Алматыдағы сенбілікте 356 келі қайталама шикізат және 39 қап өңделмейтін қалдық жиналды

0
473
сенбілік

Recycle birge жобасы 321_start Жастардың бастамаларын қолдау жобасымен бірге Алматыда үлкен сенбілік өткізді. Аумақты қоқыстан тазалауға жоба өкілдері және қолдаушылар, сонымен қатар компания қызметкерлері қатысты. Нәтижесінде табиғатқа жанашыр жандар серіктестерімен бірге әсем қаламыздың тау бөктерінен 100 келі пластикті, 9 келі алюминийді, 245 келі шыны бөтелкені, 2 келі картон-қағазды, ал барлығы 356 келі қайталама шикізатты жинап алды.

  • Пластик: 100 келі
  • Алюминий: 9 келі
  • Шыны: 245 келі
  • Картон: 2 келі
  • Барлығы 356 келі қайталама шикізат

Сонымен қатар қайта ұйымдастырушылар қайта өңдеуге жарамайтын 39 қап қалдықты жинады.

Сенбілікті ұйымдастырушылар қатысушылар мен табиғатқа жанашыр адамдарға, сонымен бірге барша қолдаушыларға алғысын білдірді.

Егер сіз нақты орынды анықтап, сол жерде экосенбілік ұйымдастыруды ойласаңыз, онда мына қадамдарды жасау қажет:

  • Біріншіден, экосенбілік жасайтын жерді анықтап алу қажет. Бұл ретте таңдалған жер сенбілікке қатысатын адамдарға зиян болмағаны дұрыс. Сонымен қатар біреудің жеке учаскесіне, үйіне кіруге болмайды.
  • Екіншіден, сенбілік болатын күнді және қанша сағатқа созылатынын алдын ала белгілеу керек. Әдетте экосенбілік күндіз болады және ауа райы ескеріледі. Мысалы, жазда таңғы 6-7-де сыртқа шығып, түске дейін тазалап бітуге мүмкіндік бар. Себебі түсте күн ыстық болады да, адамдар әлсірей бастайды. Ал қыста 11-12-де бастаған ыңғайлы. Бұл кезде таңғы салқынның беті қайтып, күн шығып тұрады.
  • Үшіншіден, тұрмыс қалдығын қайта өңдейтін ұйыммен келісу керек. Олар экосенбілік болған жерден қалдықтарды әкете ала ма, жоқ па, алдын ала сұрау қажет. Себебі кейбір компаниялар қаланың сыртында орналасқан. Егер жиналған қоқыс тым көп болса, қаланың сыртына жай көлікпен бару тиімсіз болады. Мұндай кезде арнайы жүк көлігін шақыруға тура келеді. Ал қалдықтар аз мөлшерде жиналса, автокөлікпен жеткізген ыңғайлы.
  • Қай жерде экосенбілік өткізесіз, сол ауданның әкімдігімен келісуіңіз керек. Мұндай қадам әкімшілік пен жер иесінің шағымданбауы үшін қажет. Себебі кейде арнайы таңдаған жер біреудің жекеменшігінде болуы мүмкін. Болмаса, ол жер адамдарға қауіпті деп танылуы да ғажап емес. Сондықтан әкімдікпен келісіп алған дұрыс. Сонымен қатар аудан әкімдігі де жиналған қоқысты арнайы орынға апаруға көмектесуі де мүмкін.
  • Келесі қадам – экосенбілікке қатысқысы келетін адамдарды жинау. Әлеуметтік желілерде сенбілік болатынын айтып, жақын маңдағы үйлерге хабарлама ілуге болады. Пәтер иелері кооперативіне де бір ауыз айтып, көршілер мен әріптес-достарыңызды да шақыра аласыз. Егер сенбілікке қатысқысы келетін адам көп болса және сіз оларды жақын танымасаңыз, азаматтарды онлайн тіркеуге болады.
  • Экосенбілік болатынын хабарлаған кезде негізгі ақпараттың бәрін жазу керек. Хабарландыруда экосенбілік уақыты, орны, не алып келу керек екені көрсетілуі қажет. Мысалы, ыңғайлы киіну, су алып келу және кешіккен кезде не істейтіні туралы.
Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.