Ысырапқа қатысты қазақтың наным-сенімдері

0
1988

Мереке мен тойды ысырапқа берілмей, аста-төк дастархан дайындамай-ақ тойлауға болатынын экобелсенділер айтып жүр. Себебі кез келген қалдықтың табиғатқа зияны болып жатады.

Наурыз мерекесінің қарсаңында қазақ халқының ежелден ысырапқа қатысты ұстанатын наным-сенімін еске түсірейік дедік. Себебі қазақ “ысырап” деген сөзді отбасында жиі айтып, қалдықсыз өмір салтын ұстанды. Ал қалдықсыз өмір салты экология мәселесі өзекті болып тұрған бүгінгі қоғамда аса қажет.

Этнограф Болат Бопай қазақ дәстүріндегі табиғат пен қоршаған ортаға қатысты сенімдерді еске түсірді:

“Қазақ ұлы даланы мекен етіп, батысы мен шығысына көшіп-қонып, көшпенді өмір сүрді. Осынау ұланғайыр даланы көзінің қарашығындай қорғады. Бір түйір тасын, бір тал шөбін, бір тамшы суын ұрпақ байлығына бағалады, жанындай жақсы көрді. Сыртқы жауға жанын берсе де, жерін бермеді. “Жер ана” деп санады. Өзі қоныс тепкен ортаны киелі деп білді. Сондықтан жер киесіне, тәбиғат иесіне қатысты керемет ырымдар шығарды” – дейді этнограф.

Мысалы,
1. Көк шөпті жұлма, шөптей орыласың.
2. Қүстарды қырма, бағыңнан айырыласың.
3. Құстардың жұмыртқасын бұзба, бетіңе секпіл түседі.
4. Суды лайлама. Көңіліңді жабырқау басады. Осындай тағы басқа ырымдар арқылы тәбиғат пен жаратылысты, қоршаған ортаны қорғады.
5. Нан қоқымын аяқпен баспа, бақытсыздық келеді.
6. Тұзды жерге төкпе, тұрмысың ащы болады.
7. Құмырсқа илеуіне тиіспе, шырқың кетеді.
8. Дәм татқан құдығыңа түкірме, несібең сарқылады деген ырымдармен ас-тұздың қасиетін қорғады.
9. Асқан тамақты далаға, қоқысқа төкпе, ашаршылық болады. Бір тоқтықтың бір жоқтығы болады.
10. Соғымға сойған малдың сүйегін далаға жайратып тастама, ақ сүйек жұт болады.
11. Ақты, сүт, айран, қымыз, шұбат, іркіттерді суға төкпе, су қоспа, мал желіні ақ ауруға ұшырайды. Мал суалады, жұтайды.
12. Аста-төк той жасап, мал-дүниені шашпа, байлығың сарқылады деген ырымдармен ысырапқа тыйым салады.

“Жалпы алғанда қазақтың ырымы – қазақтың ғылымы. Сонымен бірге қазақтың сенімі – терең білімі, тәрбиесі, ибасы мен иманы, отбасындағы заңы”, – дейді Болат Бопай.

Comments are closed.