Еріктілер Алматы облысында қасқырларды терісі үшін өлтіріп жатқандарды көрсетті

0
743

Алматы облысында белгісіз біреулер жеке үйде қасқырларды терісі үшін өлтіріп, одан кілемше жасап, желіде сатып жатыр. Бұл туралы үй жануарларын қорғайтын еріктілер айтты деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жануарларға жасалып жатқан қатыгездік туралы зооқорғаушы айтып берді. Ол тағы бір еріктімен сол үйге барып, қасқырдың біреуін болса да аман алып қалу үшін оны сатып алған.

Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, сонымен бірге Алматы облысының полиция департаменті бұл жағдайды зерттеп жатыр.

Айта кетейік, жануарлар түсірілген видеоға 1000-ға жуық пікір жазылған. Қазақстандықтар үй иесінің мұндай қатыгездігіне наразы болып жатыр.

Tengrinews.kz тілшісі ролик авторы, зоотехник Евгения Калиниченкомен байланысқа шықты.

Ол әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде терілер мен қасқырларды сатып жатқандар туралы хабарландыруды көргенін айтты. Сөзінше, барлығы бес қасқыр сатылды, бірақ еріктілер тек біреуін сатып ала алған. “Сатушы” жануарын 140 мың теңгеге бағалаған.

“Ерікті Дарья Пересадько екеуміз қарызға ақша алып, хабарламада көрсетілген мекенжайға бардық. Бұл – Алматы облысындағы жеке үй. Үйдің аумағына кірген кезде қасқырды көрдік, қорқынышты. Иісі де жаман. Пакеттерде қоқыс сияқты екі қарсақтың тушасы жатты”, – дейді Евгения.

Видео авторы осы жағдайдан кейін Табиғатты қорғау прокуратурасына қоңырау шалғанын, бірақ олар өтінішті қабылдаудан бас тартқанын айтты.

Алматы облыстық полиция департаментінің өкілдері осы жағдайға қатысты пікір білдірді.

“Алматы облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында аталған фактіні анықтады. Қазірдің өзінде Талғар аудандық полиция басқармасы тексеру іс – шараларына кірісті, кінәлілерге қолданыстағы заңнамаға сай шара міндетті түрде қабылданады”, – деді полицейлер.

Сонымен қатар осы жағдай бойынша Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сауал жолданды. Министрліктің баспасөз қызметінің өкілдері болған оқиғаны зерттейтінін, инспекторлар оқиға орнына баратынын хабарлады.

Comments are closed.