Маңғыстаудағы жылқылар жағдайы. Министрлік не дейді?

0
1273
Маңғыстаудағы жылқы

Желіде Маңғыстау облысында аштан азып кеткен жылқылардың фотосы талқыланған еді. Фотоны Facebook қолданушысы Бердімұрат Төрекенов жариялады. Оның айтуынша, Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылда жылқылар өлім аузында. Бердімұрат Төрекеновтың сөзінше, биыл далада жаңбыр жоқ, жайылымдар кеуіп кеткен, жем жетіспегеннен жылқыларға берер азық жоқ.

Желі қолданушылары биліктен бұл мәселеге назар аударуды сұрады, өйткені құрғақшылықтың салдары ауыл шаруашылығы үшін ауыр зардапқа әкеп соғуы мүмкін.

“Жылқылардың аштан қырылуы климат әсерінен”

Маңғыстау облысында жылқылардың қырылып қалуына жем-шөп аз болуы себеп. Бұл өңірдегі климат жағдайының салдарынан болған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері мәлімдеді.

“Қыста қар аз болды, жауын-шашын мөлшері орташа деңгейден төмен болды. Жоғары температура жағдайына байланысты шөп жоқ. Кейінгі үш жылда құрғақ жаз мезгілі байқалады, әсіресе өңірдің жоғарғы бөлігінде”, – деп жауап берді министрліктегілер.

Ал екі күн бұрын Маңғыстаудағы жылқылар қоқыстағы картонды жеп жүрген видео жарияланды. Бұған алаңдаған желі қолданушылары қаражат жинай бастады. Олар жиналған ақшаны малға жем-шөп сатып алуға жұмсайтынын айтты.

Министрлік не ұсынды?

Бірнеше күннен соң Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстауда аштан азып кеткен жылқыларды құтқару жоспарын ұсынды. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

“Жем-шөпті орталықтандырып сатып алу үшін “Каспий” ӘКК арқылы 204 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар 12 маусымда министрлік “Азық-түлік келісім шарт корпорациясы” АҚ ресурстары арқылы 637 тонна арзандатылған арпа тиеді. Арпа нарықтағы бағадан 17% арзан сатылады.

Маңғыстау облысы фермерлері жазда мал жаюы үшін Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Темір және Қобда аудандары бойынша 100 мың гектарға жуық жайылым анықталды. Қазір аумаққа 1500 бас жылқы, 3000 бас қой, 200 бас түйе және 500 бас ірі қара мал тасымалданып жатыр”, – деп хабарлады министрлік өкілдері.

Тікелей келісімшарт жасау арқылы өңірдегі азық құнын тұрақтандыруға мүмкіндік туды дейді министрліктегілер. Қазір шөп 1200-1300 теңге, бір орамы 12-16 мың теңгеге сатылып жатыр.

Ауылшаруашылық министрлігі мәліметінше, Үкімет резервінен жем-шөпті арзандатуға ақша бөлінуі мүмкін.

“Осындай шаралар Қызылорда облысының әкімдігімен де пысықталды. Азық-түлік корпорациясы арқылы арпаны арзандатылған бағамен жеткізуге келісімшарт жасалады. Арал ауданының мал шаруашылығы үшін басқа аудандардан мал азығын жеткізу ұйымдастырылып жатыр. Фермерлер үшін жем-шөп құнын жергілікті бюджет есебінен субсидиялау тетігі жұмыс істейді. Бұған Қызылорда облысы бойынша 17 миллион теңге қарастырылған”, – деді министрліктегілер.

Депутаттар не дейді?

Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында төтенше жағдай енгізілуі мүмкін. Мәжіліс депутаттары осындай бастама айтты деп хабарлайды “Хабар 24”.

Депутаттардың айтуынша, бұған өңірлерде мал азығына қатысты жағдайдың өте қиын екені себеп. Онда аштан тек ресми мәліметтер бойынша, екі мыңға жуық бас қырылып қалған. Сонымен қатар алып-сатарлардың кесірінен басқа облыстардан жеткізілетін жем-шөпті алуға көп фермердің қаражаты жетпейді. Мысалы, бір орам шөптің бағасы 17 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл елдегі орташа бағадан төрт есе жоғары.

Депутаттар үкіметті шұғыл шаралар қабылдауға шақырды, олар көптеген қарапайым проблема, оның ішінде жем-шөппен қамтамасыз ету республикада әлі күнге дейін шешілмегенін айтты.

Comments are closed.