бала, табиғат

Балаларға табиғатты қорғауды қалай үйретеміз?

0
1956

Қоршаған ортаны таза ұстау, табиғат туралы сөз қозғағанда экология проблемаларын тек билік немесе экобелсенділер ғана шешпейтінін ескеру керек. Себебі айналамыздағы барлық нәрсе табиғатқа тікелей байланысты. Үйді жылыту үшін де табиғи ресурс жұмсаймыз. Қалада көлікпен жүруге де жанармай кетеді әрі ауаға улы газ тарайды. Күнделікті қайталайтын әр ісіміз арқылы қоршаған ортаны ластай да аламыз, көркейте де аламыз. Бұл мәселеге ересектерді ғана емес, балаларды да араластыру маңызды. Сондықтан Ecoinfo.kz сайты балаларға экология мәселесіне бейжай қарамауды қалай үйретуге болатынын әңгімелейді.

Баланы емес, өзіңді тәрбиеле

Бала тәрбиесіне қатысты осы бір сөзді экологиялық әдет қалыптастыруда да қолдануға болады. Балалар қоқысты жерге лақтыра салмауы үшін оны ересектер де тастамауы керек. Балалар тұрмыс қалдығын сұрыптауға үйренсін десек, оны ата-анасы да жасауы қажет. Бала әрдайым көргенін істейді. Сондықтан бәрін өзімізден бастайық.

Көшеде, сыртта жүргенде қоқысты арнайы жәшікке салуды үйретіңіз.
Далада серуендеп жүргенде балмұздақтың сыртын, сусынның бөтелкесін балаға беріп, қоқыс жәшігіне өзі апарып салуын сұраңыз. Қасына, жерге лақтыра салмай, жәшікке салғанын қадағалаңыз. Тапсырманы орындағаны үшін міндетті түрде мақтап қойыңыз. Осы әдетті үнемі өзіңіз де көрсетіп, балаға да істетіп жүрсеңіз, есінде қала береді. Өскенде де қоқысты көшеге емес, жәшікке салып жүреді.

Табиғатта демалуға шыққанда қоқысты қалдырмаңыз

Табиғатқа шығып, отбасылық демалыс ұйымдастырдыңыз делік. Қасыңызда ешкім болмаса да, қоқыс жәшігі жоқ болса да, қалдықтарды жерге тастауға болмайтынын көрсетіңіз. Арнайы ыдысқа бүкіл қоқысты жинап отырыңыз. “Қоқысты мына пакетке жинап, өзімізбен алып кетеміз” деп айтып қосаңыз, артық етпейді. Бала қолындағы қағазды сол ыдысқа салады. Үйге қайтарда да ешқандай қалдық қалмағанына, бәрін жинағаныңызға көз жеткізіңіз.

Балаға жануарларды таныстырыңыз

Әдетте кішкентай бала жануарларға жақын болады, кейде мысықтарды мыжғылап ойнағанды ұнатады. Ес біле келе оларға досындай қарайды. Осы сәттегі оның жануарларға деген достық ниетін сөндіріп алмау керек. Үйде ит немесе мысық болса, оларға тамақ бергізіп үйретіңіз. Мысалы, демалыс күндері жануарлар үйіне балалармен бірге барып, оларға тамақ беріп, жылы көрпе апарып, қайырымдылық жасауға болады. Бала жануарға қамқор болуды бала кезінен біліп, көріп өссе, кейін де оларға қастандық жасамайды.
Ал мектепте оқитын балаға жануарлар әлемі туралы кітаптар алып беруге болады. Әр жануардың табиғатта өз орны, пайдасы, атқаратын қызметі туралы танысуына жағдай жасау керек.

Тұрмыс қалдығын сұрыптауды үйретіңіз

Бала айтқанды емес, көргенін істейтініне тоқталдық. Үйде ересектер пластикті, шыны ыдысты және қағаздарды бөлек жинайтын болса, бала да мұны қайталайды. Ол үшін әртүрлі материалға бөлек жәшіктер арнап қойыңыз. Сыртына бөтелкенің, қағаздың суретін салып қоюға болады. Ең бастысы кішкентай балаға бөтелкенің маркасын, PET белгісін көрсетіп, оны қинамау керек. Бала ол нәрсені әлі түсіне қоймайды. Сондықтан тек материал жағынан айтып, түсіндіру керек. Мысалы, “Балам, шырынның бөтелкесін жинайық. Сосын оны өткізіп, ақша аламыз. Мынандай қағазды мына жәшікке сала ғой” деп жеңіл әңгімелеу керек. Кейін өзі жинаған қалдықтарды баламен бірге барып, өткізіңіз. Ақысына берген тиынды балаға ұстатыңыз. Оның тырмысып істеген жұмысы үшін ақысын беріп отырыңыз. Мақтап қоюды, қалдықты өткізсе, айнала таза болатынын айтып жүріңіз. Мысал ретінде теңізге түскен бөтелкені үлкен балықтар жұтып қоюы мүмкін екенін, содан балық қиналатынын айтып берсеңіз болады. Ең бастысы – оны жеңіл тілмен әрі қорқытпай айтып беру. Бала бәрін есте сақтайды.

Табиғат тақырыбын балабақша бағдарламасына қосыңыз

Балабақшадағы тәрбиешіге немесе басшылыққа айтып, экологиялық шаралар ұйымдастыруға болады. Себебі бала табиғат туралы тек үйде емес, балабақшада да көбірек біліп жүруі керек.

Экологиялық ертегілер, әңгімелер оқып беріңіз

Әңгімеде балалардың көшені таза ұстағаны, қоқысты жәшікке салғаны немесе қалдықты сұрыптағаны туралы айтылуы керек. Сонымен қатар мұндай игі іс жасағаны үшін марапатталғаны, ата-анасын қуантқаны да сөз болсын. Балаға табиғатты қорғау өте маңызды әрі пайдалы іс екенін ұғындыру керек.

Мысалы, “Отбасы хрестоматиясы” қорының “Экософия немесе киелі табиғат” деген кітабы бар. Осы кітапты алып, баламен бірге оқу артық тепейді. Себебі кітапта үлкенге де, кішіге де пайдалы болатын барлық жануар мен өсімдік туралы қисса-дастандар, өнегелі әңгімелер жинақталған.

Балалар әр айтылған сөзді түсініп, оған жақсы жауап бере алады. Кейде олар ересектерден де ақылды әрі өжет. Ең бастысы оларға дұрыс түсіндіріп, үлгі бола алуымыз керек. Негізінде табиғатты қорғау мәселесі балабақша мен мектепте де айтылады. Ата-аналардың міндеті – cол білімді қолдап, оны өмірде де жүзеге асыруға мүмкіндік беру.

Comments are closed.