Сақ қорғандары аумағына ақпараттық тақталар қойылады

0
860

Алматының Алатау ауданындағы обаларға адамдар тұмыстық және құрылыс қалдықтарын төгуді әдетке айналдырған. Тарихи мекеннің аянышты келбетін көрген белсенділер әлеуметтік желілерге жазып, жауаптыларды таба алмаған. Қоқысқа толған тарихи обаларға Хабар 24 арнасы барып, мәселенің мәнін анықтап көрді.

Индустриалды аймақтың жанында орналасқан обалардың төбесінен тағанына дейін қоқыс шашылып жатыр. Тұрғындардың әлеуметтік желідегі жазбасы жергілікті биліктің назарынан тыс қалған. Қоқыс әлі жиналмапты. Сақ дәуірінен сыр шертетін обалар тұрғындар көрсеткен тұрмыстық қалдықтармен шектелмейді екен. Обаның көзге көп түсе бермейтін бөктерінде құрылыс қалдықтары үйіліп жатыр. Мұнда сынған кірпіш, ағаш, пластик, бояу құтылары сынды қалдықтар төбе-төбе. Қоқыс қалдықтарының бір бөлігі өртеніп те кеткен.

Алатау әкімдігінің айтуынша, ауданда қараусыз жерлер көп болғандықтан адамдар күл-қоқысты жиі төгіп кетеді. Бұл әрекетті түнгі уақытта жасайтындықтан оларды ұстап, жауапқа тарту қиын. Бюджетке қатысу жобасы аясында аудандағы заңсыз қоқыс тастайтын аумақтарды тазалап, оларға кіретін жолдарды жабу үшін қазынадан 55 миллион теңге бөлінген. Жоспар алдағы жылы қолға алынбақ. Жергілікті әкімдік қорғандардың маңайын екі тәулікте тазалауға уәде етті.

“Бұл жерлер ауданның мердігер мекемесі тазалайтын аумағына кірмейді. Бірақ қаладан техника аламыз және де сенбілік жасап осындай жерлердің бәрін, ауданда тек бұл емес өте көп төгіп кететін жерлер. Соның бәрін тазалап өтеміз”, – дейді Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Еділжан Нарматов.

“Сақ обаларын қоршау, аумақтың тарихи маңызы бар екенін ескертетін тақтайшаларды қою қалалық Мәдениет басқармасының құзырында», – дейді аудандық әкімдік өкілі.

Ал тарихи ескерткіштерді қорғауға атсалысып жүрген Ольга Гумирова бұл қалдықтар бірнеше күндік емес, айлар бойы жиналғанын айтады.

“Бұл дегеніміз жергілікті биліктің тарихи мұраға бей-жай қарайтынын көрсетеді. Мен әлемнің бірқатар мемлекетінде болдым. Еуропа елдерінде археологиялық ескерткіштер қоршалып, айналасы көгалдандырылған. Тарихи аумақ үкіметпен қорғалып, күзетіледі. Бізде де осындай жерлерді демалыс орындарына айналдырып, тарихы туралы мағлұматтар жазып қоюға болады. Ал бізде құрылыс жұмыстары үшін тарихты бүлдіретіндер бар”, – дейді қоғам белсендісі Ольга Гумирова.

Сақ қорғандарына жауапты Алматы музейлер бірлестігінің мәліметінше, қорымдарды қоқыс тастушылардан, ластаушылардан қорғау әзірге мүмкін болмай тұр. Негізгі себептердің бірі – қорғандардың шашыраңқы орналасуы. Одан кейін далалы аймақ болғандықтан бақылау қиын екен. “Келешекте обаларға бейнебақылау камерасы немесе күзет қою мәселесі қала басшылығымен қаралады” дейді.

“Өкінішке қарай, қоршауға келмейді. Өйткені қорғандардың барлығы шашыраңқы орналасқан. Тізбек-тізбек болып әрбір қорғанның ара қашықтығы 500 метр, 600 метрден асады да қоршауға өте ыңғайсыз. Өйткені бұл далалық жерде орналасқан. Бірақ енді болашақта қала басшылығымен ақылдасып үлкен шешімдер қабылдайды деген ойдамыз”, – деді музейлер бірлестігі директорының орынбасары Сержан Саров.

Айта кетейік, қоқысқа толы обалар б.з.д. 5-3 ғасырларға тән. Аумақ Алматы қаласындағы 13 археологиялық ескерткіштің бірі саналады.

Азаматтық белсенділер мен журналистер осы мәселені көтергеннен кейін Алматыдағы сақ қорғандарында ақпараттық тақталар пайда болатыны туралы хабарланды. Мұндай шешім қоғам қайраткерлерінің Алатау өңіріндегі сақ қорғандары аумағында өздігінен қоқыс пайда болғаны туралы хабарлауынан кейін қабылданғаны айтылды.

“Алматы тарихы” музейінің, қалалық мәдениет басқармасының, әкімдіктің қызметкерлері айына бір рет нысанға барып тұрады. Тексеріп, үйінділердің жағдайын қарайды. Тұрғындарға бұл біздің ата-бабаларымыздың тарихы екенін, мәдениет пен мұрамызға құрметпен қарауымыз қажет екенін түсіндіреміз”, – деді қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.

Comments are closed.

Ұсынылатын жаңалықтар