Жер күні

22 сәуір – дүниежүзінде Жер күні

0
1321

Жер күні қалай пайда болды?

2009 жылы Біліккен ұлттар ұйымының Бас ассамблеясының 63-сессиясы өтті. Сол жиында Жер күнін жүниежүзі деңгейінде атап өту сөз болды. Сол сәттен бастап 22 сәуір бүкіл дүниежүзінде Жер-Ана күні атап өтсін деп бекітілді. Дәлірек айтқанда Жер күні 2010 жылдың 22 сәуірінен бастап жылда атап өтіледі. Ecoinfo.kz сайты планетаға қамқор болуды насихаттайтын күн туралы мәлімет ұсынады.

Бас Ассамблеяның 63-сессиясының төрағасы Мигель д’Эското Брокманның айтуынша, қарарда бұл күннің жариялануы – Жер мен оның экожүйесі адамзатқа өмірді қамтамасыз ететін біздің ортақ үйіміз екенін мойындау. Сонымен қатар Жер күнінің негізгі мақсаттарының бірі – 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі конференциясында қабылданған міндеттемелерді растау. БҰҰ-да бекітілген қарарда «Жер-Ана» термині біраз елде табиғат пен жер-суға, жан-жануарға қатысты қолданылатын ұғым екені айтылады. Көп елде бұл сөз ғаламшардың, оның экожүйесі мен адам арасындағы тәуелді байланысты білдіреді.

Жер күнін атап өту дәстүрі 1970 жылы АҚШ-та пайда болды. Дәл осы жылы алғашқы «бір реттік» акция өтті. Белгілі америкалық саясаткер және белсенді, сенатор Гейлорд Нельсон Деннис Хайес басшылығымен (Гарвард университетінің студенті) бастаған студенттер тобын құрды. Студенттердің белсенді қозғалысы жүріп жатқан кез болғандықтан бұл бастама көпшіліктің назарын аударды. Сенатор мен студенттердің ауқымды шараларды ұйымдастыруға уақыты мен ресурсы жетпегеніне қарамастан олар арнайы науқанды өткізе берді. Г.Нельсон өзі де бір сөзінде «Жер күні өзін-өзі ұйымдастырды» деген еді.

Жер күніне орай ұйымдастырылған шаралар сәтті өткендіктен Нельсон 1971 жылы «Жер апталығын» (сәуірдің 3-аптасында) жыл сайын аталып өтетіндей оқиға етіп жариялады. осы сәттен бастап Жер күнін атап өту, осы күні түрлі шара ұйымдастыру АҚШ халқы арасында өте танымал болды. Себебі Жер күнін алғаш бастаған сенатор мен студенттердің әрекеті біраз адамды шабыттандырған еді.

Кейіннен 1990 жылы бұл дата халықаралық науқанға айнала бастады. Жер күні алғаш рет КСРО-да Пятигорск қаласында да 1990 жылы тойланды. Жер күнін тойлау арқылы көтерілген әлеуметтік және саяси белсенділіктен кейін Америка Құрама Штаттарында қоршаған ортаны қорғауға қатысты заңдар мен актілер қабылданды. Соның бірі – Таза ауа туралы заң.

Жер күні Қазақстанда қалай аталып өтеді?

Әр жылы өтетін Жер күнінің өз ұраны болады. 2022 жылғы Жер күнінің ұраны – “Планетамызға инвестиция құямыз”. Табиғат жанашырлары бұл ұранды Жерге салынған ең құнды инвестиция қамқорлық пен махаббат деп түсіндірді.

Қазақстандық экобелсенділер жылда осы күні іс-шара ұйымдастырып жатады. Соның кең тараған түрі – сенбілік, тазалық күндері және Жер күні туралы көбірек айту, жазу. Мысалы, биыл Helloeco дүкені мен оны құрушылардың бірі Дина Огай, сонымен қатар Kazakhstan Waste Recycling компаниясы бірлесіп, Алматы тұрғындары табиғатта сенбілік ұйымдастырмақ.

Сонымен қатар Recycle birge ұйымы Алматыда Дармарка ұйымдастырды. Онда қала тұрғындары өзіне қажетсіз заттарды апарып, қойып, ұнаған бұйымды алып кете алады.

Оған қоса 30 сәуірде Алматыда ерекше экошара өтпек. Ол “Экооқиғалар фестивалі” деп аталады.

2019 жылы Сенат отырысында депутат Сәуле Айтпаева сол кездегі премьер-министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Ол Жер күнін Қазақстан тым болмаса, болашақ ұрпақ үшін, келешек халық үшін атап өтуі керек екенін айтты. Депутат сауал жолдай келе осы экологиялық күнге байланысты бірқатар сұрақ пен ұсынысын жеткізді. Олар:

– ауаны ластайтын заттардың тізіміне фенол, формальдегидтер, күкіртсутегі, хром және оның қосылыстары, қорғасын мен оның қосылыстары қосыла ма?

– біздің еліміздің барлық кеңістігін: даланы, су айдындарын, саяжай алқаптарын, автомобиль жолдары мен теміржол аумақтарын пластиктен жасалған заттардан, құрылыстар мен өзге де шаралардың қалдықтарынан тазарту шараларын жүзеге асыру;

– қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдау арқылы қалыңдығы 15 микроннан аз полиэтилен пакеттерін өндіруге, импорттауға және сатуға тыйым салу (60-тан астам ел полиэтилен пакеттерін шығарудан бас тартты);

– жергілікті шикізатты таңдау және оның шыққан жерін бақылауды және органикалық өнімдердің үлесін ұлғайтуды ескере отырып, жауапты мемлекеттік және бизнестегі қызмет көрсетулердің принципін дамыту;

– бизнестегі барлық қызмет түрін қоршаған ортаға зиян әсерді қысқартуға және қоршаған ортаны қорғауға бағыттау;

– ғимараттарды, құрылыстарды, үйлердi пайдаланбағаны және санитарлық жағдайда күтiп ұстамағаны үшiн иелерге қатысты экологиялық бақылауды белгiлеу;

– барлық табиғи су көзін: су қоймасын, бұлақтарды, ашық құдықтарды тазалау;

– Қазақстан балалары ата-анасымен бірге еліміздің әр өңірінде 22 сәуірде және жыл бойына көшет егу үшін ағаш аллеяларына арналған алқаптар бөлу мүмкіндіктерін қарастыру.

– еліміздің әр аймағында малта тастардан сенсорлы жолдар жасау үшін орындар бөлу мүмкіндігін қарастыру.

Әртүрлі тасты және басқа материалдарды іріктеу және цементтеу арқылы жасалатын осындай жолда қарапайым жүру кезінде адам табанына оң әсер ететіні белгілі. Аумағы шағын Корея елінде пайда болған су-джок емі адам табаны мен саусақтардағы биологиялық белсенді нүктелерге әсер етуге негізделген. Ол нүктелерге ықпал ету үшін табанға әсер ету керек. Қарапайым әрі әркім қол жеткізе алатын осындай ем үшін парктер мен скверьлерде, балалар алаңқайлары мен спорт алаңдарында арнайы сенсорлы жолдар жасалуы керек. Оны барлық тұрғын, әсіресе қозғалыс-тірек аппараты бұзылған, аутизммен ауыратын балалар тегін пайдалана алар еді. Сондықтан осы мақсатта ауқымды істерді жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға мына мәселелер бойынша тапсырма беруіңізді сұраймын, – деді депутат Сәуле Айтпаева.

Сенатор Сәуле Айтпаева сол кезде Жер күнін осы шараның бастамасы ретінде белгілеп, тұрақты түрде атап өту керек екенін айтты.

Кейінгі жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазақстандықтарды жылда наурызда болатын “Жер сағаты” акциясына қатысуға шақырып жүр. Бірақ “Жер күніне” орай ұйымдастырылған шаралар мен жоспарланған науқандар туралы ешқандай хабарламаны байқамадық. Әзірше бұқаралық ақпарат құралдары мен эколог мамандар, экобелсенділер ғана осы күн туралы айтып, адамдарды бұл уақытта барынша табиғатқа жанашыр болуды үндеп жүр.

Жер күнін қалай атап өтуге болады?

  • Бұл күні бүкіл адамзат Жер планетасын қалай табиғи күйінде сақтап, қорғап қалу туралы ойлануы керек. Экология саласына қатысы бар мамандар, табиғат жанашырлары бірлесіп, Жерді қалай қорғауға болатынын айтып, талқы ұйымдастырғаны дұрыс.
  • Бұл күні әр республикада, облыста, қала мен ауылды жерлерде арнайы табиғат фестивалі ұйымдастырылуы керек. Мұндай шарада Жер-Анаға қатысты барлық идеялар айтылып, көрсетілуі керек. Мақсат – барынша көбірек адамға әсер ету, адамның бірде-бір рет өзі тұрған үйі, ауласы, ауылы мен өскен орасының жағдайын ойлауға итермелеу.
  • Жер күнінде осы атаулы күн туралы оқып, зерттеп, мұндай шараның маңызын білуге тырысып көру керек. Планетамызға неліктен арнайы бір күнді арнады? Неліктен жылда осы күні экология проблемаларына назар аударылады? Осы сұрақтар бойынша іздеріп көрген артық болмайды.
  • Егер сіз Жер күні туралы естісеңіз, білсеңіз, онда айналаңызға да осы атаулы күн туралы айтыңыз. Оны өз отбасыңыздан, балаларыңыздан бастай аласыз. Үйдегі кішкентайларға табиғатқа жанашыр болуды үйрететіндер – ересектер. Жиналып, табиғатқа қатысты фильмдер көруге де болады.
  • Жер күні көбіне сенбілік ұйымдастырылып, айналаны тазалау жүзеге асады. Сәуірде, күн ашық кезде кез келген адам өз ауласы мен тұратын жерінде, қаласында сенбілік ұйымдастыра алады. Осы күні көп адам болып шығып, арнайы біржерді тазалауды әдетке айналдырған дұрыс. Біріншіден, айналаны тазалау болса, екіншіден, өзге адамдарға мұндай әрекеттер әрқашан үлгі.
  • Жер күні әр адам өзі қалдыратын қалдық, қоқыс туралы ойланғаны жөн. Мысалы, күніне қандай көлемде қоқыс шығарасыз? Оның арасындағы қайта өңделетін қалдықтарды бөлек жинайсыз ба? Негізінен тұрмыс қалдығының біразы қайта өңдеуге жарайды. Тек оны бөлек жинап, арнайы орынға өткізу керек немесе арнайы жәшікке салу керек.
  • Өмірде электр энергиясын қаншалық көп қолданасыз? Ал суды ше, үнемдейсіз бе? Әр адам өзіне осы сұрақтарды қою арқылы Жер планетасына қамқорлық таныта алады. Бұл күні біздің өмір сүріп отырған планетамызды бір сәт ойлап, оған қамқор болу маңызды.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жасаған «Qolda» жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Comments are closed.