тұрмыс қалдығын сұрыптау

Экобелсенділік: қоқысты қалай сұрыптаймыз?

0
1793

Дүниежүзінде технология дамып, түрлі құрылыс жүріп жатқандықтан оның қоршаған ортаға, табиғатқа зияны болады. Адамзат күнделікті тұрмысы үшін зауыттар салды, техниканы ойлап тапты. Ал сол зауыттан шығатын қалдық пен түтіннен адам денсаулығымен бірге табиғат та жапа шегеді. Ірі зауыт-фабрикалардың қалдықты азайтуға қатысты әрекетін заң мен билік реттеуге тиіс. Дегенмен қарапайым халықтың да қоршаған ортаға тікелей әсері бар.

Бүгінде “Экобелсенді болу” сәнге айналып келе жатыр. Бұған айналаның шамадан тыс ластануы және тиісті органдардың да нақты шара қабылдамуы себеп болып отыр.

Экобелсенді деп табиғат пен жан-жануардың қорғалуын, қоршаған ортаның таза болуын, тұрмыс қалдығы сұрыпталып, қайта өңделуін қалап, соған орай әрекет етіп жүрген адамды айтуға болады.

Қалай экобелсенді бола аламыз?

Экологиялық шараларды үйде отырып-ақ орындауға болады. Ол үшін арнайы бірнәрседен бастаудың да қажеті жоқ. Дегенмен қоқысты қалай сұрыптауға болатыны туралы және басқа да қоршаған ортаға зиянсыз өмір сүру тәсілдерін оқып отырған абзал. Қазір климат, табиғат тақырыбында жазатын сайт, блогер де көп.

Ең негізгі тәсіл – қоқысты сұрыптау

Қарапайым адам үйінде отырып, күнде шығатын қалдықты азайтып, сұрыптап отырса, мұның өзі табиғат пен өзге адамдарға жанашыр болуды білдіреді.

Адамның күнде пайдаланатын заттарына қарап, оның әрқайсын қалай сұрыптауға болатынын қарастырайық.

Киім-кешек

Матаның қоршаған ортаны қаншалық ластайтыны көп айтыла бермейді. Себебі адамзат дәл қазір пластикті қайда құртарын білмей жатыр. Сол себепті сән индустриясының киімді қаншалық көп өндіретіні туралы ақпарат тасада қалады.

Негізінде дүниежүзінде киім-кешек барлық қалдықтың біраз бөлігін алады. Себебі қазір адамдар арзан болған соң қажет болмаса да, жаңа киім сатып ала береді.

Ал қажет емес киімді міндетті түрде екінші бір адамға беріп, пайдаға асыруға болады. Осы үшін Алматыда “Тепло” қоғамдық қоры құрылған. Бұл қордың Алматыда бірнеше жерде жәшіктері орналастырылған. Кез келген адам таза әрі жыртылмаған, киюге жарайтын киімін жәшікке салып кете алады. Ал жиналған киім мұқтаж отбасыларға таратылады.

Instagram: @teplo_charity

Сонымен қатар киім мен текстильді H&M дүкеніне де өткізуге болады. Оны компания қайта өңдеп, пайдаға жаратады. Киім өткізген клиентке компания жеңілдік те береді.

Техника, батарея, лампа

Бұзылған тұрмыстық техниканы, батареяны және лампаны қоқысқа тастамаған дұрыс. Себебі бұл бұйымдарды жасауда түрлі зат қолданылады. Ал техника бұзылып, қоқыс полигонына кетсе, құрамындағы зиян зат топыраққа, ауаға, суға тарайды. Сондықтан да Қазақстанда мұндай бұйымдардың қайта өңделуі қарастырылған. Ол – ПромТехноРесурсKz – электрон және электр жабдықтарын өңдейтін компания. Осы ұйымның Алматыда бірнеше жерде көк жәшігі бар. Кез келген адам өзіне қажетсіз техниканы (батарея, шнур, лампа және тағы басқа) осындай жәшіктерге салып кете алады.

Ескі жиһаз

Қазақстанда жиһаз жасайтын компаниялар болмаса, үй декорына арналған ескі заттарды нақты қабылдайтын орын жоқ. Бірақ бұл ескі диванды қоқысқа лақтыру керек деген сөз емес. Біраз адам бұйымын сатып жібереді немесе тегін береді.

Ол болмаса, фильм түсіретін киностудиялар кейде ескі жиһаздарды әдейі іздейді. Себебі тарихи фильм түсіруге ескі бұйымдар қажет болады.

Сонымен қатар қажетсіз зат пен киімді Делай доброе делоКлуб добряков сияқты ұйымдарға өткізуге болады.

Пластик

Kazakhstan Waste Recycling ұйымы Kazakhstan Kagazy PLC компаниясының негізінде 2014 жылы құрылған. Ұйым макулатура және қайталама шикізат өңдеумен айналысады. Kazakhstan Waste Recycling Алматыда қағаз-картон, пластик бөтелке және түссіз шыны ыдыстарды қабылдайтын 26 пунк ашқан.

Instagram: @kwr_kz

Сонымен қатар пластикті Zeta компаниясына өткізуге болады.

Бұдан бөлек елімізде Rocket Plastic деп аталатын, пластикті өңдеп, одан түрлі бұйым жасайтын компания бар. Аталған ұйымға да мекенжай боынша барып, пластикті өткізуге болады.

Instagram: @rocketplastic

Қағаз-картон, кітап, газет-журнал

Қағаз-картонды Kazakhstan Waste Recycling компаниясы алады. Ол үшін қағаздарды ұқыпты етіп жинап, нығыздап апару керек. Киоскідегі қызметкер қағазды таразыға өлшеп, макулатура өткізгеніңіз үшін тиын береді.

Шыны

Kazakhstan Waste Recycling компаниясы түссіз шыны ыдыстарды қабылдайды. Ал түрлі түсті шыныны “Амиран”, “САФ” шыны компаниясы және Glass trade ұйымына өткізуге болады.

Органика

Тіпті көкөніс пен жемістен қалған қалдықты мал ұстайтын үйлерге беруге мүмкіндік бар. Олай болмаса үйге жақын орналасқан фермаға өткізу де – бір тәсіл. Ең бастысы кез келген қалдықты қайта өңдеуге немесе пайдаға жаратуға болатынын ұмытпайық.

Тұрмыс қалдығын қабылдайтын орындардың мекенжайын, қай дүниені қайда өткізуге болатындығы туралы ақпаратты Ecocity мобильді қолданбасынан біле аласыз.

Comments are closed.