“Климат сағаты” қалай жұмыс істейді?
Климат сағаты деген не?
Климат сағаты дегеніміз – ауаға тарайтын зиян заттар негізінде ғаламдық жылынудың жақындап келе жатқанын көрсететін графика. Сонымен қатар бұл сағатта CO2-нің (көміртегі диоксиді) бөлініп жатқан мөлшері де көрінеді. Климат сағаты ең алғаш 2015 жылы пайда болды. Ол кәдімгі сағаттан өзгеше. Себебі онда дүниежүзілік климат дағдарысының басталуын кері есептеп тұрған таймер бар. Климат сағаты дүниежүзінде қандай экологиялық өзгеріс болуы мүмкін екенін алдын ала сезу үшін жасалған.
Бұл таймер климаттық апокалипсисті міндетті түрде хабарлай алады деген сөз емес. Тек осы жеті жылда әлем елдері толығымен жаңартылатын энергия көзіне ауысуы керек. Әйтпесе біз өте маңызды белгілі-бір температура шегін аттап өтеміз және оның салдары апатты болуы әбден мүмкін. Міне, “Климат сағаты” – осыны ескерту мақсатында қолға алынған шара.
Ол қалай жұмыс істейді?
Климат сағаты адамдар климаттың өзгеруін бәсеңдетудегі прогресті бақылай алатын шара ретінде іске қосылды. Сағат ғаламдық жылынудың 1,5 градусқа қалай жақындап жатқанын көрсете алады. Мысалы, адамзат қалдықты көп шығарса, табиғат күннен күнге ластана берсе, сағат ғаламдық жылынудың жақын екенін білдіреді. Егер адамдар қалдықты сұрыптап, қайта өңдеп, ысырапқа жол бермесе, онда ғаламдық жылыну уақыты алыстай береді. Сағатты жылда мамандар қолмен өзгертіп отырады. Себебі жаһандық жылынудың қаншалық тез болатыны және ауадағы көміртегі диоксидінің мөлшері есептеліп, соған сай уақыт қойылады.
2020 жылдың 8 сәуіріндегі жағдай бойынша 7 жыл, 31 күн және 7 сағаттан кейін ауа температурасы 1,5 градустан асып кетеді. Демек 2028 жылдың 2 қаңтарында қазіргі температура өзгеріп, жаһандық жылынуға жақындайды.
Ғалымдардың “1,5 градус” туралы айтып отырғаны бекер емес. Себебі ” Жаһанның 1,5 градусқа жылынуы” баяндамасында ғалымдар температура өзгерсе, дүниежүзі климат апатына ұшырауы мүмкін екенін айтады.
Жаһандық температура жоғарылаған сайын ыстық ауа-райы мен қатты жауын-шашын көбейеді. Мұның салдарынан қоршаған ортаға және адамзатқа қауіп төнуі мүмкін. Оның үстіне мұздықтардың еріп, жойылып кетуі тағы бар.
Қазақстанда климат сағаты бар ма?
Қоршаған ортаның маңызын түсіне отырып, Қазақстан да климат зерттеушілері, экологтар мен белсенділер қолдайтын “Климат сағаты”(Climate clock) халықаралық жобасына қосылды. 1 ақпанда Citix компаниясы серіктес болып, Алматының орталығында климат сағатты орналастырды. Бұл жоба табиғатты қорғауда көп нәрсе өзімізге байланысты екенін еске салып тұрады.
Алматыдағы “Климат сағаты” Сәтпаев көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында орналасқан.
“Климат сағаты” жобасы бұрын Нью-Йорк пен Берлинде басталған еді. Биыл тізімге Париж бен Женева қосылды.