Той-жиынның қоршаған ортаға зиянын азайту мүмкін бе? Бірнеше жол ұсынамыз
Әуелі үлкен салтанатты жиындар мен тойдың қоршаған ортаға әсері мол екенін айта кетейік. Қалай десеңіз, тағам мен сыйлық, той-жиын неғұрлым көп адамға жасалса, соғұрлым зияны да көбейе береді. Дегенмен қоғам ең әуелі құндылықтарға қарай әрекет етеді. Сәби дүниеге келгенде мал сойып, құран бағыштау бар, ер баланы сүндеттеу бар және қыз ұзату, үйлену тойын жасап, ағайыннан бата сұрау сияқты дәстүрлер бар. “Той – қазақтың қазынасы” деп жатады. Бірақ сол өзіміз қолдан жасайтын қазына айналамыздағы қоршаған орта деген қазынаға зияны көп болмағаны жөн.
Ecoinfo.kz той-жиындағы кейбір әрекеттерге тоқтала отырып, оның қоршаған ортаға зиянын азайту жолын ұсынады.
Жиынға келетін адамды іріктеу
Той-жиын неғұрлым көп адамды қамтыса, соғұрлым көп тамақ дайындалады, сусын құйылады, жарықтандыру, музыкамен әрлеу – бәрі-бәрі молынан жұмсалады. Кейде 3-4 сағатта өтіп кететін той үшін қатарынан бірнеше тамақ дайындап, қонаққа ұсынамыз, арты демде ысырапқа айналып кетуі ғажап емес. Тойға келетін адам санын анағұрлым іріктеп, таңдап, есептеп алған дұрыс дегеніміз содан. Тек жақындар, шын тілеулестер, достар мен туыстар жиналса, екі есе тағамға, сыйлыққа, жарыққа, орынға тапсырыс беріп, шығындалмайсыз, ысырапқа жол бермейсіз.
Тойдағы тағамдарды арнайы таңдау, ысырап етпеу
Сонымен қатар тойда бір тамақ беру де жеткілікті. Себебі қазақтың тойындағы дастарханда тауық еті де, қазы да, шұжық та, балық та қатар тұрады. Оған бірнеше салат қосылады. Ал бауырсақ пен самса, оның үстіне нан қосылатыны бар. Осының бәрін қонаққа дәм ретінде ұсына отырып, бірінші тамақ артынан екінші тамақты алдына қоямыз. Артық болып кетпеді ме? Десертке тәтті шоколадтар мен торт та қойылады. Сусынның түр-түрі беріледі. Оның бөтелкесінің бәрі пластик болады. Ал тойханалар шыққан пластикті, қалдықтарды көп жағдайда қайта өңдеуге өткізбейді. Мүмкін тойдағы тағамды аз да болса, азайтып көреміз? Мысалы, тауық еті мен балықтың біреуін алып тастауға болатын секілді. Мысалы, жаз айларында салат тез бүлінеді. Онда 1-2 салатпен шектелсек, қалай? Қазақтың бауырсағы мен нан қойсақ та, жетіп артылады. Бұл жерден самсаны қысқартайық. Сусыннан бір газды сусын, бір жеміс шырыны, бір қарапайым су қоюға болады.
Кей дамыған елдер жиындарда тағам көп болуын алдын алып жатады. Мысалы, Финляндия билігі азот оксидінің табиғатқа бөлінуін азайту үшін шешуші шаралар қабылдап жатыр. 2022 жылдан бастап Хельсинки қаласындағы жәрмеңкелерден, шеберханалардан және басқа да қоғамдық шаралардан ет өнімдері жойылып, вегетариан және балық тағамдары ас мәзірінің негізіне айналады. Сонымен қатар ел бөтелкедегі сусындар мен бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтардан бас тартуды жоспарлап отыр.
“Бұл шара азот оксиді шығарындыларын азайтуға көмектесуге арналған. Өйткені оның көмірқышқыл газына қарағанда 300 есе көп парниктік әсері бар. Ал мал шаруашылығы – осындай қалдықтарды шығаратын негізгі “өндірушілердің” бірі”, – дейді қала әкімдігі.
Бүкіл Еуропа бойынша көптеген тағамдық қызмет көрсету орындары жаңа мәзірлерге ауысып, қоршаған ортаға әсерін азайту үшін тағам дайындаудың тұрақты әдістерін қолданып жатыр.
Тойды үйде, аулада жасау
Бұрынғы жер үйде, аулада өтетін тойлар есіңізде ме? Кілемді іліп, қоршап, оған мақтамен жазу жазып, баннерді қолдан жасайтын еді. Бүкіл ауылдың стол, орындығын жинап, дастархан жаятын. Сонда адамдар тойханалар жоқ кезде осылай амалдаған еді. Бір жағынан ғимарат жалдап, қаржы үнемдеген екен.
Пандемия кезінде біраз адам аз адам шақырып, өз ауласында той жасап, амалдады. Коронавирус кезінен қалған жақсы бір әдет осы шығар – тойды аз адамға жасау, жер үй ауласын жалдап, өзімізше той ұйымдастыру.
Аулада, жалданған үйде жасалған тойларға ғимаратты жалдауға беретін ақыдан көп қаражат кетпейді. Отырыс үй ауласында болған соң одан тым көп адам да шақыра қоймайсыз. Туған-туысты шақырып, тағамдарды бірге дайындауға да мүмкіндік туады. Ауланы да өзіңіз сәндеп, әп-әдемі әрі қоршаған ортаға зияны аз отырыс жасауға әбден болады.
Шармен сәндемеу
Шардың материалы қайта өңделмейтін қалдықтар қатарына жатады. Ал аспанға ұшыратын шарлар жерге қайтадан түсіп, қоқысқа айналады. Жалпы шарды үрлеуге ауа немесе гелий газы қолданылады. Адамды, әсіресе балаларды қуантатын осы бір бұйым қайта өңделмейтініне байланысты экобелсенділер арасында бас тартуға болатын заттар қатарына жатады. Себебі шарлар бірретттік ыдыстар сияқты бұйым саналады. Ендеше той-жиынды бірнеше сағат тұрып, сосын қоқысқа айналатын шарларсыз сәндеуді ұсынамыз. Мысалы, пластмасса гүлдер немесе әдемі суреттер.
Баннерді тиімді етіп жасау
Той-жиында фотоға түсу үшін әрі кімнің қуанышы болып жатқанын білдіру мақсатында түрлі баннер жасалады. Әдемі, көз қуантады, фотоға түсуге қолданамыз, тойдың да сәнін келтіреді. Егер баннер жасаушылар оны өзінде бар әріптермен ғана жасаса, онда экология жағынан өте тиімді. Өздерінде қалады, сол әріптерді әрі қарай да қолдануға болады, артық қалдық шықпайды.
Егер баннерді дайын әріптерсіз, арнайы шығарып жасаса, сіз ұсынған суретпен, шармен безендірсе, онда оның қалдығы қоқысқа кетеді. Арнайы үлкен плакатқа есіміңізді жазып, баннер жасау да тиімсіз дер едім. Себебі кейін ол баннерді қайда қолдануға болатынын ойлау керек. Жер үйде тұратындар түрлі іске аырып жіберуі мүмкін. Ал көпқабатты үйдегілерге үлкен баннер аса жарай қоймайды. Сондықтан баннерді дайын әріптермен, қайта қолдануға болатын материалдармен сәндеп, дайындаған экологиялық әдеттің бір түріне жатады. Мұндай сәндеуден қалдық, қоқыс шықпайды.
Тойда отшашу, пиротехника қолданбау
Тойда жас жұбайларды вальске шақырып, арнайы бу жібереді. Оның үстіне пиротехника жағып, қараңғыда әдемі әсер сыйлағысы келеді. Ал экология жағынан қарасақ, екеуі де табиғатқа зиян. Жасанды будан да, пиротехникадан да ауаға зиян газ тарайды. Оның үстіне ол газ дастархан үстіндегі сусын мен тамаққа да түсіп жатады. Өзі жабық тойхананың ішінде пиротехника бір жағынан қауіпсіз. Мұндайда балаларға абай болған дұрыс. Бірер минуттық әдемілік үшін денсаулығымызға зиян газды жұтып жүрміз деуге болады. Біреулер үшін дарақылық, ал экобелсенділер үшін қоршаған ортаға зиян келтіру, табиғи ресурсты бейберекет құрту.
Той-жиынды пиротехникасыз да өткізуге болады. Мысалы, биге шыққан жас жұбайларға арнайы жарықпен де романтикалық атмосфера сыйлауға болады. Әр қонақ өз смартфонындағы фонарьді қосса да, әдемі болар еді. Ең бастысы ауаға зиян зат бөлініп, келген қонақ газдан тұншықпайды.
Тойбастар ретінде пайдалы бұйым ұсыну
Қазақтың тойында тойбастарға түрлі нәрсе беріліп жатады, шоколадтан бастап, бал, ойыншық, моншақ, түрлі әшекей және тағы басқа. Оның кейбірі тек балаларға арналған болады. Мысалы, неге тойда тойбастар ретінде кітап таратпасқа? Тойдан сарқыт деп, үйге кітап алып келсе, тамаша естелік болмай ма? Кітапты бірнеше адам оқиды, қастерлеп төрге қояды, кейбір ойыншық сияқты сынып, қоқысқа кетпейді. Бір жағынан той-жиын жиналғандардың рухани дамуына себеп болар еді. Ең бастысы – тойда берілетін сыйлық адам қолданатын, пайдалы, қоқысқа айналып кетпейтін болуы керек. Әсіресе бір рет қана қолданатын бұйымды сыйға бермеген дұрыс.
Интеллектуал ойындар ойнату
Арнайы бұйымдармен, заттармен ойнатылатын ойындар үшін кейде бірреттік бұйымдар қолданылып жатады. Шармен ойнататындар тағы бар. Осының бәрінің орнына сұрақ-жауап ұйымдастырып, ақылды қосатын немесе арқан тартқызып, қазақы ойындарды насихаттауға болады. Ең бастысы тойдағы ойын-сауық адамзаттың заттар мен табиғи ресурстарды бейберекет пайдалануына себеп болмағаны дұрыс.
Тойды кешіктірмей бастау
Ол үшін шақырылған қонақтар да отырысқа кешікпей, уақытылы келуі керек. Тойдың басталуын күткен сайын электр энергиясы кете береді. Себебі мейрамханада кәдімгі шамнан бөлек, музыка, видеоаппараттар, тоңазытқыштар, плиталар, газ, кондиционер сияқты құрылғылар да қосылып тұрады. Той кеш басталған сайын оларды қолдану уақыты да ұзара береді. Оның үстіне басқа адамдардың уақытын алатыны бар. Жиынға уақытында бару арқылы да қоршаған ортаға келетін зиянды азайта алады екенбіз. Табиғатта бәрі орнымен, ысырапсыз болса, Жер-Ана да адамзаттан алғысын аямас.
Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.