Жануарларға чип салу не үшін қажет?
Алматыда 2024 жылға қарай 45 мың жануарға чип салынады. Бұл туралы Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ветеринария бөлімінің басшысы Әйгерім Жақсылық айтты.
“Чиптеу жыл сайын иттер мен күшіктерге құтыруға қарсы вакцина салдырумен қатар жүргізіледі. Сонымен қатар асылдандырумен айналысатын барлық ұйым жануарларды чиптеуге міндетті”, – деді Әйгерім Жақсылық.
Жануарларға чип салу мынадай жағдайлар үшін қажет: ит немесе мысық жоғалған/табылған/ұрланған кезде қожайынына ескертуге, жануардың ветеринарлық жағдайын бақылауға, бір жануарды екінші жануармен ауыстырып алмау үшін, құтыру ауруына қарсы вакцина егілмеген және басқа да жұқпалы ауруы бар жануарларды тасымалдамау үшін.
Оның сөзінше, жануарларға чип салу тегін жүргізіледі. Ал Pet Control бағдарламасы арқылы қалада жалпы 102 675 жануар тіркелген. Оның ішінде, 63 832-сі ит болса, 38 843-і мысық.