НУ студенттері синтетикалық биология бойынша халықаралық байқауда жеңімпаз атанды
Халықаралық биотехнологтар қауымдастығы Қазақстандықтардың жұмысына тәнті болды.
Назарбаев Университеті студенттерінің жобасын синтетикалық биология бағытында жұмыс істейтін IGEM халықаралық байқауында үздік деп таныды, деп хабарлайды Steppe.
Қазақстандық студенттер байқауға Remi, du et! деп аталатын, топырақ пен суды мұнай төгінділерінен модификацияланған бактериялар арқылы тазарту жобасын ұсынған. Әлемдік биотехнологтар ұйымы Қазақстандықтардың еңбегін бағалады. Нәтижесінде Назарбаев Университеті MIT, Stanford, Sorbonne University, Waterloo және John Hopkins секілді оқу орындарын артта қалдырып, IGEM алтын медалін жеңіп алды.
Алтын медальмен қатар қазақстандық студенттердің жобасы 255 үміткердің ішінен суырылып шығып, жылдың үздік ТОП-10 жобасының қатарына енді. Финалға қатысушылардың толық тізімін мына жерден көруге болады.
Сонымен қатар өз жұмысындағы “ерекше жетістіктері” үшін Назарбаев Университетінің командасы “Қоршаған ортаны қорғау бойынша үздік жоба”, “Үздік веб-сайт”, “Үздік инклюзия жобасы” және “Үздік тұрақты даму жобасы” сияқты бағыттар бойынша номинацияларға ие болды.
Назарбаев Университетінің 2021 жылғы командасына биология ғылымдары, химиялық инженерия және робототехника факультеттерінің екінші-төртінші курс студенттері енді. Команда iGEM байқауына 2013 жылдан бері қатысып келеді және Орталық Азияның атынан қатысқан жалғыз команда.