Жануарлар да жайлы өмір сүруге құқылы

0
757
Лариса Васильевна

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында қазақстандықтардың экологиялық мәдениеті жайлы сөз қозғай отырып, қоршаған орта мен жануарларға деген дөрекі қарым-қатынасын сынға алды. “Жыл басынан бері түрлі жабайы әрекеттердің куәгері болып жүрміз. Қазақстан әлемдегі экологиялық антирейтингінде бекер көш бастап тұрған жоқ. Бізге экологиялық мәдениет қалыптастыру керек”, – дегенді айтты.

Биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” КЕАҚ осы жағдайларды ескере отырып  “Қазақстандағы эко жобаларды таныстыру және дамыту” бойынша жұмысын бастап кетті. Бұл бағытта биыл арнайы грант бөлініп, елдегі түрлі эко-жоба насихатталып жатыр. Елімізде жануарлар мәселесін, көшедегі иттер мен иесіз мысықтардың мәселесін көтеріп жүрген қоғамдық ұйымдар бар. Бірақ аз болады. Соның бірі – Өскемендегі “Дворянин” жануарлар құқығын қорғау қоғамдық қоры.

Бірлестік 10 жылдан астам уақыттан бері хайуан атаулыға қамқор болумен, оларға пана табумен айналысып келеді. Мақсаты қоғамда қалыптасқан “иесіз жануарларды жоюға болады” деген көзқарасты өзгерту, үй жануарларының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.

“Дворянин” қоры 2007 жылдың қазанында құрылды. Тәжірибелі кинолог Лариса Прокопьеваның идеясын қолдаушы топ қамқорлықсыз қалған ит-мысыққа, басқа да үй жануарлары мен жабайы хайуандарға көмек береді.

Негізі жануарларды қорғау ісін одан бірнеше жыл бұрын қолға алдым. 2004 жылы жануарларды қорғаушы жерлесім екеуіміз қорапқа салынған алты күшікті тауып алдық. Неміс овчаркасы екен. Қайда жіберерімізді, не істейтінімізді білмедік. Ақыры төртаяқтыларға жақсы күтім жасай алатын адамдарды көшелерге хабарландыру іліп іздедік. Тағы бірде иесіз ғимараттар жанынан өтіп бара жатып, бір күшіктің дауысын естідім. Сол жердегі адамдарға жалтақтап, тамақ бере ме деп тұр екен. Үстіне мазут төгілген бе, лас. Ашыққан күшікті үйге әкеліп, телевизияның жүгіртпе жолына хабарландыру бердім. Асырап алғысы келетіндер көп болды, — дейді Лариса Васильевна.

Осыдан кейін зооқорғаушы басқа да энтузиастармен бірге көшеде адасқан, асыраусыз қалған, қожайыны бас тартқан, туабітті қожайын көрмеген ит-мысықты қолға берумен жүйелі айналысуға кіріскен. Қоғамдық қор құрып, иесіз жануарларды уақытша асырауға аумақ бөле алатын жеке және заңды тұлғаларды, ветеринар клиникаларын және жануарларға қорекке қаржы бөле алатын демеушілерді тапты. Лариса Васильевна қамқорлықсыз қалған әрбір жануарды есепке алады. Оларға жеке-жеке құжат әзірлейді. Мысалы, көшеден табылған бір күшіктің құжатында оның бар мәліметі: тұқымы, жасы, жағдайы, денсаулығына қатысты, басқа да ақпарат жазылады. Ол күшікті асырауға жауапкершілік алған адамның да құжаты мен қосымша мәліметін тіркеп отырады. Әр ит-мысықтың қандай қолға өткенін, қандай үйге тап болғанын білген маңызды. Тиісті қамқорлық жасай алмайтын адамға жануар берілмейді. Жұп болып үйренісіп қалған иттер ажыратылмайды.

Қожайын тауып берген жануарлардың әрқайсын жатқа білемін, бәрінің жағдайын жүрегімнен өткізгенмін. Пәтерімнен адамдардың қолына 200 мыңнан астам күшікті бердім. Олардың әрқайсына не себепті айрықша көңіл бөлу керек деп ойлайсыз? Оның себебі — бізде иттің бәрі ит, мысықтың бәрі мысық деп қарайтын жаңсақ түсінік бар. Жоқ. Әр иттің тұқымы бар. Әр тұқымның табиғатын білмеген адам оны баға алмайды. Мысалы, күшік тойтерьер сияқты көрінуі мүмкін, бірақ өскенде Кавказ овчаркасы екені белгілі боп жатады немесе күшік кезінде лабрадор-ретривер деп ойлайсыз, кейін қарасаңыз, ол — питбультерьер мен ротвейлердің шатысы. Біріне қолданылған дрессировка екіншісінің психикасы мен табиғатына қайшы болуы мүмкін. Сондықтан мен ит асырап алам деушілерден ең әуелі “ішкі дүниеңізге қажет пе, әлде шаруашылыққа ма?” деп сұраймын. Олардың мақсатына қарай тиісті кеңес беремін, — дейді “Дворянин” қоғамдық қорының басшысы.

Лариса Васильевнаның пікірінше, қараусыз қалған үй жануарларын бір жерге топырлатып ұстауға болмайды. Әрқайсын жеке-жеке қамап қою да дұрыс емес. Жануарларға деген мұндай қатынасты өзгерту керек. Жануар атаулыны бағу үшін ортақ пана ашу санитария-эпидемиология, гигиена талаптары бойынша да қате.

Сол себепті асыраушысын күткен жануарлар волонтерлардың үйінде, уақытша асырау орталықтарында (передержка) арнайы күтімге алынады. Мына материал әзірленіп жатқан кезде зооқорғаушы мұндай жерлерде 200-ге жуық ит-мысық бар екенін айтты.

2009 жылы “Дворянин” қорының басшысы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қолданыстағы заңнамаға азаматтардың үй жануарын асырауға қатысты жауапкершілігі мен жануарларға қатігездік жасағандардың жазасын күшейту туралы өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныс Қылмыстық және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстерге енді. Ал 2020 жылы Лариса Прокопьева жануарларды қорғау туралы жаңа заң жобасының сарапшылар кеңесіне мүше болды. Оның заңнамаға енгізгісі келетін ұсынысы — жергілікті атқарушы органдардың қараусыз жүрген ит-мысық аулау қызметін реттеу, жануарларды ұрықсыздандыру ісін жолға қою, жануар аулаудың ізгі әдістерін қалыптастыру. Жаңа заң бір облыс орталығында жыл сайын 300 мыңдай үй жануарының өлтірілуіне тосқауыл қоюы керек. Бұл цифр “Дворянин” қорының 13 жылдағы статистикасынан алынып отыр. Лариса Прокопьева әр өңірде үй жануарларын қолға беруге және адасқан жануарларды табуға арналған сайт жұмыс істеуі керек деп есептейді. Үй жануарларына медициналық көмек беретін, оқыс жағдайға ұшыраған жануарларды құтқаратын қызмет ашу да – “Дворянин” қоры басшысы көтеріп жүрген бастама.

Әр үйде ит пен мысық болуы міндетті емес, бірақ әр ит пен мысықтың баспанасы болуы керек! Жануарларды қорғау ұйымының девизі – осы.

Comments are closed.