Экологиялық өмір cтилі дегеніміз не және ол қандай қағидалардан тұрады?
Бүгінде “табиғатқа зиян тигізбей өмір сүру”, “экология принциптеріне негізделген өмір” немесе “ысырапсыз, қалдықсыз өмір сүру салты” деген сияқты сөздерді жиі кездестіреміз. Арамызда шынында қалдықсыз өмір сүруге талпынатын, экологиялық принциптерді ұстанатын азаматтар да табылады. Иә, шынында Жер планетасын сақтай отырып өмір сүру бекер трендке айналмады. Адамзат мұндай өмір сүру салтына бейжай қарамайтындай жағдайлар болды. Сондықтан Ecoinfo.kz сайты экологиялық өмірдің негізгі қағидаларын түсіндіреді.
Экологиялық өмір дегеніміз – ең әуелі табиғатқа, қоршаған ортаға зиян тигізбей өмір сүру. Дәлірек айтқанда адам күнделікті әрекетін табиғатты сақтауға бағыттай отырып жасауы. Мысалы, ысырапқа жол бермеу, табиғи ресурстарды үнемдеу, айналаны таза ұстау, қалдықтарды қайта өңдеуге көңіл бөлу және тағы басқа.
1979 жылы америкалық ғалымдар Томас Бичам мен Джеймс Чилдрес биоэтика туралы алғашқы кітаптардың бірінде (кең мағынасында “өмір этикасы” деп түсінеміз) төрт қағидатты тұжырымдады. Сол биоэтиканы қазіргі мамандардың көбі медициналық тәжірибеде және адамға арналған ғылыми зерттеулерде іргелі деп санайды.
Принциптер мынадай: зиянсыздық, игілік, әділ болу, автономия (әр адамның). Қазіргі кездегі экологиялық этика туралы пікірталастарда бұл принциптер адамның табиғатқа қатынасын бақылауға жеткілікті, сонымен қатар бұл қағидалар кез келген кәсіпке жарамды деген пікір айтылады. Мұнымен келіспеу қиын. Шын мәнінде адамның басқаға қатысты негізгі және ең төменгі моральдық міндеті – зиян келтірмеу. Зиян келтірмей, басқаның жақсылығына үлес қосу. Жақсылықты насихаттау, әділдікті сақтау және басқаның дербестігін мойындау.
Экологиялық этиканың нормативтік мазмұнын түсіндіргенде ЮНЕСКО-ның «Экологиялық этика» бағдарламалық құжатын мысал ретінде келтіруге болады. Онда принциптердің екі түрі – жалпы, немесе көзқарастық, қағидалар мен практикалық принциптер туралы айтылады.
Бірінші топқа мына принциптер кіреді: а) өмірдің барлық формасын құрметтеу; б) биоалуантүрлік, в) биосфераның тұрақтылығын сақтау; г) экологиялық әділет; д) сақтық қағидасы, е) табиғи ресурстар – ортақ меншік;
Америкалық ғалымдар Томас Бичам мен Джеймс Чилдрестің 4 қағидасын, сонымен қатар ЮНЕСКО-ның «Экологиялық этика» бағдарламалық құжатын қарастыра келе, экологиялық проблемаларға негізделген өмір қағидаларын ұсынамыз.
Экологиялық өмір салтының негізгі қағидалары:
Ресурсты үнемдеу
Жарықты керек емес кезде сөндіру, суды ағыза бермей, тиімді пайдалану, тамақтанғанда ысырапқа жол бермеу, тұрмыстық техникаларды пайдаланбаған кезде тоқтан суырып қою сияқты қарапайым әдеттер табиғи ресурстарды үнемдеуге көмектеседі.
Бар затты ұзақ пайдалану немесе оны басқа кәдеге жарату
Сатып алған затты ұқыпты әрі ұзақ пайдалану, бұзыла қалса, жөндеу немесе басқа бір кәдеге жарату – экологиялық өмірдің негізгі қағидаларының бірі. Себебі жарамды зат бола тұра, оны пайдаланбай басқасын сатып алу қоқысты көбейтеді. Бұл әрі шектен тыс тұтыну әдетіне де әсер етеді.
Бірреттік заттарды сатып алмау
Пластик бөтелкедегі сусын, стақандағы кофе, бірреттік ыдысқа салынған тағамдар, пластик қасық, шанышқы, полиэтилен пакеттер, құлақ тазалауға арналған таяқшалар, сусын ішуге арналған түтікше, салфетка, қалташадағы шай, ыдыс жуатын ысқыш және тағы басқа бұйымдар бірреттік заттарға жатады. Бұл заттарды алып, қолдану арқылы адам қоқысты көбейтеді әрі бұлардың қайта өңделмейтін түрлері де бар. Орнына өз бөтелкеңізге су, кофе құйып алуды, пакет орнына мата шопперлерді қолдануды, қасық-шанышқының арнайы сөмкеге салып жүруге арналған түрін пайдалануды, сусын ішетін түтікше пайдаланбауды әдетке айналдыруға болады. Сонымен қатар ЛОР дәрігерлер құлақ шұқитын таяқшаның зиян екенін айтып жүр. Дегенмен пайдаланамын деушілер оның қайта өңделетін түрін сатып алуына немесе үйде шырпы басына мақта байлау арқылы қолдануына болады.
Консьюмеризмге жол бермеу
XXI ғасыр тұтынудың ең шегіне жеткен уақыты деп есептеледі. Себебі адамзат дәл қазір тұтынудың ең асқынған уақытын өткеріп жатыр. Ал біз тұтынған әр зат табиғи ресурстардың көмегімен қоршаған ортаға қандай да бір қалдық шығару арқылы алдымызға келеді. Сондықтан да шектен тыс тұтыну – экологиялық өмір салтына қарама қайшы келетін әдеттің бірі. Табиғат жанашырлары жаңа зат сатып ала беруді құптамайды, олар әр әрекетін ысырап деген түсінікті ұстануға бағыттайды.
Қалдықтарды сұрыптау
Zero waste немесе ноль қалдық өмір сүру әдебі экобелсенділердің негізгі қағидасы. Олар әр заттан қалған тұрмыс қалдығын сұрыптап, тазалап, жинап, арнайы қайта өңдейтін орындарға өткізеді. Мұндай принципке тамақтан қалатын түрлі органикалық қалдықты жануарларға азық ретінде беру, бұзылған затты жөндеп немесе оны басқа бұйым ретінде қолдану пластик және басқа да материал түріндегі қалдықтарды арнайы қайта өңдейтін орындарға өткізу, дүкенге өз шопперіңді немесе ыдысыңды алып бару және тағы басқа күнделікті әрекеттер жатады.
Велосипед, самокат немесе электромобиль міну
Мысалы, отандық экологтар Алматы тұмшасының 20%-і көліктен шығатын түтінмен толатынын анықтаған. Автомобиль, автобус және тағы басқа транспорттан шығатын түтін адам ағзасына да зиян екені белгілі. Сондықтан экобелсенділер жақын жерге жаяу баруды, болмаса автобусқа мінуді кеңес етеді. Себебі 70-ке жуық адамның таксиге мінгені мен сонша адамның бір автобусқа мінгенін салыстырсақ, қоршаған ортаны сақтау жағынан автобус тиімді транспорт болады. Болмаса, оның орнына электромобильдер мен велосипед, самокат және электромопедтер қолдану – экологиялық өмірдің тағы бір ұстанымы.
Отандық өнімді пайдалану
Сырттан келетін кез келген тауар транспорттың көмегімен жеткізіледі. Ал транспорттан атмосфераға бөлінетін, шығатын қалдықтар туралы айтып өттік. Осы жағынан алып қарағанда отандық өнімді пайдаланған тиімді. Оның үстіне бұл елдің өзін-өзі қамтамасыз етуіне, отандық брендтердің алға шығуына да септігін тигізеді. Әсіресе көкөністер мен жемістерді жергілікті фермерлерден сатып алған жөн.
Экологиялық құрылғылар мен косметикаларды пайдалану
Тұрмыстық химия мен косметиканың экологияға зиянсыз түрлері бар. Тіпті ондай өнімдер қазір көбірек сатылып жүр. Оларды пайдалану арқылы сумен ағып кететін қалдықтардың жер мен топыраққа, ауаға зиянын алдын алуға болады.
Кайдзен немесе артықтан арылу қағидасы
Кең танымал кайдзен қағидасы артықтан арылуды, ысырапқа жол бермеуді, үнемдеп, негізгі ұстанымдарға назар аударуды насихаттайды. Кайдзенді өмірдің әр сәтінде жүзеге асыруға болады. Осы ұстанымды негізге алып, өміріне енгізген адамды экологиялық өмір салтын ұстанып жүр деп айта аламыз.
Той-жиынды ысырапсыз ұйымдастыру
Еліміздегі тойлардағы кей әрекеттер қоғамда қызу талқыға түсіп, көптің наразылығына ұшырап жатады. Ол бекер де емес. Себебі кейде адамдар ысырапқа, табиғатқа зиян заттарға жол беріп жатады. Наурыз мерекесінде далада пластик ыдыспен наурыз көже ішіп, сосын оны жинамай кету, тойда салют сияқты пиротехниканы қолдану, тамақты шектен тыс дайындап, кейін оны тастау, жиындарда түрлі ойын ұйымдастыру да экологиялық өмір сүру салтының қағидасына келіңкіремейді. Той-жиын неғұрлым көп адамға ұйымдастырылса, соғұрлым көп табиғи ресурс жұмсалады. Сондықтан экобелсенділер әсіресе отырыстарда табиғатқа зиян тигізбеу қағидасын ұстануға кеңес береді. Мысалы, табиғатқа шыққанда бірреттік ыдыстарды пайдаланбау, от жақпау, үлкен жиын-тойда ет сияқты құнарлы тағамдарды көп дайындамау, пиротехника атылуына жол бермеу, көлікке міну арқылы жасалатын шоулардан бас тарту және тағы басқа.
Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.