нан

“Ас атасы қоқыста”: Алматыда нанды қалай өңдейді?

0
1259

Қазақта нанға қатысты ырым-тыйымдар жетеді. Ата-бабамыз бұл тағамды астың атасы деп, жерде жатпауына, қастерленуіне үлкен мән берген. Мысалы, кім келсе де, сол үйден нан ауыз тиіп барып шығу салты бар. Күнде дастархан жайғанда оған әуелі нан қойылады. Сонымен қатар нанды төңкеріп қоюға болмайды деседі.

“Нан қиқымын шашпаңдар

Жерде жатса, баспаңдар

Теріп алып, қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар”, – деген сияқты өлең шумақтары да нанды қастерлеуге шақырады. Дастархан басында нанды екі қолмен бөлу керек деген де әдет бар. Нанның қиқымын “обал болады” немесе “бай боласың” деп, жеп қою да – қазақ қоғамындағы әдеттердің бірі.

Ең маңызды ереже – нанды басуға болмайтыны. Оны рәсуа етіп, шашуға, жерге тастауға салт-дәстүрімізде тыйым салып жатады. Тіпті “Құран кітапты басып, нанды алуға болады, ал нанды басып оны алуға болмайды” деген де кең тарап кеткен түсінік те кездеседі. Уақыт өте ғасырлар бойы қалыптасқан ырым-тыйымдар экология жағынан да тиімді екеніне көз жетіп келеді.

нан үгіндісі

Фото: novostioede.ru

Егер нан кеуіп, қатып қалса, тамаққа қосып, қазанның буына жібітіп, жеп қояды. Бүгінде мұндай тәсілдің басқаша түрлері де бар. Кей үйде қатқан нанды пешке салып, кептіріп, қыртылдақ түрінде тұтынады.

Ертеректе әр үй мал ұстайтын болғандықтан артылған немесе бұзылған тамақ малға, ит-құсқа берілетін. Ата-апаларымыз нанның қоқымын тауықтарға шашып немесе ит-мысыққа жібітіп, беретін. Көшпелі өмір салтын ұстанған халық тағам қалдығы болсын, басқа да қалдықтар болсын, қазіргі қоқыс полигондарындай үйінді етіп қалдыруға жол бермейтін.

Ал бүгінде нан қалай өңделіп жүр?

Алматы тұрғындары қоқыс жәшігінің қасында бірер жыл бұрын пайда болған “Тек нанға арналған” деген жазуы бар сары жәшікті байқаған шығар. Біразы мұндай бастамаға қуанды. Себебі енді бұзылған нанды қоқыс тастайтын жерге байлап кетудің қажеті жоқ. Оны арнайы жәшікке бөліп салуға болады. Дегенмен ойда “Қатқан нанды да қоқыс полигонына алып кете ме?” деген сұрақ туады. Жоқ, бүгінде кәсіпкерлер бұзылған нанды қайта өңдеп, малға азық дайындап жүр. Ecoinfo.kz редакциясы мұндай ерекше нан өңдеу тәсілі туралы кәсіпкерлердің өзінен толығырақ сұрап көрді.

Мегаполисте жүрсеңіз, Әуезов ауданынан “Тек нанға арналған” деген қазақша жазуы бар сары жәшіктерді көресіз. Тұрғындар оған бұзылған не қатқан нандарды салып кетіп жатады. Әрі қарай ол нанды кәсіпкерлер қайта өңдеп, пайдаға асырып отыр.

Талғат пен Бағдат Сәрсеевтер қаладағы әр сары бөшкеден 2-3 күнде 600 келідей нанды жинап алады. Сосын оны арнайы цехке апарып, полиэтилен пакетінен алып, кептіреді. Одан кейін нанды көгерген-көгермегеніне қарай бөліп шығады.

қатқан нан

Фото: 24.kz

Бұрын қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істедік, кәсібіміз де болды. Содан да болар, тамақтан қалған қалдыққа бейжай қарай алмадық. Қоқыс тастауға әр барғанда кесек-кесек болып жатқан нанды көріп, жүрек ауыратын. Ақыры сол нанның қалдығын өңдеп, мал мен құсқа азық етуді ойластырдық, – дейді Бағдат Сәрсеев.

Нан кептірілген соң оны арнайы аппаратқа салып, үгітеді. Кейін үгінді үлкен ыдыста түйіршіктеліп, ұнтаққа айналады. Содан кейін 80 градуста ұнтақ қайта біріктіріліп, азық жасалады. Осылайша одан малға берілетін жем жасалады. Мұндай жемді көбіне малды бордақылайтындар алады екен. Сондықтан оған басқа тағам өнімдері, сүйек-cаяқ қосылмайды. Малға берілетін азықта ет болмауы керек.

Өнімімізді алғандар мақтайды. Біразының малы семіріп, сүті көбейіп жатыр екен. Біз дайындайтын азықтың комбикорммен салыстырғанда еш айырмасы жоқ. Құрамындағы ақуыз, калорийі кәдімгі мал азығымен бірдей, – дейді ерекше кәсіп иесі.

нанды өңдеу

Коллаж: ecodaysblog.ru

Кәсіпкерлердің жыл соңына дейін Алматының барлық ауданына нан қалдығын салатын 1500-дей бөшке қоямыз деген жоспары бар. Кәсіпкерлер арнайы жәшіктерді орнатуына Алматы Тұрғын үй саясаты басқармасы көмектесіпті. Басқарма әуелі ағайынды кәсіпкерлердің 200-ге жуық бөшкесін қоюға орын бекітіп берген. Басқарма келесі жылы қаланың барлық ауданына нанға арналған жәшіктерді орнатуға жағдай жасаймыз деп отыр.

Жемнің құрамы мен сапасы арнайы тексертіліп, сертификатталған. Дегенмен тұтынушылар әзірше көп емес. Жақында ағайынды кәсіпкерлер жаңа, кең цехке көшпек. Тұрғындар нан қалдығын пакетке салып, қалдыратындықтан полиэтилен пакет те көп жиналып қалады. Кәсіпкер нан салынған полиэтилен пакеттерді де өңдеуді көздейді.

Кәсіпкер цехте алғаш дайындалған жемді әуелі өз ауылындағы малға беріп көрген. Басында өзі шығарған өнімді осылайша сынап көріпті. Бағдат Сәрсеев өзінің осы кәсібін әлеуметтік жоба деп есептейді. Сол себепті дайын болған жемді нарықтағы өзге мал азығынан арзанға сатады екен.

Дүкенде, базарда өзге жемдер 150-200 теңге болса, мен 100-ден сатып отырмын. Бұдан қымбаттатуға дәтім бармайды. Бір жағынан өзіме өңделетін нан тегін келіп отыр, – дейді кәсіпкер.

Көгерген нанды өңдеуге бола ма?

Цехтегілер көгерген нанның өзін төрт түрге бөледі екен. Бұл – зеңнің сонша түрі бар деген сөз. Оның екі түрі ғана грануляцияға өтеді. Қалған екеуін қазір зерттеп көріп жатыр. Егер нәтижесі жақсы болып, өңдеуге жараса, қоса жатар. Ал негізінен зеңнің кейбір түрі малға зиян болғандықтан көгерген нанның бәрі қайта өңдеуге жарай бермейді.

Бағдат Сәрсеев қоқыста шашылып жатқан нан қалдығын көріп, шара қолдануды ойлайды. Содан 2019 жылы оған нанды қайта өңдеп, кәдеге жарату идеясы келеді. Кәсіп бастамас бұрын осы нарықты бір жылдай зерттепті. Себебі өзін «Нан қалдығынан жасалған азықты мал жей ала ма, көтере ме?» деген сұрақтар мазалаған. Ойындағы сұраққа жауап тапқан соң Ресейден арнайы құрылғыларды сатып алған. Бұрынғы кәсібі де тағамға қатысты болғандықтан нанның қалдығы болатыны – оған таныс жағдай.

Нанға арналған бөшке

Фото: Ecoinfo.kz

Қазақстан халқы, әсіресе Алматы тұрғындары нан қайта өңделетінін біліп, ерекше қуанды. Бізді телеарналар, ақпарат порталдары, блогерлер қолдады. Мұндай кәсіптің бар екенін қалың жұрт естіді. Содан Нұр-Сұлтанның тұрғындары хабарласып, хат жаза бастады. Ол жақта да нанға арналған жәшіктер қойып, бұл қасиетті тағамды өңдеуімді өтінді. Сұрағандар көп болған соң Нұр-Сұлтанға да бардым, әкімдіктен нанға арналған жәшіктер қоюға рұқсат алдым. Бұйырса екі қалада да белсенді жұмыс болады, – дейді Бағдат Сәрсеев.

Нанды өңдеу экология жағынан оңтайлы шешім болғандықтан кәсіпкерді қолдаушылар көп.

Халқымыз үшін нан – ас атасы. Сондықтан күнде тұрғындардан алғыс аламын. Үлкендер бала-шағаңның қызығын көр деп тілегін айтады. «Мына ауданның мына үйінің ауласына нанға арналған бөшке керек» деп тапсырыс беріп жатады. Кейбірі «Жәшікті өзіміз алып кетеміз, тек нан обал болып жатпаса болды» дейді. Нанның шашылып жатқанын бәріміз көріп жүрміз. Біз болмасақ, басқа біреу оны қайта өңдеуді бәрібір ойлап табатын еді. Тамақ қалдығы бірден қоқыс полигонына кетпегені дұрыс қой, – дейді кәсіпкер.

Бастапқыда сары жәшіктер бұзылып, құлатылған жағдайлар болды. Салдарынан 78 контейнерді жөндеуге тура келген. Кәсіпкер қазір бәрі дұрыс деп отыр.

Нанға арналған жәшікке нан өнімдерін, макарон және жармаларды салуға болады. Жәшіктерде жиналған нанды әр үш күн сайын алып кетеді.

Ағайынды Сәрсеевтер туралы тіпті Ресейдің экобасылымдары да жазды. “Экология без фанатизма” паблигі ағайынды кәсіпкерлердің ай сайын 6 мың келі нанды қайта өңдейтінін, сосын одан мал азығын дайындайтынын хабарлады.

Ал бүгінде нан қалдығын үй жағдайында не нәрсеге жаратуға болады?

Бүгінде Қазақстанда ресми түрде тағам қалдықтарының наннан басқа ешқайсы өңделмейді. Ал бұзылған нанды енді “сары жәшікке” қалдырып кетуге болады. Дегенмен нанды жарамайды екен деп тастай беруге де болмайды. Бұл экология жағынан тиімсіз. Кейде үйде тұрған нан жай кеуіп қалып жатады. Мұндайда оны кәдеге жаратуға болады. Мысалы, қуырылған тамақ буына жібіту, жұмыртқаға аунатып, қуыру, кептіріп, қытырлақ нан ретінде тұтыну, кепкен наннан тост дайындау, үстіне әрнәрсе салып, пицца пісіру және тағы басқа.

нан

Фото: unsplash/Yeh Xintong

Ескеру керек: Неліктен нанды құстарға беруге болмайды?

Орнитологтар нанды құстарға беруге болмайтыны туралы айтып жүр. Неліктен екенін қарастырып көрейік.

Біріншіден, құстардың асқазаны нан, бидай өнімдерін қорытуды ауырсынады. Баяу қорытады әрі процесс ұзаққа созылады. Салдарынан дисбактериоз пайда болуы немесе ас қорыту бұзылуы мүмкін.

Екіншіден, нан тығыз тағам болғандықтан ол асқазанда ісінеді және бөліну процесі басталады. Мұның нәтижесі құс ішегінің бітелуіне себеп болуы мүмкін.

Қорыта айтқанда нанды үнемі жегеннен құстар әлсіреп, қатты ауыра бастайды. Мұның кесірінен құстардың өмір сүру ұзақтығы 3 есеге қысқарады. Нан орнына құстарға дәндер, жеміс-жидек, кептірілген жемістер және тығыз ірімшік беруге болады.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры “Шеврон” компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі “Шеврон” компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Comments are closed.