Отшашу: пиротехниканың зияны

0
2576
Отшашу

Тек “Жаңа жыл” мерекесінде емес, басқа да қуанышты күндерде отшашуды пайдаланамыз. Бұл тірлігімізді кішкентай балалар да көріп жүр және олар ересектердің осы қылығын дұрыс деп санайды.

Салютты атқан кезде жануарлардың шошитынын, кішкентай балалардың қорқып, жылап жіберетінін бірнеше рет байқаған шығарсыз? Бұл – отшашудың дауысы мен жарқылдаған отынан қорқу. Ал оның ауа мен табиғатқа келтіретін зиянын ойладық па?

Пиротехниканың табиғатқа зияны

Салютты атқанда ауаға ауыр металдар тарайды. Олар: барий, литий, мыс, натрий, стронций, күкірт, кремний, бор, хлор, алюминий, магний және тағы басқа. Бұл металдардың бәрі отшашуға не үшін қажет деген сұрақ туады. Мысалы, отшашудың құрамындағы мыс оны атқанда көк түс береді. Титан мен магний ақ түс боп жарқылдаса, литий мен стронций қызыл түс бөледі. Сонымен қатар пиротехниканың құрамындағы титаннан қатты дауыс шығады. Күн күркірегендегідей дауыс естілу үшін салют жасайтындар оны арнайы қолданады.

Осындай металдардың бөлінуінен соң ауаның қаншалықты ластанатынын ойлап көріңіз. Жаңа жыл мерекесінен соң далаға шықсаңыз, түтін көзге анық көрінеді.

Отшашудан ауаға зиян заттар тарайтынын айттық. Бірақ оның келтірер залалы мұнымен бітпейді. Пиротехниканы қолданып, оны далаға немесе қоқыс жәшігіне тастаған соң да қаптама қалдықтары микропластикаға айналып, улы зат бөледі. Улы заттар ауаға, топыраққа және суға тарайды.

Алматы, смог

Отшашудың адам денсаулығына келтірер залалы

Адам лас ауамен тыныстаса, оның өкпесіне зиян заттар жинала береді. Бұл бір жылда байқала қоятын құбылыс емес. Себебі астма, бронхит, аллергияның болуы және басқа да созылмалы аурулар ұзақ уақыт лас ауаны жұтқаннан ақырындап пайда болады. Ауадағы тұншықтырғыш газ ағзаға оттегінің түсуіне кедергі келтіреді. Лас ауаның салдарынан пайда болатын аурудың түрін толық түгелдеп шығу мүмкін емес.

Негізінен қатты дыбыс шығаруға, пиротехниканы оңды-cолды атуға тыйым салынған. Себебі өзге адамның тыныштығын бұзбау керек. Себебі отшашудың атылуынан, дауысынан кей адамдар күйзеліске түседі. Демек пиротехника ағзаға ғана емес, адам психологиясына да кері әсер етеді.

Сонымен қатар отшашуды мұхият қолданбаса, түрлі жағымсыз жағдайға себеп болуы мүмкін. Сондықтан да салютты 14 жасқа толмаған балалар мен мас күйіндегі адамдардың атуына тыйым салынған. Жылда бір отшашудың кесірінен қанша адам ауруханаға түсіп жатады.

Отшашудан қандай елдер бас тартқан?

Қытайдың Шанхай, Гуанджоу және Пекин қалаларында мереке кезінде отшашуды пайдалануға тыйым салынған. Оған себеп – мегаполистегі экологиялық жағдай, ауаның шектен тыс ластануы. Ал Еуропаның бірнеше қаласында, атап айтсақ, Парижде, Венада, Прага мен Дублинде, Брюссельде отшашудың барлық түріне тыйым бар. Бұл тізімге Нидерланд та қосылды және Еуропаның басқа елдері де осы шараны қолға алып жатыр. Олар пиротехниканың зияны ұшан теңіз екенін біліп, дер кезінде шара қабылдап отыр.

Отшашуды неге сатып алмау керек?

  • Егер отшашудың осынша зиян екенін біліп, сатып алудан бас тартсаңыз, бұл – сіздің қоршаған ортаға деген жанашырлығыңыз.
  • Егер отшашудан бас тартсаңыз, өзіңіз бен отбасыңыздың денсаулығын ойлағаныңыз.
  • Егер пиротехниканы сатып алмасаңыз, бұл – жануарлардың жойылып кетпеуі үшін жасаған жақсылығыңыз.
  • Егер салют атудан бас тартсаңыз, қоқысты көбейтпейсіз, айналаның таза болуына үлес қосасыз.
  • Егер отшашуды сатып алмасаңыз, қаражатыңыз қалтаңызда қалады. Ақшаңызды үнемдеп, оны пайдалы нәрсеге жұмсайсыз.

Comments are closed.