Президенттің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш егу туралы тапсырмасын орындауға старт берілді. “Мекенім – жасыл елім” акциясына 60 мың адам ат салысып, 486 мың түп ағаш егілді. Оқушылардың “Менің ағашым” челленджіне 31 мың адам қатысып, 39 мың көшет егілді.

“Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында қоршаған орта ахуалын жақсарту бағытында тапсырмалар берді. Жалпыұлттық экологиялық шаралар Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында да қарастырылған. Өзге өңірлерде де осындай шаралар ауа райына байланысты сәуірде өтеді”, – деді министр Түркістандағы шарадағы сөзінде.

Министр жұмыс сапарымен келген Түркістандағы акция аясында қала іргесінде құрылып жатқан Жасыл белдеуге көп жылдық ағаш көшеттері егілді.

Түркістан облысы әкімдігі мен министрлік бірлесе қабылдаған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін өңір аумағында жалпы аумағы 110210 гектарға 170000,0 түп көшет егілмек.

Шара барысында ардагерлердің, отандық және Түркістан халықаралық медиафорумына жиналған түркітілдес елдер БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы Ботаникалық баққа да ағаш отырғызылды. Жаңа әуежай жолындағы жеміс бауына өрік егілді. Саябақтар, аллеялар абаттандырылып, сенбілік ұйымдастырылды.

Мағзұм Мырзағаиев “Таза табиғат” акциясының наурыз мерекесінде, Түркістанда өткізілуінің ерекше мәні бар екенін және жобаны дәстүрге айналдыру қажет екенін айтты.

“Түркі әлемінің бесігі болған киелі мекеннің гүлденуі ел абыройын арттырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көркейіп жатқан қалаға келген қонақтардың көзі алдымен айналаның тазалығы мен жасыл желекке түседі. Біз Наурыз мейрамын айналаны көгалдандыру мен тазартудан бастауды дәстүрге айналдыруымыз керек. Мұндай акциялар халықтың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жанашырлықты арттырады. Қазақстанда экология проблемаларына бейжай қарамайтын, осындай шараларға белсенді қатысатын азаматтар санының көбеюі бәрімізді қуантады”, – деді министр.

“Таза табиғат” жобасы шеңберінде жоғарыда аталған барлық өңірде қоқыстан тазарту мақсатындағы “Бірге – Таза Қазақстан” жобасы жалғасын тапты. “Таза су айдындары” акциясы аясында өзен-көлдер жағасы тазартылып, бұлақ көздері, суармалы су арналады аршылды. Ұлттық парктер мен басқа да табиғи аумақтарда “Парктер шеруі” өтті.

Comments are closed.