Дармарка деген не? Оның мақсаты қандай?

0
2434

Ecoinfo.kz сайты Алматыда Дармарка ұйымдастырып жүрген экологист Камила Әкімбековамен әңгімелесіп, экологиялық шараның маңызын түсіндіреді.

Дармарка деген не?

Дармарка сөзі – орыстың “дар”, “благодарить” және “ярмарка” сөздерінің қосындысынан шыққан. Демек дармарка –  әр адамның өзіне қажет емес затын апарып, оған екінші өмір сыйлайтын алаң. Мұндай шараға кез келген адам затын қойып кете алады және өзіне ұнаған нәрсені алуына мүмкіндігі бар.

Дармарка экологиялық шаралардың қатарына жатады. Себебі ол тұрмысқа қажет жаңа заттардың көп өндірілмеуіне үлес қосу үшін ұйымдастырылады. Дармарка болатын күн белгіленіп, адамдар сол жерге заттарын алып келеді. Кейбірі өзіне ұнаған затын іздеп келеді, яғни дармаркаға қатысу үшін белгілі бір дүние алып келу керек деген міндет жоқ.

Сонымен қатар дармаркада тұрмыс қалдығын қалай сұрыптауға болатынын үйретенін мастер-класс, түрлі экологиялық лекция және экологтармен кездесу болып тұрады.

Дармарка Қазақстанда ұйымдастырыла ма?

Дармарка Алматыда алғаш рет 2017 жылы ұйымдастырылды. Мұндай экологиялық шараны өткізуге ресейлік экотренер Роман Саблин себеп болды. Сол кезде шараны ұйымдастырушылар қалған заттың бәрін “Тепло” қайырымдылық жобасына табыстап отырды. Жалпы Алматыда дармарка осы уақытқа дейін 21 рет ұйымдастырылыпты.

Қазір дармарканы экобелсенділер Камила Әкімбекова мен Ольга Реморенко ұйымдастырып жүр. Олар осы уақытқа дейін дармарканы ай сайын ұйымдастырып отырды. Бірақ пандемияға байланысты 2020 жылы дармарка екі рет қана өтті.

Дармаркаға қандай зат апаруға болады?

Дармаркаға әр адам өзіне қажет болмай қалған кез келген затын апаруына болады. Мысалы, таза, жыртылмаған киім, сынбаған ыдыс, кітап, ойыншық, сөмкелер, төсек жабдықтары, интерьерге арналған заттар, спортқа қажет құралдар, әшекей бұйымдар және электроника. Ең басты талап – аталған заттар тек дармарка болатын күні қабылданады және олар таза, жыртылмаған, сынбаған, қолдануға жарайтын жағдайда болуы керек.

Дармарка ұйымдастырудағы мақсат не?

Дармарканың ең басты мақсаты – адамдарға кез келген затты ұқыпты әрі ұзақ қолдануға болатынын көрсетіп, тұрмысқа қажет заттардың көп өндірілуіне жол бермеу. Себебі белгілі бір заттың өндірілуіне біраз ресурс жұмсалады. Ал сол өндірілген тауар кейде қолданылмайды, тіпті сатылмай да қалып жатады.

Егер адамдар кез келген тауарды сатып аларда әбден ойланып, ең керегін алса, қолданылмай жатқан затты басқаға берсе, әжептеуір ресурс үнемдейтін едік. Дармаркаға қатысып көрген адам өзіне қанша зат керек екенін саралап, ысырапқа жол бермеуді үйренеді. Сондықтан да дармарканы ай сайын ұйымдастырып тұруға тырысамыз. Әсіресе қалада ұйымдастырылатын шаралар аясында өткізгіміз келеді. Ондай іс-шараға халық көп жиналады әрі тұрғындар дармарка туралы біле бастайды, – дейді Камила Әкімбекова.

Дармарка басқа қандай қалаларда өтеді?

Камила Әкімбекованың айтуынша, дармарка Нұр-Сұлтанда, Қызылорда мен Атырауда да өтеді.

Дармарканы ұйымдастыру үшін не істеу керек?

Негізінде дармарка – бірдей ойлайтын адамдардың бірлесіп ұйымдастыратын шарасы. Мұндай жиынды рұқсат етілген кез келген орында жасауға болады. Ол үшін бірнеше сағатқа арнайы орын дайындау керек. Сосын сол жерге заттарды қоятын жиһаз бен киімілгіштерді орналастыру қажет. Одан кейін ең маңызды сәт – дармарканың қайда, қашан болатынын алдын ала хабарлау. Мұндайда әлеуметтік желінің ықпалы зор. Алғаш Алматыда дармарка ұйымдастырылған кезден бастап бұл шараны экобелсенділер Instagram арқылы хабарлап отырады.

Сонымен қатар дармарка ұйымдастыратын кезде арнайы қайырымдылық қорымен ақылдасқан дұрыс. Себебі жәрмеңкеде қалған заттарды өткізетін ұйым болуы керек. Ешқандай зат қоқыста қалмауы қажет.

Дармарканы кез келген жерде кеңседе, мектепте, университетте өткізуге болады. Ең бастысы – ысырапқа жол бермеу. Сонымен қатар нақты бір тақырып аясында да дармарка жасап жіберуге болады. Мысалы, кітап ауысу үшін, үй гүлін әкеліп, орнына басқа гүлді таңдау үшін, – дейді экологист Камила Әкімбекова.

Егер Дармаркаға қатысқыңыз келсе, Алматыдағы дармарканың Instagram-дағы парақшасына сілтеме.

Comments are closed.