Бір тал кессең, он тал ек
Жаһандық жылыну әлем халықтары және қазақстандықтар үшін күн тәртібіндегі 1-мәселе болып тұр. Еліміздің солтүстік аймақтарындағы жылыну деңгейі жыл сайын өсуде. Жақында ғана Қостанайда болған өрт салдары мен зардаптары қала тұрғындары мен еліміздің басқа да аймақтағы орман қорғаушыларды есеңгіретіп кетті. Әрі орман өрті әлем бойынша жиілеп кетті. Бұл жағдаймен әрбір екінші әлем тұрғыны бетпе-бет келуде. Құбылған заманда жаһандық жылыну мен орман өрті өте өзекті мәселеге айналды.
Nature журналының зерттеуі бойынша әлемде 3,04 триллион ағаш бар деген болжам бар. Яғни бұл жер бетіндегі әрбір адамға шамамен 422 ағаштан дегенді білдіреді.
Жер бетінде адамдар өмір сүргенге дейін 6 триллион ағаш болған. Иә, бұл қазіргі кездегіден екі есе көп. Көптеген тарихшылардың пікірінше, адам мен өркениет пайда болғанға дейін әлемдегі ормандар шамамен 6 миллиард гектар жерді алып жатқан. Бүгінгі таңда оның аз ғана бөлігі қалды, ал әлемдегі орман жамылғысының ауданы шамамен 3 миллиард гектарға дейін азайды. Әлем жыл сайын 10 миллиардқа жуық ағашты жоғалтады.
Әлемдік ормандардың шамамен 50% – ы Ресей, Канада, Бразилия, АҚШ және Қытай секілді 5 ірі елде орналасқан, ал бұл көлемнің үштен екісі Конго Демократиялық Республикасы, Индонезия, Австралия, Перу және Үндістанға тиесілі.
Ағаштардың жалпы санынан басқа, ағаштардың тығыздығын есептей отырып, елдердің “ағаш байлығын” өлшей аламыз. Ағаштардың тығыздығы елдің жалпы ауданының бір шаршы километріне шаққандағы ағаштар санын білдіреді. Финляндия, Швеция, Словения, Боливия, Экваторлық Гвинея, Француз Гвиана және Тайвань елдері ағаштардың тығыздығы бойынша көш бастап тұр. Екінші жағынан, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері және Гренландия сияқты шөлді елдерде ағаш жамылғысы жоқ.
Өткен жылы еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі “2022 жылы елімізде 280 млн түп ағаш отырғызылады”, -деп хабарлаған болатын.
«Бүгінгі таңда ел аумағында 218 орман тәлімбағы бар және ол 2649 гектар жерді алып жатыр. Алдағы жылдары оның аумағын 325 гектарға дейін кеңейту міндеті бар. Сондай-ақ, 282 гектар жерде жаңа орман тәлімбақтарын құру жоспарлануда. Сонымен қатар орманды алқаптарда ағаш отырғызу науқаны да жалғасын табады. 2022 жылға арналған жоспар бойынша ел көлемінде 112 мың гектар жерге 280 млн түп ағаш отырғызылады», – деді Ә. Шалабаева.”
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында 2025 жылға дейін еліміздің орманды аумағында 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін жүктеген еді.
Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін