Бану-Ақкүміс Құспанова: Қалдықсыз өмір сүру өзіне еліктіріп алатын саяхат сияқты

0
1666
Бану-Ақкүміс Құспанова

Zero Waste қағидасы деген не? Мұндай қағидамен Қазақстанда өмір сүру мүмкін бе? Күнде шығатын тұрмыс қалдығының екінші өмірі бар екенін білесіз бе? Дизайнер Бану-Ақкүміс Құспанова қалай экобелсенді болды? Ecoinfo.kz сайты экобелсендімен сұхбаттасып, барлық сұрақтың жауабын білді. Қызық алда, мұқият оқыңыз.

– Бану-Ақкүміс, сіз тұрмыс қалдығын сұрыптауды қалай бастадыңыз? Мұндай шешімге не түрткі болды?

– Тұрмыс қалдығын сұрыптауды 2017 жылы қолға алдым. Мұның бәрі “Орел и Решка” бағдарламасын көргеннен кейін басталды. Сол видеода Аккра қаласындағы (Гана Республикасы) электрон қалдықтарын жинайтын полигонды көрсетті. Онда электрон қалдықтарды дүниежүзінің барлық елінен алып келіп, төгеді екен. Сосын оны ашық жерде өртейді, ешқандай қорғаныс құралдары қолданылмайды. Оның бәрі ауаға тарайды. Ал Аккра халқының бір бөлігі сол жерде жұмыс істейді, себебі басқа амалы жоқ. Оның үстіне бұл Республикаға қалдығын алып келген барлық ел ақша төлеп отырады. Әлбетте, осы жағдай халыққа әсер етпей қоймайды. Сол жерде жұмыс істейтін біраз адамның денсаулығы мәз емес, 30 жастан кейін өлім көп екен. Адамдардың репродуктив қабілеті де нашарлаған, тіпті бала туса да, ол кеміс болып дүниеге келеді. Осы жағдайды білген соң өзімді жағымсыз сезіндім. Көргенімді бір апта ұмыта алмай жүрдім. “Бұл проблеманы бейжай қалдырмау керек” деп ойладым да, өзімнен бастадым. Күнде өзім пайдаланатын заттардың қалдығын сұрыптадым. Себебі олардың белгісіз бір жерде жатып, адамдарға зиян келтіргенін қаламадым. Судың бөтелкесін бөлек, басқа пластикті бөлек, қағаз-картонды, алюминий құтыны, шыны ыдысты бөлек жинай бастадым.

Осы оқиғадан 2-3 жыл бұрын да қоқысты бір айдай сұрыптап көрдім. Бірақ ол кезде оны қайда өткізерімді білмедім, қолдайтын адам да аз болды. Сомен тоқтатқан едім. Ал бұл жолы мені ештеңе тоқтата алмады әрі біраз адам қолдады.

Жалпы қоқысты сұрыптамай тұрып, өзім көшедегі қоқысты жинауға шығатынмын. Мұндай қозғалыс дүниежүзінде бар, “Тазалық сағаты” деп аталады. Кез келген адам аптасына бір сағатын белгілі бір жерді тазалауға арнайды. Мен де осы қозғалысты қолдап, өзім шығып жүрдім. Ол кезде қоқыстың әрқайсын сұрыптамадым, жай ғана жинап, қоқыс жәшігіне төгетінмін. Біраз уақыттан кейін экосенбілікке көршіміз екеуіміз шықтық. Ал одан кейін көшенің қоқысын ерікті түрде жинау кәдімгідей шараға айналып кетті, қатысушылар да көп болды. Кейін көшедегі қоқысты сұрыптамай, лақтыра салу біртүрлі көрінді. Сосын көшенің қоқысын да, сұрыптап, қайта өңдеуге өткізуді әдетке айналдырдым.

– Айналаңыз мұндай әдеттерді қалай қабылдады? Жалығып кеткен кезіңіз болмады ма?

– Алғашында бұл тірлігімді біразы қолдай қоймады, туыстарым түсінбеді. Уақыт өте сіңлім Әсел Құспанова маған қызығып, өзі де осы іспен айналыса бастады. Қазір ол – Нұр-Сұлтанның танымал экобелсендісі. Ата-анам Санкт-Петербургте тұрады. Олар да қалдықты сұрыптап, экосөмкелер қолданады. Маған достарым, таныстарым “Сені үнемі бақылап отырамыз, істеп жүргеніңе қарап, қызығамыз” деп жазады. Мен бұған өте қуаныштымын. Жалпы айналадағы адамдар да табиғатқа көзқарасын өзгертіп жатыр.

Басында ең негізгі қалдықтарды солай сұрыптап жүрдім де, қоқыстың көп шығатынына алаңдай бастадым. Оны қысқартуды жөн көрдім. Пластиктегі тауарды басқасымен алмастыруға тырыстым, косөмкелер сатып алдым. Тіпті бір полиэтилен пакетті бірнеше рет қолданатынмын. Сол кезде дүкендегі сатушылар “Пакет тегін, ала беріңіз” дейтін. Мен керісінше оның көп болуы қоршаған ортаға зиян екенін түсіндіретінмін.

Өзіме осы процесс ұнайды, жалыққан емеспін. Себебі күннен күнге қалдық шығармау үшін үнемі бірдеңе ойлап табасың. Қоқысты сұрыптап, қалдықсыз өмір сүру – өзіне еліктіріп алатын саяхат.

– Дәл қазір тұрмыс қалдығының қандай түрлерін өткізесіз немесе өңдейсіз? Қандай нәрселерден бас тарттыңыз?

– Қазір мейлінше аз қалдық шығады. Zero waste қағидасын (ағылшыннан аударғанда “ноль қалдық” дегенді білдіреді, яғни қалдықсыз өмір сүру қағидасы) ұстанамын. Бір рет тіпті 21 күн қалдықсыз өмір сүру челленджін жасадым. Содан кейін барынша осы принциппен өмір сүремін. Бірақ басқа ыдысқа құйып алуға мүмкіндік жоқ заттар болады. Мысалы, спагетти және Гималай тұзы таразыға тартылып, сатылмайды. Мұндай тұздың қораптағысын таптым, оны өткіземін. Мен өзімнің заттарымды ғана емес, туыстарым мен достарымның да тұрмыс қалдығын қайта өңдеуге өткізіп жүремін.

Қорабы қайта өңдеуге келмейтін тауарлардан бас тарттым. Бұл мен үшін қиын болған жоқ, себебі алмастыратын зат әрдайым табылады. Болмаса, ол затты мен өзім жасап аламын.

Тіпті тұрмыстық химиядан да бас тарттым, бұрын да оны көп сатып алмайтын едім. Құрамы экологиялық емес косметиканы сатып алмаймын. Себебі косметаканың химиялық құрамы оның қорабынан да зиян. Сосын кездейсоқ зат сатып алмауға тырысамын. Бірдеңе аларда “Ол шынымен маған керек пе?” деп әбден ойланамын. Сонымен қатар оның қайта өңделетін-өңделмейтінін зерттеймін, қалай шыққанын оқимын. Тек бір рет пайдаланатын және экологиялық тауарға жатпайтын барлық затты мейлінше қолданбаймын. Оған шар, фейерверк, конфетти, Бенгал шамы, гүл жатады.

Өзіме көп тыйым жасайтын болып көрінетін шығармын. Негізі мүлдем олай емес. Біріншіден, тұрмыс қалдығын ақырындап сұрыптай бастадым. Екіншіден, қажетсіз заттан арылғанда өзімді өте еркін сезіндім әрі өмірім бұрынғыдан да мәнді бола түсті. Үшіншіден, қоршаған ортаға зиян тигізбейтініңді ойлағанда бірнәрседен қиналмай бас тартасың. Табиғатқа жанашыр болу – саған ең үлкен мотивация.

– Жалпы Қазақстанда экобелсенді болып, қоқысты сұрыптап, өткізіп өмір сүру мүмкін бе?

– Қазақстанда экобелсенді болып, қалдықсыз өмір сүруге болады. Бұл – әбден мүмкін нәрсе. Мен бұған сенімдімін. Мысал ретінде менің біраз танысымды айта аламын. Мүмкін біз айтарлықтай көп емес шығармыз, бірақ қазір 2-3 жыл бұрынғыдан көппіз. Оның үстіне қазір экологиялық шараларды ұйымдастырып, оған қатысу да бұрынғымен салыстырғанда жеңілірек. Себебі мұндай шараға мүмкіндік көп. Қазір экодүкен де көп. Тіпті Zero waste қадиғасымен құрылған “Пакетамнет” дүкені де бар.

Менің үйім бір бөлме емес, бір пәтер емес, қала да емес. Менің үйім – бүкіл әлем, жер шары. Мен үйімнің бір жерінде жағымсыз оқиға болып жатса, ол мені алаңдатады. Сондықтан мен үйім таза болуы үшін, мұнда жақсы атмосфера қалыптасуы үшін, ауасы таза болуы үшін барымды саламын. Табиғат қанша катастрофаны көрген. Содан кейін де қайта тірілген. Келешек ұрпақ та Жер ананы дәл қазіргідей жағдайға жеткізбейді деп үміттенемін. Мәселе – бүгінде, қазір болып жатқан оқиғаларда. Біз пайдаланатын заттардың қалдығы қоқыс полигонында өртеніп, басқа адамға зиянын тигізгенін қаламаймын.

– Жалпы отандастарыңызға қандай кеңес айтасыз? Қоршаған ортаны таза қалпында сақтау үшін әрқайсымыз не істеуіміз керек?

– Қазақстанның әр азаматын табиғатқа зиян тигізбей өмір сүруге шақырамын. Неден бастайтыныңыз маңызды емес. Ең бастысы алғаш қадамды жасап, тұрмыс қалдығын сұрыптауға кеңес беремін. Мүмкін біреу батарейкаларды жинап, соны өткізуден бастар? Себебі батарейканың зияны көбірек. Қағаз-картонды жинау да тиімді. Оның иісі жоқ, құрғақ, үйде біраз уақыт тұрса да, ештеңе етпейді. Сонымен қатар экобелсенді болудың ең қарапайым тәсілі – бірреттік ыдысты пайдаланбай, өзімен бөтелке немесе стақан алып жүру. Кофе не шай, сусын сатып алғанда өз ыдысыңызға құйдырасыз, есесіне сізден ешқандай қалдық шыққан жоқ. Керемет емес пе?

Айта берсем, экобелсенді болудың, қалдықсыз өмір сүрудің тәсілі көп. Бұл нәрсемен айланыса бастағанда әлеуметтік желіден немесе осындай сайттардан үнемі ақпарат алып, басқа экобелсенділерден үйреніп отыру да пайдалы.

Ең бастысы – cіздің экология мәселесіне бейжай қарамай жасаған кішкентай қадамыңыз үлкен өзгерістерге апарады. Еңбегіңізді үнемі бағалаңыз. “Менің бұл жасағанымнан еш пайда жоқ, теңіздің тамшысындай ғана” деп ойламаңыз. Сол бір-бір тамшыдан үлкен теңіз құралады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Comments are closed.