Жануарларға қамқор болуды балаға қалай үйретеміз? Мамандар кеңесі

0
1123
жануар, ит

Еліміздегі бірқатар маман мен сарапшылар жануарларға қатыгездік көрсету мәселесіне алаңдаулы. Олар кішкентай балалардың жануарға мейірімді болуы ересектердің жауапкершілігіне байланысты екенін айтып жүр. Себебі бала үлкендерге қарап, бой түзейді.

Ал ересектердің бала алдында қандай борышы бар? Балаға қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды, жан-жануарға қатыгез болмауды қалай үйретеміз? Ecoinfo.kz сайты осы мәселелерді сарапшылардан біліп қайтты.

Мамандар мына тақырыптарды қозғады:

– балалар тарапынан жануарларға қатыгездікпен қарау

– Қазақстанда балалардың көзінше иттер мен мысықтарды аулау оқиғасы

– балаларды тәрбиелеу принципі: адамгершілік, сана, модельдер

Аружан Саин, Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

Аружан Саин

Аружан Саин. Фото: Турар Казангапов

Білім беру бойынша алдыңғы орында емеспіз. Бұған тәрбие жағын да қосуға болады. Себебі адам тәрбиені үйде ғана емес, қоршаған ортасынан да көреді. Кез келген баланың тәрбиесіне мемлекет, оқу орындары, ұйымдар – барлығы әсер етеді. Бала үйден басқа жерде де білімді, көргенді, жақсы жағынан дамыған адам болып қалыптасатындай тәрбиені көре алуы керек.

Өкінішке қарай, тәрбие мәселесі біраз кенже қалып қойды. Тәрбиенің, жағдайдың дұрыс болмауынан кей балалар жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды, қалыптасқан әдеттерді, норманы білмей қалды. Адам өзін нығайтатын, қалыптастыратын дұрыс нәрселерді көрмесе, өзін зұлымдық, зорлық арқылы көрсете бастайды, солай қоғамға белгілі бір әсерін байқатады. Мысалы, мектептегі буллинг те осыдан шығады. Бала өзінің менін, мықтылығын әлсіздерге қоқан-лоқы көрсету арқылы шығарады. Тек өзінен әлсіз адамдарға емес, оның ішінде жануарларға да тиісе бастайды.

Бүгінде біз бей-жай қарауға болмайтын жағдайға жеттік.

Қазір Қазақстанда пайдасы жоқ конференциялар мен концерттерге бөлінетін қаржыны білімге, балаларға арналған шараларға жұмсамақпыз. Осы ретте тіпті мұғалімдердің мәртебесінің, жалақысының көтерілгені көмектеседі. Жағдайы жақсы, мүмкіндігі молырақ адам жұмысын да жақсы істей алады. Дәл қазір болып жатқан табиғатқа, жануарға қатысты жағымсыз жағдайды өткеруімізге тура келеді. Бұл ретте отбасының әсері мол. Балалар ересектерден көргенін қайталайды.

Балалар ересектердің жануарларды қорлап жатқанын көріп жүр. Бұл туралы маған айтып, жазып жатқан адам көп. Осы орайда біз мынандай идеяға тоқталдық: балалар өзінің өнері, салған суреті, жазған эссесі арқылы ересектерді жануарларды қорғауға үндейді. Мұны біз байқау түрінде ұйымдастырдық. Байқау екі бөлімнен тұрды. Қатысушылар табиғатты қорғау, экология мәселесі бойынша сурет салды, эссе жазды. Жеңімпаздарға сыйлықтар берілді. Тіпті олар Австрияда болатын көрмеге баруы керек еді. Бірақ пандемияға байланысты жүзеге аспады. Сонда да бұл жоспарды орындаймыз деп үміттенемін.

2019 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың наурызына дейінгі уақытта Қазақстанда қылмыстық кодекстің 360-бабы – Жануарларды қорлау бойынша 832 іс  қозғалған. Оның ішінде 773 қылмыстық іс тоқтатылған.

Меніңше, бұл – дұрыс есептелмеген дерек. Жалпы заңда жануарды өлтірген адамға жаза тағайындалса дейміз. Сонда ғана жануарларды жөн-жозықсыз өлтіру, оларды қорлау ісі біршама азаяр еді. Тіпті қабылданған заңның өзі жұмыс істемей жатыр ғой. Елімізде заңдар бар, бәрі әдемі, күшті жазылған. Бірақ көп жағдайда орындалмайды.

Алматыдағы жануарлардың жағдайы туралы әкімдікпен талай кеңестік. Жануарларға стерилизация жасалуы керек, екпе салдыру керек. Сонда ғана қаңғыған ит-мысық көбеймейді, олардан ауру жұқпайды. Иесіз жануарлардың көбеюіне жол бермесек, оларды жылы лашықпен қамтамасыз ету де қиын болмайды. Ал әлеуметтік ұйымдар өте көп қаңғыған жануардың қайсы біріне күтім жасап үлгереді? Сондықтан жануарды ату емес, оған стерилизация жасау ісіне бірте бірте келеміз деп үміттенемін. Мұның бәрі мемлекет бюджетінен жасалатын болған соң жүзеге асыру да қиын. Мемлекеттен кей нәрсеге бөлінетін қаражатты қысқартамыз, оны басқа пайдалырақ салаға жұмсаймыз деп талай қарсылыққа тап болғанымыз бар. Жануарларға қамқор болып отырған ұйымдардың да жағдайы мәз емес. Біресе иесіз жануардың тамағына, біресе жататын жері үшін үнемі қаражат керек. Одан да бізге жүйені өзгерткен тиімді емес пе? Сонда жанашыр ұйымдардың да жұмысы жеңілдейді.

Салтанат Әскербекқызы, Edu Stream білім беру орталығының жетекшісі:

Cалтанат Әскербекқызы

Cалтанат Әскербекқызы. Фото: Kz.linkedin.com

Ағылшын тілінде балаларға, оқушыларға арналған оқулықтар, кітаптар шығарамыз. Оның ішінде бастауыш класс оқушыларына “Жануар – отбасыңның бір мүшесі” деп үйретеміз. Ағылшын тілінің оқулығында бұл қалыпты нәрсеге айналған. Сонда балада жануарға деген жеккөрініштік, қатыгездік сезімі қалыптаспайды. Сосын 5-класстан жоғары классқа дейін балаға қоршаған ортаны қорғауды, қоғамда жауапкершілігі бар екенін, айналамен қарым-қатынасты үйретеміз. Қоршаған ортаға, қоғамға деген жауапкершілік болуы дегеніміз – XXI ғасырдың бір машығы. Біздің оқу орталығының түлегі мына төрт қасиетті алып шығуы керек: коммуникация, коллаборация, сыни ойлау және креатив. Демек бала қарым-қатынас құруды, бірлесе жұмыс істеуді, сыни көзқараста болуды және мейірім мен жанашырлықты үйреніп шығады. Бала жануарды қорғауды, оған адамгершілікпен қарауды осы төрт қасиет негізінде түсінеді.

Былтыр карантин кезінде “Жануар менің достарым” деген байқау өткіздік. Шынында бұл байқауды балаларға қандай да бір қолдау көрсеткіміз келіп, ұйымдастырдық. Себебі балалар үйде онлайн оқыды, ешқайда шықпады, отбасы мүшелерімен кейде түсінісе алмады. Байқау бойынша балалар сурет салып, эссе жазды. Сонда олар ересектердің жануарларға қатыгездігін, жауыздығын жазып, дұрыс емес екенін айтып, назын білдірді. Үйдегі ит-мысықтарын мысалға келтіріп, хат жазды. Кейін конкурстың уақыты аяғына келсе де, балалардың салған суреті, жазған эссесі келіп жатты. Сондықтан біз байқауды экология тақырыбы бойынша қайта жалғастырдық. Оқу орталығымыздың басшылығы да, қызметкерлері де жануарлар дүниесін қорғауға, үй жануарларына жанашыр болуға шақырады. Әлеуметтік жобаларды қолдауға, құндылықтарға негізделген бастамалар туралы айтуға дайынбыз.

Кез келген компания, бренд әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, ұстануы керек. Біз балаларды оқытып, олардың тәрбиесіне араласып жатқандықтан қоғамдық істерге де үлес қосуды міндетіміз деп санаймыз. Сол себепті де қолдаймыз. Ең басты айтатынымыз – жануарларды сатып алмай, арнайы приюттардан алып, асыраңыздар.

Ересектер жануарды қорғауды балаларға қалай үйрете алады?

Әуелі ересектер бәрін өзінен бастауы керек. Адам өзі қатыгез болса, балаға ештеңе бере алмайды. Үлкендер көбіне баланың көрген-естігенінің бәрін сіңіріп алатынын ескермей жатады. Үйде, отбасыда қалай болса, солай сөйлеп, жағымсыз әрекеттерді көрсетуі мүмкін. Тіпті ересектер баланың көзінше ұрыспауы керек, бұл – мәдениет, одан қалса, тәрбие. Егер баланың көзінше ұрсысатын болсақ, бірімізді-біріміз ұрып жатсақ, ол стресске түседі. Бала әрқашан көргенін істейді. Үйде алған жағымсыз эмоцясын тысқа шығып, басқа біреуге бағыттайды. Балалармен төбелеседі немесе жануарларға тиюі мүмкін.

Сонымен қатар қазір смартфон бар. Оны балаға беріп, тыныш отырса екен дейміз. Бала гаджеттен нені көріп жатыр? Біраз мультфильм қатыгездікті, жауыздықты көрсете береді. Одан қалса Tik-Tok-та неше түрлі видеоны көреді, оның ішінде бір-бірін мазақтап та жатады. Ересектер балаға не беріп жатқанына мұқият болғанда ғана саналы қоғам қалыптасады. “Молданың айтқанын істеме, істегенін істе” дейді. Ата-ананың балаға айтқаны емес, істегені, үлгі болғаны өтеді.

Балам жануарға мейірімді болсын десеңіз, жаратылысқа өзіңіз жанашыр болыңыз. Жануарды сатып алмай, арнайы приютқа барып, балаға ит-мысықты көрсетуге болады. Егер баланы жануарларға апарсақ, әуелі олардың жаны ашиды. Ата-анасынан “Мыналарды неге қамап қойған? Үйге алып кетейікші” деп сұрай бастайды. Бірнеше рет жануарларға апарып, қарым-қатынас қандай болуы керек екенін көрсетсеңіз, бала жануарларға қатыгез болмайды. Бұл мәселеде жауапкершілік үлкендердің мойнында. Тіпті кей балаларды иттермен бірге ойната отырып, социумға үйретуге болады. Мысалы, біраз мүгедектігі бар балалар үйде отыр. Бүйте берсек, қоғам оларды мүлдем қабылдамай қояды.

Comments are closed.