“Тарт қолыңды Бозжырадан”. Экобелсенділер Маңғыстау маңындағы құрылысқа қарсы

0
2039
Бозжыра шатқалы

Қазақстандық экологтар мен табиғат жанашырлары Бозжыраны сақтап қалу мақсатында петицияға қол қойып жатыр.

Бірнеше күн бұрын Lada.kz тілшісі Рашид Исмагилов Бозжыра шатқалында қонақүй салуды жоспарлап отырған жерге барып, не болып жатқанын видеоға түсірген еді.

Журналистің айтуынша, қонақүй кешеніне арналған учаске белгіленген. Бұл жерде блок-контейнерлерден үш модульдік кемпинг орнатылған. Су тасығыштар технологиялық процестер мен жұмыстар үшін орнатылған бөшкелерді сумен толтырып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау әкімдігі Бозжыраға неге арнайы техника келгенін түсіндірген еді. Шенеуніктердің айтуынша, Бозжырада топырақтың геологиялық жағдайын анықтау үшін инженерлік-геологиялық зерттеулер басталған.

5 ақпанда қонақүй құрылысы қоғамдық тыңдауда талқыланды. Қазақстан биоалуантүрлілік қауымдастығының (ҚБСА) сарапшылары жобаның кемшіліктерін атап өтті. Олардың айтуынша, адам аяғы баспаған аймақ жабайы жануарлар мекендеуі үшін қажет.

Маңғыстау әкімдігі құрылысты жоққа шығарғанымен әлеуметтік желі қолданушылары “Бозжыраны сақтайық” деген хештегпен фото, видео салып, белсенділік танытып жатыр.

Кейбірі Маңғыстау маңында мекендейтін үстірт арқарының “Қызыл кітапқа” енген жануар екенін айтады. Экобелсенділер “Егер Бозжыра маңында үлкен құрылыс салынса, арқарлар жойылып кетеді” деп шырылдап отыр.

Бұл көріністі енді қайтып көреміз бе, жоқ па, бір Құдай біледі, – деп жазды видеограф Қуаныш Нұркебаев.

Бозжыраны ойласам жүрегім ауырады… Неге сол жерді таңдады? Киелі мекенге кімнің көзі түсті? Әрине, шетелдік инвесторлар ақшасын салып, кейін көбейтіп, сосын өз елінде жүре береді. Дәл сол жерге қонақ үй салу керек пе? Басқа елдер тарихын түгендей алмай жүргенде, біз өзіміз тарихи, қасиетті жерлерді бұзумен әлекпіз… Киесінен қорқу керек. Онымен туризмді дамытпай-ақ қояйықшы. Қонақүй іздейтіндер болса, бар ғой басқасы Ақтауда, – деп жазды Эльенора Әмір.

Кейбір Instagram қолданушылары “Тарт қолыңды Бозжырадан” деген үндеумен пост салып жатыр.

Қазақстандық экологтар мен табиғат жанашырлары Оtinish.kz сайтында петицияға қол қойып жатыр.

“Маңғыстауда және Қазақстанның басқа өңірлерінде туризмді дамытуды толық қолдай отырып, біз қазір дүниежүзінде қоршаған ортаға ең аз әсер ету қағидатын ұстану қажет екенін айтудан жалықпаймыз. Экологиялық туризм дәл осы қағидатпен дамуы керек. Біз Бозжырада туризмді дамыту үшін бірінші кезекте табиғи байлықты және баға жетпес ғарыштық ландшафттарды сақтауға мүмкіндік беретін барлық жағдай жасалуға тиіс деп есептейміз. Бозжыраны Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (ЕҚТА) құрамына енгізіп, аумаққа баруды және күзетуді регламенттейтін арнайы ереже қабылдау қажет. Оны енгізу үшін жұртшылықпен бірлесіп, шатқалға барудың арнайы ережесін әзірлеп, қабылдап, келушілердің осы ережелерді орындауына жағдай жасау қажет”, – дейді петиция авторы Ажар Жандосова.

Қазір “Бозжыра маңында құрылыс салуға қарсы” петицияға 800-ге жуық адам қол қойған.

Бозжыраны сақтап қалғысы келетін кез келген адам петицияға мына сайтқа кіріп, қол қоя алады.

Comments are closed.