дельфин

Дельфинарий: ойын-сауық, емдеу әлде қатыгездік?

0
1296

Елімізде Free Dolphin Kazakhstan қозғалысы мен басқа да жануарлардың құқығын қорғап жүрген белсенділер дельфинарий жұмысына тыйым салуды сұрап жүр. Дельфинарийді неліктен жабу керек? Ал билік қоғам белсенділеріне қалай жауап берді? Тарқатып айтып береміз.

Жаңа заң жобасына қандай өзгерістер енгізіледі?

Жақында Қазақстанда байланыс зоопарктері мен дельфинарийлер жабылатыны туралы ақпарат тарады. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасына енгізілген түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Мәжілісмендер жаңа заңды талқылау кезінде жануар құқығын қорғаушылардың жылжымалы аң көрмесін, дельфинарий, аквариум және байланыс зоопаркін құруға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салуды енгізу туралы ұсынысын назарға алды.

“Бұл ережеде аталған ұйымдардың иесі өз бизнесін таратуына немесе қайта ұйымдастыруына уақыт беріледі”, – деп түсіндірді Мәжілістің экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин.

Енді 18-баптың “Жануарларды мәдени-сауықтық мақсатта пайдалану кезіндегі оларға күтім көрсету талаптары” нормалары Қазақстан Республикасының аумағына жылжымалы аң көрмесін, дельфинарийлерді және байланыс хайуанаттар бағын кіргізуге, құруға және пайдалануға тыйым салуды көздейді.

Елімізде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан стационарлық дельфинарийлер үшін халықаралық тәжірибе мен Экология министрлігінің ұсынысы ескеріліп, арнайы уақыт берілді. Ол – 2029 жылға дейін, яғни Қазақстанда бар дельфиндердің табиғи өліміне дейін орталықтың жұмысын жалғастыру.

Бірақ бұл бәрі емес. Екінші оқылымға депутаттар мыналарға бағытталған түзетулерді ұсынды:

  • Жануарларға қарау қатыгездік деп есептелмейтін жағдайларды нақтылау.
  •  Ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарын 16 жасқа толмаған адамдарға серуендетуге тыйым салуды енгізу.
  • Үй жануарларын ұстау кезінде санитарлық нормаларды сақтау үшін иелерінің жауапкершілігін қамтамасыз ету.
  • Қаңғыған жануарларды егу және зарарсыздандыру үшін мемлекет бюджетінен және Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қаржыландыру.

Бұған дейін заң жобасын таныстыру кезінде елімізде ит төбелесіне тыйым салынатыны айтылған еді. Сонымен қатар қазақстандықтар үй жануарларына 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін микрочип салғызуы керек.

дельфин

Неліктен дельфинарийлердің жұмысына тыйым салу керек?

Қазақстанда да басқа елдердегідей сияқты ойын-сауық, шоуларға жануарды қолданатын жобалар бар. Free Dolphin Kazakhstan қозғалысы сондай жобаларға қарсы петиция жазудың арқасында құрылды. Қозғалыс өкілдері мемлекет басшысына жүгініп, жануарға қатыгездік көрсететін, оларға гуманистік қарым-қатынас жасамайтын ұйымдардың жұмысына тыйым салуды сұрап жүр.

Ecoinfo.kz сайты Free Dolphin Kazakhstan қозғалысының белсендісі Камила Төлебаеваның пікірін тыңдап, дельфинарий жұмысына не себепті тыйым салу керек екенін білді.

“Сенат заңды дәл осы тұжырымда қабылдаса, бұл – Қазақстан үшін үлкен жетістік! Біз бұл норманы қолдаймыз, бірақ басқа да нұсқаны ұсынғымыз келеді. Бұл заңда дельфинарийлердің қызметіне, дельфиндерді әкелуге, күтіп-бағуға және өсіруге тыйым салу белгіленіп тұр. Бірақ мұндай әрекеттер мемлекетте бар дельфинарийлерге қолданылмайды деген шарт бар. Канададағы дельфинарийлерге тыйым салу мәселесі де дәл осылай шешілді. Оларда бір дельфинарий бар және ол әлі күнге дейін елде қалған. Тек олардың жануарды жаңадан сатып алып, өсіруге құқығы жоқ. Біздің ойымызша, дәл осындай тұжырым дұрысырақ болар еді”.

“Қазір Қазақстандағы дельфинарийде тұрған дельфиндер 8 жылдан астам өмір сүре алады. Содан кейін қайтадан түзетулер енгізуге тура келеді. Сонымен қатар бизнес иелері 2029 жылға дейін жаңа жануарларды әкеле алады немесе бұрыннан барларын өсіре алады. Сондықтан заң жобасына алдағы уақытта өзгертуді қажет етпейтін және дәл қазір жаңа дельфинарийлердің болуына тыйым салатын басқа да түзетулер енгізу қажет деп есептейміз. Бұл заң әлі қабылданбағандықтан біз қазақстандықтарды қоғамымыздың өркениетті өзгерістерге дайын екенін көрсету үшін депутаттарға үндеуімізді қолдауға шақырамыз”, – деді Камила Төлебаева.

“Дельфинарийге жол жоқ” петициясы мына жерде.

“Дельфинарий жануарға тұтынушы ретінде қарауды үйретеді”

Free Dolphin Kazakhstan қозғалысы өкілінің айтуынша,  кез келген балаларға арналған ойын-сауық, іс-шара, жиындардың тәрбиелік мәні болуы керек. Мұндай жобалар балаларды өзгеге зиян болмауды, көмектесуді, қатыгездік жасамауды, мейірімді болуды дәріптеуі қажет. Ал дельфинарий жануарға тұтынушы ретінде қарауды үйретеді. Әсіресе жануармен бірге өтетін шоулар дамушы, дамыған елде, ізгі қоғамда тоқтатылуы керек.

“Жануарды елдің көңілін көтеру мақсатында пайдаланып, содан ақша табу – моральдық және этикалық нормаларға сай келмейтін іс”, – дейді ол.

1960-1970 жылдардан бастап дүниежүзінің теңізшілері, ғалымдары киттер мен дельфиндерді еркінен тыс пайдалану туралы айтып, дабыл қаға бастады. Өйткені жалпы жануарлардың табиғатта еркін өмір сүруі сол жылдары зерттеле бастады. Оған дейін ғалымдар дельфиндерді тек зертханада, торда тұрған жерінде зерттей алатын еді. Кейіннен ғылым дамыды, жануарларды сыртынан зерттеу мүмкін болды. Енді дельфиндерді қамап ұстау ғалымдар тарапынан да құпталмайды.

“Дельфин теңізде, өз ортасында ғана өзін жайлы сезінеді”

“Дельфин – оның жағдайын, өмір сүретін ортасын қолдан жасап бере алмайтын жануар. Адамдар қанша тырысқанымен теңіз жануарларына тура теңіздегідей жағдай жасап бере алмайды. Дельфин өзі киттәрізділер отрядына жатады. Олар теңізде 500 мың метр тереңдікке де сүңги алады. Керек десеңіз, 50-60 шақырым жерге бір сағатта жүзіп бара алады. Дельфинді аулап, асырайтын болса, ол өзін әдеттегідей еркін ұстай алмай, үнемі күйзелісте жүреді. Оның кесірін кейде асыраушы мамандар тартып жатады. Жануар агрессиясын шығарады, тістейді, бірнәрсені бұзады. Жыртқыш жануар азығын өзі ауламаған соң күйзеледі. Оның үстіне жасанды алаң дельфиннің иммунитетін де түсіреді, – дейді Камила Төлебаева.

дельфин

Дельфинді азықтандыру мәселесі бөлек. Дельфинарий орталықтары бір күндік қоректі үш мезгіл жаттығу уақытына бөліп, жануарды жаттығулар жасағаннан кейін азықтандырады екен. Демек дельфинге белгілі бір жаттығуларды орындағаны үшін ғана тамақ беріледі. Сонымен қатар олар адамдардың қолына түскенде отбасынан, өзінің үйірінен алыстайды.

“Біріншіден, дельфиндерді шоуға, бірге жүзуге пайдаланатын жобалар жануарға бәрібір де зиянын тигізеді. “Жануарды қорламаймыз, тек онымен достасып, жұмыс істейміз” деген болмайды. Дельфинді ойын-сауық түрінде пайдаланудың өзі оны қорғау болып саналмайды. Дүниежүзілік зерттеулерге сүйенсек, теңізде, еркіндікте жүрген, өз үйірімен бірге тіршілік ететін дельфиндердің психикасы, санасы әдеттегідей, дұрыс қалыптасады. Сонымен қатар дельфиндердің миының бір бөлігі адамдардікінен жақсырақ дамығаны дәлелденген. Миллион жыл бойы осы жануарды оның миы үшін аулау ісі де әлі күнге дейін жалғасып келеді”, – дейді белсенді.

Дерек: дельфиндер теңізде, табиғатта орташа есеппен 25-50 жыл аралығында өмір сүреді. Бұл жануардың өмір сүру ұзақтығы түріне де байланысты. Мысалы, косатка дельфинінің еркегі 50-60 жылға дейін тіршілік етсе, ұрғашысы 70-80 жыл өмір сүре алады. Ал дельфинарийде косаткалардың 10 жыл өмір сүруі сирек. Себебі олар дельфинарийдегі алғашқы 2 жылда өліп кетеді. Қысым мен жасанды ортаға шыдаса, дельфиндер дельфинарийде орташа есеппен 6 жыл ғана өмір сүреді.

“Адамгершілікке жат кәсіппен адамдар ақша тауып жатыр”

“Дельфинотерапия – қымбат қызмет түрі. Осындай адамгершілікке жат кәсіппен адамдар ақша тауып жатыр. Ал ата-аналар баласына пайдалы болады деп, мұндай терапияға қанша ақша болса да, беріп, сеніп жүр.  Мұндай қызметті ұсынатын компаниялар терапияның адамға пайдасын айтып, әлеуметтік маңызын алға тартады. Дегенмен дельфинотерапияны қажет етеді деп айтатындай ауру түрлері жоқ, яғни пайдасы ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Керісінше егер адамға жануармен қарым-қатынас керек болса, оны дельфиннен өзге үй жануарларымен, төрт түлікпен алмастыруға болады”, – дейді Камила Төлебаева.

дельфин

Денсаулық сақтау министрлігі осы қыркүйекте дельфинотерапияға қатысты пікірін білдірген еді. Сонда министрлік дельфинмен бірге жүзу балаларға зиян болуы әбден мүмкін екенін, зооноз инфекциясын жұқтыру қаупі бар екенін айтты.

Тағы оқыңыз: Жануарларға қамқор болуды балаға қалай үйретеміз? Мамандар кеңесі

Comments are closed.